Шетел асқан қаржыны қайтаруға бола ма?

Бұған елдегі сарапшылар күмәнмен қарайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саясаттанушы Ислам Кураев Литер басылымына берген сұхбатында: Президенттің бұл тапсырмасын орындау ұзақ уақыт алатынын айтқан. Алдымен мемлекет заңсыз шығарылған қаржының Қазақстанға тиесілі екенін дәлелдеуі тиіс. Кейін активтерді бұғаттау жөнінде уағдаласады. Содан соң ғана елдер арасында милиардттарды қайтару бойынша келіссөз жүреді. «Жұмыс өте ауқымды. Оны тек сот қана шешіп бере алмайды. Мұның саяси сипаты бар. Егер мемлекеттер бір шешімге келмесе, істің созбалаңға салынатынын ескеру керек», – дейді ол. Ал елдегі қаржылық мониторинг агенттігі жұмыс басталғанын, қосымша ақпарат жуық арада жарияланатынын хабарлады.

Еске салайық, Мемлекет басшысы қыр асқан қаржыны қайтару жоспарын екі айда әзірлеуді тапсырды. Осы аралықта агенттік кім және қанша қаржыны шетел асырғанын анықтап, тізімді халықаралық ұйымдарға ұсынуы тиіс.

ЗЕЙНЕТАҚЫНЫ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚТЫҢ БАРЛЫҚ ЕЛІНДЕ АЛУҒА БОЛАДЫ

Енді зейнетақыны Еуразиялық экономикалық одақтың барлық елінде алуға болады. Бұл ереже Қазақстанмен қатар, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения тұрғындарына ортақ. Жаңа құжаттың тәртібі де қарапайым. Бар болғаны электронды өтініш талап етіледі. Мамандардың пайымынша, осы арқылы екі арада жұмыс істеп жүргендерге зейнетақы тағайындау мен төлеу, сондай-ақ қаржыны бір мемлекеттен екінші мемлекетке аудару жеңілдейді.

Айта кетейік, бұған дейін «бестік» өкілдері несие мәліметтерін біріктіру жөнінде ұсынысты мақұлдаған болатын. Ол бойынша азаматтарға Одаққа кіретін өзге мемлекетте де кредит рәсімдеу мүмкіндігі берілді.

ЕҢ ТИІМДІ ИНВЕСТИЦИЯ КӨЗІ

Ұлттық банк ең тиімді инвестиция көзін атады. Алғашқы жарна 10 мың теңге. Былтыр бұл соманы отандық компаниялардың акцияларына салу анағұрлым көп пайда әкелген. Кіріс көлемі 37,4%. Ал депозитті теңгемен ашқандардың қаржысы 14%-ке өскен. Салымдарды доллармен сақтағандардың тапқан пайдасы бұдан 3,9 есе аз. Пайызға шаққанда ол 3,63-ды көрсетті. Ең қызығы, Ұлттық банктің мәліметінше, халық жиі таңдайтын алтынның жыл ішіндегі кірістілігі былтыр керісінше, 1,67 процентке төмендеп кеткен.

АҚЫЛЫ ЖОЛДАРДАН ҚАНША ҚАРАЖАТ ЖИНАЛДЫ?

Ал елдегі ақылы жолдардан 8 млрд теңгеден астам пайда түсті. Мамандардың сөзінше, бұл қаржы жолдарды күтіп ұстау мен өзге де қажеттіліктерге жұмсалады. Жалпы елде ұзындығы 682 шақырым болатын төрт жолда қозғалыс ақылы. «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Нұр-Сұлтан – Щучинск», «Алматы – Қапшағай» және «Алматы – Қорғас» тас жолдарынан жыл ішінде 6,9 млрд. теңге жиналған. Тізімді былтыр қарашада тағы 7 жол учаскесі толықтырды. Олар: «Тараз – Қайнар», Шымкенттен Қызылорда, Тараз және  Өзбекстан шекарасына дейінгі аралық, «Талдықорған – Қапшағай», «Көкшетау – Щучинск» және «Нұр-Сұлтан – Павлодар» автожолдары. Олардан бір айдан сәл астам уақыт ішінде 1,2 млрд теңге түскен.

ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ БАР

Елде жастар практикасы мен алғашқы жұмыс орны жобаларына қатысатын мамандардың жалақысы 30 айлық есептік көрсетішке дейін өседі. Сонымен бірге оған қатысу мерзімі 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды. Биыл жастар практикасына кемінде 22 мың адам жіберілмек. Бұдан бөлек, бизнес ашқысы келетін жастарға берілетін грант сомасы 1 млн 200 мың теңгеге дейін артады. Еңбек министрлігі биыл 20 мың жасқа грант беруді жоспарланып отыр. Жастармен қатар әлеуметтік осал топтағы азаматтар да бұл қолдауға үміт арта алады.