Ресейде астық экспортына уақытша тыйым салынғалы қазақстандық шаруалар тығырыққа тірелді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өйткені мұндай шешімге дейін жасалған келісімдер де орындалмай жатыр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына түсіп жатқан шағым көп. Осы астықты Еуразиялық экономикалық одақ аясынан тыс жерлерге сатуға тыйым салынуы мүмкін. Комиссия тарапынан көтерілген бұл бастамаға біздегі шаруалардың көзқарасы қандай?
Қазақстан астықты ішкі сұраныстан екі жарым есе көп өндіреді. «Шаруалардың жоғарғы кеңесі» қауымдастығының тәуелсіз директоры Кирилл Павловтың сөзінше, Еуразиялық экономикалық комиссияның одаққа мүше елдерге астық пен сұйық май сатуға уақытша шектеу қоюды ұсынуы қисынсыз. Ұйым өз мақсатын кейбір ауыл шаруашылығы өнімдері тапшылығының алдын алумен түсіндірді. Алайда біздегі кәсіпкерлер мұндай шектеуге түбегейлі қарсы. Қауымдастық өкілінің сөзінше, әлемдегі астық экспортының 30 проценті Ресей мен Украинаға тиесілі. Демек бұл мемлекеттер осындай экономикалық санкцияны көздеп отыруы мүмкін дейді Кирилл Павлов. Ол мұндай шектеуге жол берсек, қатты шығынға батамыз деген күдігін жасырмады. Қазақстанның астық одағы да экспортты шектеуге қарсылығын білдірді. Евгений Карабанов биыл 3,5 млн тонна астықты экспорттау жоспарланып отырғанын айтты. Онсыз да елдегі ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы шілдеге дейін күнбағыс дақылы мен майын квота бойынша ғана сыртқа сатуға рұқсат еткен еді. Бірақ қазірдің өзінде ресейлік астыққа мұқтаж шаруаларымыз бар. Оның 20-сы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына шағымданды. Еске салайық, көрші ел 30 маусымға дейін астық экспортына шектеу қойған болатын. Алайда тыйымға дейін жасалған келісімдер де орындалмай жатқан көрінеді. Осындай мәселеге тап болған кәсіпкерлер палатаға хабарласа алады. Ал ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев «Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі егіс науқанына 70 млрд теңгеге дейін жеңіл несие бөлінетінін, ал азық-түлік корпорациясы арқылы форвардтық сатып алуға 80 млрд теңге қарастырылғанын жеткізді.
САРАПШЫ: ЕЛДЕГІ САЛЫҚ ЖҮЙЕСІН ӨЗГЕРТУ КЕРЕК
Елдегі шикізат экспортына мониторинг керек. Қаржылық кеңесші Расул Рысмамбетов осылай дейді. Бұл офшорлық компанияларға табысының бір бөлігін шет елде қалдыруына жол бермеу үшін қажет. Өйткені отандық шикізатты офшорлық компанияға алдырып, ол жақтан басқа мемлекетке аттандырып отырған пысықайлар бар. Яғни делдал мен офшорлық компания кірістің бір бөлігін өзіне алып отыр деген сөз. Ал пайдасын Қазақстанға еншілеу үшін ішкі-сыртқы инвесторларға жағдай жасау маңызды. Олар біздегі заңнамадан қорықпауы тиіс. Елде ақша ұстап, қажет болса, соттасуға еркіндік берілуі керек. Сарапшының пайымынша, әділетті заң бар жерде, әділ түрде жұмыс істеуден ешкім де қашпайды. Мысалы, Қазақстандағы салық жүйесі көпшілікке түсінікті емес. Әр тармағын бүге-шүгесіне дейін ежіктеп отыратын уақыт қайда? Расул Рысмамбетов: «Елдегі кәсіп иелерін заңсыз жолға түсіретін бірден-бір себеп осы» дейді. Сарапшы халықтың заң аясында жұмыс істеуі үшін жүйені қайта қарауға кеңес береді. Оның үстіне айыппұл мөлшерін азайту да өзекті мәселе. Расул Рысмамбетов сыртқа шығарылған 10-20 млн доллардан аса қаражатты салық органдары жеке-жеке бақылауы керек деген пікірде. Еліміз бірқатар халықаралық ұйыммен келісім жасаған. Сондықтан ондай мүмкіндік бар.
Расул Рысмамбетов, қаржылық кеңесші:
- Офшорлық компаниялардың бәріне қырың қарауға болмайды. Бірақ Қазақстанда құрылуы тиіс шетелдік компаниялар болады. Алайда біздегі заң жүйесі инвесторға тиімсіз болып, ол одан да Лондонда ашайық деуі мүмкін. Бұл қауіпті офшор. Демек инвестор ақшаның бір бөлігін шетелге шығаруға ниетті. Депутаттар айтып отырғандай, барлық офшорлық компаниямен күрес бастап кетсек, кей әділ инвесторлар бізбен жұмыс істей алмай қалады. Сондықтан бұл ақша кімнің қалтасынан шыққанын да ескеру керек. Расында елден қылмыстық жолмен шығарылған қаражат қайтарылуы тиіс.
SAUDI ARAMCO ГАЗ ӨНДІРІСІН ҰЛҒАЙТПАҚ
Әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы Saudi Aramco 2030 жылға қарай көгілдір отын өндірісін 50 процентке арттырмақшы. Осылайша Джафурада тәулігіне 2 млрд текше фут газ өндіріледі. Қор таусылғанша кен орнына 100 млрд доллар инвестиция құйылады. Былтыр компания кен орнын жабдықтау үшін мердігерлермен 10 млрд долларға 16 келісімшарт жасасты. Ірі тасымалдаушы экспорт көлемін де арттыруға ниет білдіріп отыр. Сауд Арабиясы 2027 жылы ел ішіндегі тұтыну көрсеткішін арттыру арқылы тәулігіне 1 млн баррельге дейін сыртқы нарықты қамтымақ.