Қара тізімдегі тауарлар сайтта жарияланады – Б.Сұлтанов

Ресми сайт sanction2022.kz деп аталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандық кәсіпкерлер барынша сақ болуы керек. Егер Ресей мен Беларуське жеткізуге тыйым салынған тауарды бей-берекет реэкспорт жасаса, санкция салған мемлекеттердің қара тізіміне қосылуы мүмкін. Осының алдын алдын алу үшін Үкімет арнайы сайт жасады. Онда Ресей мен Беларуське экспорттауға және импорттауға тыйым салынған тауарлардың тізімі жарияланады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өзінің әлеуметтік парақшасында жариялады. Ресми сайт sanction2022.kz деп аталады. Мұнда деректер үнемі жаңартылады. Сондай-ақ Ресей нарығынан кетуге шешім қабылдаған компаниялардың да тізімі жасалады. Бақыт Сұлтановтың айтуынша посткеңестік елдердің ішінде Қазақстан бизнес ашуға ең қолайлы мемлекет. Қаржы құйып, кәсіпорын ашам деген инвесторларға жеңілдіктер пакеті қолжетімді.

22 МЛН ТОННА ЖҮК КОНТЕЙНЕРМЕН ТАСЫМАЛДАНАДЫ 

Қазақстан экспорттық тауарды контейнермен тасуға басымдық береді. Осы мақсатта «елдің темір жол компаниясы», Исткомтранс және Fesco көлік компанияларымен бірлесіп, контейнерлік парк құру мәселесін қарастырып жатыр. Жылына 10 мың контейнер өндіруге ниетті. Қазірдің өзінде отандық зауыттардың базасында 20 және 40 футтық темір қораптар жасаудың алғашқы қадамдары басталды. Енді кәсіпкерлердің өз тауарын контейнермен тасуына жағдай жасау үшін жеңілдікпен несие берілмек. Жалпы еліміз шет мемлекеттерге сатылатын 22 миллион тонна тауарды темір жәшік арқылы тасымалдамақ. Ол үшін 117 мыңдай контейнер қажет.

АҚТАУ ТЕҢІЗ ПОРТЫНДА «КОНТЕЙНЕРЛІК ХАБ» ҚҰРЫЛАДЫ  

Кейінгі бір айда Транскаспий халықаралық бағдары бойынша жүк тасымалы 218 проценттей артты. Ресейге салынған санкциялардан кейін Қазақстан тауар тасымалын тоқтатып алмау үшін жаңа жолдарды қарастырып жатыр. Соның бірі Каспий теңізі арқылы. Жыл соңына дейін  мұндағы порттан тиелетін жүк көлемі үш есе көбейюі мүмкін. Тауардың тасымалындағы кедергілерді жою үшін Қазақстан Батысқа баратын балама жолдарды қарастыра бастады. Экспорттық жүктер Латвия порттарына және Транскаспий халықаралық көлік бағдарына бағытталады. Яғни жүкті Ақтау-Құрық порты арқылы Бакуге, Одан әрі Әзірбайжан-Грузия Темір жолымен Батуми портына жеткізуге болады. Сондай-ақ Баку-Тбилиси-Карс-Түркия арқылы Еуропа порттарына шығауға мүмкіндік бар. Осыны тиімді падалану үшін Қазақстан Әзербайжан, Грузия және Түркия бірлескен кәсіпорындар құру бойынша келісімге келген. Алдағы уақытта Ақтау теңіз портының арнайы экономикалық аймағында «Контейнерлік хаб» құрылмақ.  Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл транскаспий көлік бағыты бойынша жүк тасымалын жолға қоюға мүмкіндік береді.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Жеке бизнесті тарта отырып, сауда флотын 4 пароммен толықтыру жоспарлануда. Биыл шамамен 4 млн тонна экспорттық жүкті қайта бағдарлауды ескере отырып, Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы тасымал көлемін 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.

ҚҰРЫЛЫС ЗАТТАРЫ ҚЫМБАТТАП БАРАДЫ

Елде құрылыс материалдарының құны шарықтап барады. Бұрын жылында немесе маусымында бір қымбаттайтын заттар қазір күн санап өсіп жатыр. Құрылысшылар одағының мәліметі бойынша ақпанның өзінде арматура 25 процентке қымбаттады. Сондай-ақ кірпіш 5, цемент, линеолиум 7 процент өсті. Сантехникалық, электрикалық жабдықтардың құнына 15 процент қосылған. Одақ төрағасы Талғат Ерғалиевтың айтуынша, құрылысқа қажетті мыңға жуық тауардың 46 проценті тек қана шет елден тасымалданады. 54 проценті елде шығарылады. Бірақ отандық өнімнің көлемі ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан импорттың үлесі 60-70 процентке дейін барады.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:

Зауыттарымыздың саны аз. Бәсекелестік аз бізде. Отандық құрылыс материал шығаратын зауттардың ішінде бәсекелестік аз. Сырттан келіп, нарықты жаулап алған басқа мемлекеттің тауарлары. Өз тауарларымызды өзімізге дамуына әзірге күш болмай жатыр.  Зауытты ашқаннан кейін 1,5-2 жыл ішінде Үкіметтен көмек болмаса, зауыт тауарларын әрі қарай дамыта алмайды. Көп зауыттардың ашылып, жабылып қалып жатқаны, жұмысв істей алмай жатқаны сондықтан.

ҚАНТ ЭКСПОРТЫНА ШЕКТЕУ ЕНГІЗІЛМЕК

Қазақстан қант экспортына тыйым салмақ. Мұндай бұйрықтың жобасын сауда және интеграция министрлігі әзірледі. Құжат 4 сәуірге дейін қоғамның талқылауына ұсынылды. Егер қабылданса, қантты шекара асыруға алты айға шектеу енгізіледі. Айта кетейік, бұған дейін Ресей шекерді шекара асыруға тыйым салған еді. Іле-шала бізде қант қымбаттады. Министрліктің мәліметіне қарағанда елдегі қоймаларда үш айға жететін қант қоры бар. Оны молайту үшін Қазақстан қант шикізатын жеткізушілермен жан-жақты келісімді бастады. Себебі тамыздың соңына дейін 250 мың тонна қантты кеден салығынсыз кіргізуге мүмкіндік бар.

ҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫ ҚАНША ҚАРЫЗ БЕРДІ

Ақпанда қаржы ұйымдары ел экономикасына 19 миллиард теңгеден астам несие берді. Оның 17 миллиардтайы теңгемен, 2 миллиардтайы шетел валютасымен берілген. Бір айдағы өсім 3,3 процент. Ал жылдық өсім 31 проценттен асады. Бұл туралы ұлттық банк жариялады. Мәліметке қарағанда жалпы соманың 11 миллиардтайы жеке тұлғалар, 8 миллиардтайын заңды  тұлғылар алған.

Айта кетейік, ақпанда азаматтарымыз 392 жарым миллон теңгеге шет ел валютасын сатып алды. Қаңтармен салыстырғанда 3,4 процентке көп. Әсіресе доллар алушылар екі еседей көбейген. Ал еуро мен рубль айырбастайтындар керісінше азайған.