Қазақстандағы ресейлік банктердің жайы не болмақ?

Қазақстандағы ресейлік банктер клинеттерінің 80 процентін жоғалтуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаржылық сарапшы Арман Бейсенбаев осындай пікірде. Оның айтуынша, қазірдің өзінде елдегі ресейлік банктердің клиенттері азайып жатыр. Олар өз салымдарын республикадағы өзге жетекші қаржы ұйымдарына аудара бастаған. Десе де Ресейлік банктердің қызмет көрсетуі тарапынан ешқандай кедергі жоқ. Активтерінің қоры 16 триллион 700 миллиард теңгеге жетеді. Бұл ең аз шекті сомадан 4 есе көп. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де елдегі ресейлік банк бөлімшелері қалыпты жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Айта кету керек, мұндағы депозиттер де Қазақстанның депозитке кепілдік беру қоры арқылы қорғалған. Десе де Сбербанкте  Visa және Mastercard арқылы қаржы аударымдарын жасауда кедергілер пайда бола бастады. Бұған дейін ВТБ банкінде де осындай шектеулер болған. Яғни бұл банктердің картасын қолданушылар қаржы операцияларын тек сол банктің өз ішінде ғана жасай алады. Өзге банктерге аударым жасау, немесе қаржыны өзге банктің банкоматынан шешу шектелген.

Арман Бейсенбаев, қаржылық сарапшы:

- Менің білуімше, қазірдің өзінде қаржылық операцияларды жасауда кедергілер бар. Суифт жүйесі Visa және Mastercard болмаса бұл банктердің қашанға дейін шыдайтыны белгісіз. Сондықтан банктердің картасын пайдалану қауіпті деп ойлаймын. Қаржы ұйымдары елде рубль, теңге, юань арқылы транзакция жасайтын шағын бөлімшелерін ғана қалдырып, ел нарығынан кетуі ықтимал. Ал доллар және еуромен олар әзірге жұмыс істей алмайды.

Ауылшаруашылық саласын субсидиялау жүйесі биыл өзгеріссіз қалды. Бұл туралы ведомстваның ресми сайтында жарияланды. Мәліметке қарағанда шешім егін науқанына дайындық жүргізіп жатқан шаруаның қаржыға дер кезінде қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін қабылданған. Жалпы, биыл елде қанша жерге егін егіледі.

23,1 МИЛЛИОН ГЕКТАР ЖЕРГЕ ДӘН ЕГІЛЕДІ

Биыл ел бойынша 23 миллион 100 гектар жерге дән себіледі. Бұл былтырғы көрсеткіштен 125 мың гектарға артық. Мәселен, бидай алқабы 285 мың гектарға азаяды. Есесіне жем-шөп дақылдарының алқабы едәуір ұлғайтылып, 3 миллион 600 мың гектарға жетеді. Әлемдегі сын-қатерді ескеріп, үкімет егіс пен орақ науқанына бөлетін қаржыны биыл 2 есеге ұлғайтқан. Негізгі қаржыдан бөлек, республикалық қазынадан қосымша 70 млрд теңге бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Оған қоса Азық-түлік келісімшарт корпорациясы  форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша қаржыландыруға 80 млрд теңгеге дейін бағыттайды. Егіс жұмыстарына 400 мың тонна дизель бөлінген. Нарықтағы орташа құнынан 15-30% арзан.

Биыл өндірісті әртараптандыруға басымдық беріледі. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері көптеп егілмек. Жауапты министрлік картоп, қара құмық, қант қызылшасы сынды өнімдердің егіс алқабын ұлғайтуды бақылауға алмақ.

Дәуренбек Әбілда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің бас сарапшысы:

- Бұл орайда картоптың көлемін 5 мың гектарға, қарақұмық былтырғы деңгейде қалады. Сосын майлы дақылдардың көлемі әсіресе нарықта жоғары сұранысқа ие күнбағыс дақылының көлемі және қытай бұршағының көлемін 41 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Сол сияқты көкеніс өнімдердің көлемі де 1,4 мың гектарға артады деген межеміз бар.

ТЫҢАЙТҚЫШТЫ СУБСИДИЯЛАУҒА ₸29,7 МЛРД БӨЛІНДІ

Елдің оңтүстік өңірлері қазірдің өзінде егіс жұмыстарын бастап кетті. Қиындық жоқ емес. Әлемдегі инфляция және доллардың өсуі импорттық техниканың, тыңайтқыштың, тұқымның бағасына әсер етті. Әсіресе тыңайтқыштың құны екі есе көтерілді. Оны шаруаларға қолжетімді ету үшін 29,7 миллиард теңге субсидия бөлінді. Қаржыға 659 мың тонна тыңайтқыш алу жоспарланған. Бұл елдегі егіс алқабын 100 процент қамтиды дейді мамандар. Сондай-ақ отандық минералды тыңайтқыштардың бағасы төмендету мақсатында үкімет пен «ҚазАзот» компаниясы келісімге келді. Оның аясында аммиак селитрасының бағасы 16 наурыздан бастап 200 мыңнан 160 мың теңгеге дейін төмендйді. Жалпы, ел бойынша тыңайтқыш 12 зауытта шығарылады. Олар жылына 1 миллион 100 мың тонна өнім өндіре алады. Ал жергілікті шаруалардың жылдық сұранысы 660 мың тонна ғана. Яғни ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтуға мүмкіндік бар. Тек баға мәселесі реттелу керек.

Төлеутай Рақымбеков, «Ауыл» халықтық-демократиялық  партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Өкінішке орай біз де білеміз. Бір жылдары осындай болатын. Мысалы, Қазақстанда өндірілген тыңайтқыштың өзін көрші мемлекеттерге Қазақстанға қарағанда арзандау сатты. Неге? Қазақстанның фермерлеріне субсидия береді. Айтып отқандай, субсидия бере бастаған кезде тауардың бағасы өседі.

ТӨЛЕУТАЙ РАҚЫМБЕКОВ: СУБСИДИЯНЫҢ БІР ҒАНА ТҮРІ ҚАЛУЫ ТИІС

Субсидия беру жүйесін түбегейлі өзгерту керек. «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай Рақымбек осында пікірде. Оның айтуынша, қазір елде ауыл шаруашылығын субсидяиылаудың 50-ден астам түр бар. Бұл дала жұмыстарымен жүрген диқандарды жаңылыстырады. Қай жеңілдікті қайдан қалай алатынын білмей дал болады. Сондықтан субсидяның бір ғана түрін қалдыру керек деп санайды. Оның айтуынша, жеңілдетілген несие беру де мәселені түбегейлі шешпейді. Өйткені қарызға қаржы алу үшін кез келген банк кепілдік сұрайды. Ол тек ірі шаруаларда ғана бар. Ал отбасылық шаруашылықтар мұндай жеңілдіктен қағылып, дамуы тежеле береді. Сондықтен субсидия тек өндірілген өнімге ғана берілуі тиіс.

Төлеутай Рақымбеков, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары:

- Өндірілген өнімге тікелей субсидия беру керек. Өнімді өндірдің бе? Қайта өңдеу кәсіпорнына бердің бе, субсидияңды ал. Экспортқа шығардың ба, субсидияңды ал. Ішкі нарыққа бердің бе, жеміс-жидек, көкөніс өндіріп отырсың ба, соған субсидияңды ал. Осыған беруіміз керек, ең кем дегенде 300 млрд теңге. Оның сыртында қайта өңдеу кәсіпорындарына 50 миллиард теңге. Ол банкілерден алған несиенің сыйақысын арзандатуға. Сонда 50 миллиард теңге субсидия. Банктерден 500 миллиард теңге кредит ала алады. Сол 500 миллиард теңге фермерлерге бағыттау керек.