Ипотека несиесі 5% болуы мүмкін бе?

Қазақстан құрылысшылар одағы тұрғындарды жылжымайтын мүлікке инвестиция құюға ынталандырмақ.

Бұл үшін мемлекеттік субсидия есебінен ипотекалық несие мөлшерлемесін 5 проценттен асырмау керек әрі барлық ипотекалық өнім сақталуы тиіс. Осылайша құрылыс саласына қарқын беріп, ел экономикасын одан әрі нығайтуға жол ашылады.

Құрылысшылар үлескерлік құрылыс туралы заңды да өзгерту керек дейді. Инфрақұрылымдық жобаларға мемлекеттік тапсырыс үлесін екі есе арттыру маңызды. Қазір халық үшін баспана мәселесін шешу оңай емес. Бағаны тізгіндеу мүмкін болмай барады. Сарапшылар құрылыс материалдарының 60 проценті сырттан алынатынын айтады. Бұл елде өндіріс жоқ дегенді білдірмейді әрине. Құрылыс материалдарының 54 проценті отандық өнім. Бірақ саладағы сұранысты толық қамтуға жеткіліксіз әрі шикізаттың дені сырттан алынады. Осы ретте мамандар пандемияға дейін баға құрылыс маусымында шарықтайтынын еске алды. Қазір ай сайын өсіп жатыр. Нарықты импортқа тәуелділіктен арылту үшін жол картасы әзірленуде. Алдағы үш жылда барлық өңірде жаңа зауыттар ашылады. Олар сырттан келетін материалдардың жартысынан көбін шығаратын болады. Ал көпшілік елдегі ипотекалық бағдарламалардың тиімділігін көріп қалуы тиіс. 

Зергерлік бұйымдардың 90% сапасыз

Қазақстандықтар бір жылда әшекей бұйымдарға шамамен 10 млрд теңге жұмсайды.  Биыл бұл көрсеткіш әдеттегіден асатын сыңайлы. Оған бағаның өсуі ғана емес, сұраныстың артуы да себеп. Әлемдегі экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан 2 айда алтын бұйымдар 5 процентке көп сатылған. Оның бір проценті ғана отандық өнім. Қалғаны Ресей, Түркия, БАӘ жеткізілген. Алтын, күмісті жарқыратып жүретіндердің 4%-і әшекейін тапсырыспен жасатады екен. Қалғаны нарық ұсынғанын місе тұтады. Қазір әлемдегі алтынның бір унциясы 1900 доллар шамасында. Бұл өз кезегінде әшекейлердің қымбаттауына алып келгені анық. Өкінішке орай, кей тұтынушы қыруар ақшаны аңдаусызда жасанды бұйымға жұмсап қоюы мүмкін. Зергерлер лигасының өкілдері отандық нарықтағы әшекейлердің 90 проценті сапасыз, тіпті денсаулыққа зиян қоспасы бар өнім екенін айтады. Олқылықтың орнын толтыру үшін елімізде зергерлік бұйымдарды электронды таңбалау бойынша пилоттық жобасы іске қосылуы тиіс. Ол арқылы әр тұтынушы өнімнің тұпнұсқалығына көз жеткізеді. Тіпті сапасыз бұйымға шағым айта алады. Беларусьтер сәтті пайдаланып жүрген нәтижелі жоба ЕАЭО аумағында жалғасын табуы мүмкін деген жоспар бар. Осы одаққа мүше елдердің зергерлік бұйымдары әлемдік нарықтың 1-2 процентін ғана қамтиды. Көрсеткішті арттыру үшін Еуразиялық зергерлік экспорт бюросы құрылды. Оның жетекшісі Қайсар Жұмағалиев қазақстандық өндірістің алға жылжуына тазартылған шикізатты қосымша құн салығынсыз алу мүмкіндігінің жоқтығы кедергі боп тұрғанын айтады. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін ішкі стандарттарды қамту керек.  Сарапшы қолданыстағы талаптардың қара нарыққа жол ашып тұрғанын айтты. 

Англияда жеті АЭС салынады

2050 жылы Ұлыбританияда 7 атом электр стансасы бой көтеруі мүмкін. Бұл Ресейге қарсы санкция аясындағы елдің энергетикалық тәуелсіздігін арттыруға бағытталған шара. Жаңа энергетикалық стратегия алдағы бейсенбіде жария етіледі. Онда 2030 жылға қарай ірі екі станцияның салынатыны хабарлануы ықтимал. Бұл енді болашаққа жоспар ғой. Ал қазір мемлекетте газ бен электр қуатының 54 процентке қымбаттап кетуіне байланысты 25 ірі қалада жаппай наразылық шаралары өтіп жатыр. Қымбатшылық салдарынан елдің жылдық ЖІӨ ақпанда 30 жылдағы ең үлкен  көрсеткішке жетті.