Ресей санкциялары Қазақстан мұнайына кесірін тигізеді

Үндістанның мемлекеттік компаниясы Ресейдің Urals мұнайын және жалпы Каспий құбыр желісі консорциумынан қара алтын сатып алуды тоқтатты.

Яғни FOB қағидаты бойынша сауда жасаудан бас тартқан. Бұл құжат бойынша мұнай экспорттаушы тарап қара алтынды кемеге тиеп бергеннен кейін қауіпсіздігіне жауап бермейді. Геосаясаттағы жағдайға байланысты Үндістан жүкті тасымалдау мен сақтандыру қымбаттап кеткенін алға тартқан. Қазақстанның энергетика министрлігінің мәліметіне қарағанда келісім әлі үзілген жоқ. Егер экспорттаушы ел мұнайды өңдеу зауытына дейін жеткізіп беруді міндетіне алса, Үндістан сауданы жалғастыруға дайын. Бұған дейін Ресей тарапы Үндістанға мұнай жеткізу қиын әрі қымбат екенін айтқан болатын. Ол жақта Таяу Шығыс елдерімен бәсеке жоғары. Десе де, Үндістан үлкен нарық. Қара алтын импорты бойынша әлемде үшінші орында. Қазақстаннан экспортталған мұнайдың 5 проценті осы елге сатылады. Былтыр Қазақстан Үндістанға 3 миллион тоннадан астам мұнай жеткізген.

Сарапшылардың айтуынша, Ресейге салынған санкциялар әсері Қазақстан тауарының экспортына алғаш рет тікелей кедергі келтірді. Сондықтан мемлекет мұндай жобаларды жедел анықтап, олардың ел экономикасына кері әсерін азайту бағытында жұмыс күшейту керек.

Теңге нығайып келеді

Теңге тұрақталып келеді. Дүйсенбі күні төл вплютамыз рекордты деңгейде құнсызданып кеткен еді. Кеше 487 теңгеге дейін нығайды. Елордадағы ақша айырбастау орындарында 490-494 теңгеден сатылып жатыр. Экономикалық сарапшы Ғалымжан Айтқазиннің айтуынша, Ұлттық банк дағдарыс уақытында дұрыс қадамдар жасады. Төл валютаның құнын сақтап, спекулянттардың айласына түсіп қалмау үшін интервенция жасап жатыр. Бірақ бұлай жалғаса беруі мүмкін емес. Оған қордан қаншама қаржы жұмсалады. Сондықтан ұзақ мерзімді жоспарға қарасақ, теңгенің долларға шаққандағы құны арзандауы мүмкін. Бірақ қаншалықты құбылатынын дөп басып айту қиын. Оған Ресейге салынған санкциялардың әсері ықпал етеді. Экономист тұрғындарды асығыс шешім қабылдап, қолдағы бар ақшаны айырбастаудың қажеті жоқ деп санайды.