Қазақстан тауарының 42% Еуропаға сатылады

Қазақстан экономикасының көрсеткіштері пандемияға дейінгі қалыпқа келді. Былтыр отандық кәсіпорындар шет елдерге жалпы сомасы 60 миллиард долларға тауар сатқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан тауарын сатып алатын негізгі өңір – Еуропа. Былтыр елден экспортталған өнімнің 42 проценттейі Кәрі құрлыққа жөнелтілген. Негізінен көміртек өнімдері, яғни мұнай жеткіземіз. Одан кейін алыс-беріс Азия елдерімен жақсы. Экспорттағы үлесі 35 проценттей. Сондай-ақ өзге елге сатылған тауардың 20 проценттейі ТМД мемлекеттеріне жөнелтілген. Ал енді жеке мемлекеттер бойынша. Кейінгі жылдары Қазақстанның Қытайға экспорты көбейген. Шығыстағы көрші ел бізден 10 миллиард долларға түсті металл сатып алды. 2020 жылмен салыстырғанда 4,7 процентке көп. Одан кейін Италиялықтар қазақ тауарына қызығушылық танытқан. 8,9 миллиард долларға зат алды. Жылдық өсім 34 процентке тең. Үштікті Ресей түйіндеді. Ал жалпы ұзақ мерзімді мәліметке қарасақ, Еуропа елдеріне экспорт азайып келеді. Есесіне 5 жылда Қытай нарығындағы сауда 70 процентке өскен.

ШАРУАНЫ ШАЛҚЫТПАҚШЫ

Ауыл шаруашылығын қолдауға берілетін субсидия екі есе көбеюі мүмкін. Салаға жауапты ведомства басшысы осы мақсатта үкіметтен қосымша 70 миллиард теңге сұрады. Министрлер кабинеті ұсынысты есептеп жатыр. Әрине субсидияны беру тәртібі өзгереді. Қаржы алған шаруаларға нақты міндет қойылады. Мәселен 100 малдан кем дегенде 80 төл алу керек. Оның асыл тұқымды екені арнайы тексеріледі. Егін шаруашылығында да осындай міндеттер бар.

Айта кетейік, елде соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңге бөлінген. Алайда бұл салада ауыз толтырып айтарлық нәтиже жоқ. Қаржы шаруаға жетпей, орта жолда талан-таражға түседі. Мәжілістің бір топ депутаты кеше осындай сын айтты. Олар агроөнеркәсіп кешеніне берілетін субсидияны жоқ дегенде 2-3 есеге көбейтіп, мал шаруашылығын дамыту бағытында ұлттық жоспар әзірлеу керек екенін атап өтті.

ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯ ЖЕМСАУҒА АЙНАЛМАСЫН

Бизнес өкілдері әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның қызметіне шағымданып жатыр. Олардың айтуынша «бұл мекеме, делдалдың рөлін атқарады». Қызметі заңмен реттелмеген. Ортақ ереже жоқ болған соң корпорацияны әрбір әкімдік өзінше басқарады. Мемлекет пен бизнес арасында әріптестік орнатып, өңірлердің экономикасын дамыту мақсатымен құрылған ұйымның шығыны да шаш етектен. 2017 жылды 2 жарым млрд теңге шығынмен аяқтаған. 1 жылдан кейін тағы 15 жарым млрд теңге қаржы желге ұшты. Мәселе мәжілісте де көтерілді. Депутаттар мемлекеттік органдар корпорацияны коррупция құралы ретінде пайдалануы мүмкін деп ашық айтты. Үкіметтен құрылымның құзіретін заңмен бекітуді талап етті. Бұдан бөлек, мәжілісмендер «корпорацияны кәсіпкерлердің ішкі жұмысына араласпайтын қылу керек», – деп санайды. Ұйымның табысын толығымен жергілікті бюджетке жіберіп, топ-менеджерлердің жалақы-сыйақысын, бонустары мен көліктерін мәслихат бекітуі тиіс дегенді және қосып айтты.

AIX ТІЗІМІНДЕ ИНВЕСТОР КӨБЕЙДІ  

Астана халықаралық қаржы орталығында жеке инвестор көбейді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тіркелген инвестор саны 160 мыңнан асқан. Яғни бір жылда биржа арқылы пайда тапқысы келетіндердің қарасы 63 процентке өсті. «Табыс» қосымшасы арқылы олар желтоқсан айында түрлі салаға 2 жарым миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған. Сауда айналымы 4,8 миллионға жетті. Жалпы 2021 жылдың соңғы айында халықаралық қаржы орталығының бір айлық айналымы 14 миллион долларға жуықтаған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 еседей көп. Бүгінде AIX тізімінде 131 құнды қағаз, 84 эмитент, бар. Несиелік капитал 1 миллиардтан асады. Ал жеке капиталы 321 миллион доллар. Ал нарыққа шығарылған компания акцияларының жалпы құны 48 миллиард доллардан асты.