Шекарадағы кептеліс азаяр күн жақын

Қазақ-қырғыз шекарасында жүк еркін тасымалданады. Тараптар осындай келісімге келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше ғана қазақ-қырғыз шекарасында 300-ден аса жүк көлігі тұрып қалды. Кейде мұндай кептеліс бірнеше шақырымға ұласып кететін. Бұл кикілжің Дүниежүзілік сауда ұйымының назарына іліккен. Әзірге жағдайды ушықтырмау үшін көрші ел кедендік бақылау қызметін күшейтпек. Дегенмен алдағы уақытта қос ел шекарасында жүк еркін тасымалданады. Тараптар осындай келісімге келді. Жүк тасымалдаушылардың қолында электронды шот фактура мен ЕАЭО-тың басқа елдеріне транзит екенін дәлелдейтін құжат болса, бақылау жүргізілмейді. Ал тіркелмеген тауардың бар-жоғы инспекциялық бақылау кешені арқылы анықталады. Заңсыз тауар елге қайтарылады.

ҚАНТТЫҢ 58% ИМПОРТТАЛАДЫ

Бір жылда елдегі қант құны 52 процентке қымбаттаған. Әзірге зауыттар дайын өнімнің келісін 420 теңгеден сатып жатыр. Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиеваның айтуынша, өнімнің қымбаттауына себеп көп. Ең алдымен биржадағы сауда-саттық нәтижесі осындай. Оған геосаяси жағдайды қосыңыз. Салдарынан тасымал қиындаған. Шикізат не қанттың өзін Қара теңіз порттарынан жеткізу үшін кеме иелері әскери сыйақы сұрайды. Оған көнбеске амал жоқ. Өйткені нарықтағы қанттың 57 процентін сырттан әкелеміз. Тамыздың соңына дейін Үкімет 350 мың тоннадай қант және қант құрағын баж салығынсыз импорттауға келісім жасады. Айжан Наурызғалиева мұның елдегі зауыттардың тоқтаусыз жұмыс істеуіне мүмкіндік беретінін айтты. Ресей мен Беларусь өнім экспортын шектегелі, олармен байланыс орнатқан өзге мемлекеттер тауарын бізге сатуға әрекет етері сөзсіз. Әзірге Әзербайжан, Үндістаннан келетін қантты тұтына тұрамыз. Еске салайын, былтыр елге 308 мың тонна қант импортталды.

Айжан Наурызғалиева, Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті:

– Мамыр айында Еуразиялық экономикалық комиссияның кезекті отырысы өтеді. Сол кезде Ресейдегі қант экспортына шектеу қойылғанға дейінгі келісімдерді түгел орындауға мүмкіндік берілуі ықтимал. Алдын ала төлем жасаған зауыттар бар. Мысалы кондитерлер мен тәтті сусын өндіруші кәсіпорындарымызға 60 мың тонна қант жеткізілуі керек. Ал ішкі нарықты отандық өніммен қамту үшін қызылша өсіретін жер телімдерін кеңейту маңызды. Жалпы жүйені қайта жаңғырту керек. Сонда ғана түйткілдер шешімін табар еді.

Соңғы бес жылда елде қолданылатын қант мөлшері 100 мың тоннаға артқан. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы 582 мың тоннасын жеп отырғанымызды айтты. Яғни әрбір қазақстандыққа 30 келіден тиеді. Әрине, мақтанарлық мәлімет емес. Жергілікті зауыттардың толық қуатта жұмыс істеуі үшін шикізат жоқтығын айттық. Бірақ, ең қорқыныштысы басқа екен. Мамандар қантқа сұраныстың артуы жақсылықтың нышаны емес дейді. Онсыз да азық-түліктің 80 процентінде қант кездеседі. Оған шекерді қосайық. Салдарынан сусамыр дертіне шалдығу дерегі жиілеп кеткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға қарай елдегі науқастар саны 1 млн-ға жететіні ескертті.

АЛДАҒЫ 100 ЖЫЛДА 2 МЛН БИТКОИН ӨНДІРІЛЕДІ

2140 жылы әлемдегі биткоин өндірісі тоқтайды. Оның шекті мөлшері 21 млн-ға тең еді. Сарапшылар биылғы сәуірге дейін токендердің 90 проценті игеріліп қойғанын айтады. Құпия сөзді ұмытқандардың криптоәмиянында цифрлық валютаның 20 проценті келмеске кетті. Goldman Sachs сарапшылары жыл басында жаһанда криптовалютаға 767 млрд доллар салынғанын хабарлады. Бірақ бұл тәуекелі көп актив. Қаржы кеңесшілері  жинаған инвестицияның 10 процентін ғана криптовалютаға салуға кеңес береді. Өйткені сәт сайын құны құбылатын цифрлық валюта әмияныңызды қампайтып қоймай, шығынға да ұшыратуы неғайбыл. Сол себепті, Астана халықаралық қаржы орталығындағы бірінші лицензияланған крипто-брокер клиенттердің инвестиция жасауға дайындығын екшеп алады. Көп жағдайда азаматтар капиталын жоғалтуға әзір болмай шығады. Десе де қазақстандық брокерге жүгінетіндер көбейген. Соңғы жылдары мұнда 7 мемлекеттің инвесторларына криптовалютаны сату, сатып алу, айырбастау, сақтау сынды қызметтері көрсетіледі. Клиенттердің атынан трейдинг жасау да жүзеге асырылады. Елімізде криптовалюта төлем құралы ретінде танылмайды. Бірақ Астана халықаралық қаржы орталығы аумағындағы ерекше құқықтық режим негізінде цифрлық валюта айналымына кедергі жоқ.  Айтпақшы, әлемдік криптовалютаның 18 проценті бізде өндіріледі.

Жансая Орынғазина, крипто-брокерлік компанияның өңірлік жетекшісі:

– Әлемде криптовалютаны ақша ретінде пайдаланудан бұрын  инвестиция ретінде пайдалануға қызығушылық өте жоғары. Мысалы, биткоинның өзін алсақ, 2009 жылы биткоин сатуға түскеннен бастап, оның құны 0,0 цент болғаннан қазір 43 мың долларға дейін жетіп отыр.  Әрбір 4 жыл сайын биткоин майнерлерінің алатын сыйлық ретінде алатын жаңа биткоиндар 4 жыл сайын кеміп отырады. Ол халвинг деп аталады. Осы 4 жылдық статистикадан кейін биткоинның құны 10 есе өскені байқалған. Сондықтан инвесторлар бұл биткоинды өседі деп сенімділік білдіреді.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ДАҒДАРЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН $1,3 ТРЛН ҚАЖЕТ

2030 жылы әлемдегі энергияға сұраныс ұсыныстан 20 процентке көбейеді. Сондықтан салаға тағы 1,3 трлн доллар инвестиция қажет болады. Америкалық банк сарапшылары осылай дейді. Жылдам әрекет етпесек, энергетикалық дағдарыстың ауылы алыс емес сияқты. Жыл сайынғы баяндамада энергия көздері ретінде көмір, газ, мұнай өндірісі де пысықталуы тиіс делінген. Өйткені бар күшті жасыл энергетикаға ғана жұмсау тиімсіз екенін уақыт көрсетті. Алдағы уақытта дамушы мемлекеттер кедейшілік деңгейін арттырмаудың қамын күйттейтін болады.