Елде жанар-жағармай қымбаттай ма?

Шамадан тыс делдалдықты жоя отырып, нарықтық баға белгілеуге және нарықтарды теңгерімді дамытуға жағдай жасау қажет. Ұлттық банк осылайша жанар-жағар майды қымбаттатпауға болатынына сенеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы жартыжылдықта отын құнын асқақтатпауға мораторий жарияланған еді. Мұнай-газ саласы бойынша сарапшы Олжас Байдильдиновтың айтуынша, долларды тізгіндеу мүмкін емес. Алғашқы айларда-ақ төл валютамыз 20 процентке төмендеп кетті. Сарапшы еліміздің импортқа тәуелді екенін ескертті. Бензин өзімізде шығарылса да, оны жабдықтау, қызмет көрсету шетелдік валютаға байланады.

Олжас Байдильдинов, мұнай-газ жөніндегі сарапшы:

Кез келген тауарды өндіруде импорттық материалдар қолданылады. Демек, әлемдік баға, доллардың бағамын айналып өте алмаймыз. Иә, бізде бензин шығарылады. АҚШ валютасы қымбаттаған сайын оның өзіндік құны да өсіп жатыр. Сондықтан мұнай өнімін бір бағада ұстап тұру мүмкін болмайды.  Бірақ үкімет әрекет жасары анық. Оның үстіне теңге мен рубль қатынасын да ұмытпау керек. Мысалы, Еуропада өндіруі қиын мұнай өнімдері бізде шығарылып, сатылуы мүмкін. Бұл жағдай қорға әсер етеді. Бәлкім сол тұста үкімет мұнай өнімдері экспортына тыйымды алып тастайды. Айтылып жатқан шаралар осы болуы ықтимал. Қалай айтсақ та жағдай қалыпты емес.

ОНЛАЙН ИМПОРТҚА КЕДЕРГІ БАР МА?

«Қазтрейд» мәліметінше, биыл әлемдік онлайн платформаларға тағы 70 отандық өндіруші қосылады. Қазір 150 кәсіпкер өз өнімдерін Қытай, Македония, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Еуразиялық экономикалық одақ және Орталық Азия елдеріне сатып отыр. Осы күнге дейін 126 млн доллардың өнімі шетел асты. Әсіресе бал, мұздатылған ет, пластикалық ойыншықтар, электр техникасы, т.б. сұраныста. Бұл тауардың дені Ресей аумағы арқылы тасымалданады. «Қазтрейд» мамандары транзит кезінде кедергілер барын мойындады. Бірақ әр жағдай жедел штаб аясында талқыланып, шешіледі. Қазақстандық тұтынушылар да шетелдік тауарларға тапсырыс беріп отырады. Кей маркетплейстердің өнімі Ресей Федерациясы арқылы жеткізілген. Қазіргі жағдайда импорт мерзімі ұзартылып, баға қымбаттайды немесе жеткізу логистикасы өзгеруі мүмкін.

Дана Амангелдиева, «Qaztrade» АҚ электрондық коммерция және маркетинг департаментінің сарапшысы:

– Америкалық eBay маркетплейсі мен Data Insight агенттігінің бірлескен зерттеуіне сай былтыр елімізге Ресейден 270 млн доллардың онлайн импорты жасалған. Бұл маркетплейстер арқылы импорттың  27%-і. Егер шетелдік тауарлар бұрын көрші ел арқылы жеткізілген болса, олардың онлайн платформалардан жеткізу мерзімі мен құны артуы мүмкін. Бұған доллардың қымбаттауы да себеп.

ОНЛАЙН САУДА ЖАСАП, ОПЫҚ ЖЕГЕНДЕР БАР

Былтыр тауарлар мен қызметтерді сатып алу бойынша 53 млн транзакция жасалды. Оның жалпы сомасы 473 млрд теңгеге тең. Осы онлайн сауданың артықшылығы көп шығар. Кемшілігі де жоқ емес. Мысалы өткен жылы тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне 25 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Оның 5 проценті осы электронды саудаға қатысты. Шағымдардың 55 проценті бөлшек саудаға бағытталған. Тауарын онлайн сатқандардың 13 проценті тұтынушыны алдап, сан соқтырса, 17 проценті сапасыз өнім ұсынған. Комитет сарапшылары наразылық хат жолдаған тұтынушылардың шағымын қарап, айыппұл салуға құқылы. Былтыр мамандарға жүгінген азаматтардың 360 млн теңгесі өндірілді.

Өмірбек Жұмабеков, тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің сарапшысы:

– 2020 жылға қарағанда 20 мың өтініш қарастырылды комитетпен. Жыл сайын көбейіп бара жатыр өтініштер. Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті аумақтың департаменттермен 2021 жылы тұтынушыларға 363 млн теңгеге жуық ақша қайтарылды.

«ҰМАЙ» БАҒДАРЛАМАСЫ ТИІМДІРЕК БОЛА ТҮСТІ

«Отбасы банкі» жастарға арналған бағдарламаларды өңірлерде де жүзеге асырмақ. Ол әзірге Алматы мен Елордада сәтті нәтиже көрсетіп жатыр. Сондай-ақ қаржылық ұйым биыл әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасын жетілдірді. Енді баспанаға инвестиция құйғысы келетін арулардың отбасылық табысы бұрынғыдай 320 мың теңге емес, 640 мың теңгеден аспауы тиіс. Салымшының қолында баспана құнының 15-20 проценті болса, қалғанын банк арқылы рәсімдеуге болады. Азиялық даму банкінің «Отбасы банкіне» берген несиелендіру бағдарламасы былтыр қолға алынды. Жиыны 38 млрд теңге көлемінде бюджет қарастырылған. Сол тұста бөлінген 8,5 млрд теңгеге 954 әйел баспаналы болды.

Марина Орынбаева, «Отбасы банк» АҚ бизнесті дамыту басқармасының басшысы:

– Бұл бағдарлама сұраныс тапқаннан кейін 2022 жылы бөлініп отырған бюджеттің көлемі 14 млрд құрап отыр. Екінші транш бөлінген кезде бағдарламаның жаңа шарттары бойынша отбасылық табысы әйел азаматтың 640 мың теңгеден аспаса, бағдарламаға қатыса алады.