Таратылған сегіз банктің депозиттері БЖЗҚ-ға аударылады

Халықаралық сарапшылар 2008 жылғы экономикалық дағдарыс қайталануы мүмкін дейді. Ол кезде АҚШ-тағы баспана құны шарықтап, нарықтағы жағдай тұтас әлем елдерінің әлеуетін әлсіретті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар биыл да тұрғын үй қымбаттайды деп отыр.

САРАПШЫЛАР: ХАЛЫҚҚА ЖЕҢІЛ ИПОТЕКА КЕРЕК

Бір жылда АҚШ-тағы баспана 19,2 процентке қымбаттап, рекордтық деңгейге жетті. Халықаралық сарапшылар баға өсе беретінін болжайды. Бұл жаһандағы қымбатшылыққа себеп болары даусыз.

Былтырдан бері елімізде жаңадан салынған баспана құны 20 процентке артқан. Екінші нарықтағы үйлер 28 процентке қымбаттады. Қазір құрылысшылар жаңа жобалармен жұмыс істеп жатқан жоқ.

Қауымдастық президенті Виктор Микрюковтың айтуынша, тәуекел етпеуге себеп көп. Ең алдымен құрылыс нарығындағы дефолт күдігі сейілген жоқ. Қазір банктер баспана қарызын 20-25%-пен беріп жатыр. Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев халыққа 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңіл ипотека ұсынатын уақыт жеткенін айтады. Бар үміт Үкіметте. Күзге қарай елдегі құрылыс нарығы Ресейге салынған санкция салдарын сезіне бастайды. Өйткені материалдың дені импортталатыны белгілі. Демек жаңа жылға қарсы баспана құны тағы да шарықтай түседі. Әзірге үйге тапшылық жоқ. Бірақ елдегі құрылыс қарқыны айтарлықтай бәсеңдеген. Мысалы, биылғы жоспар бойынша 16,2 млн шаршы метр баспана салынуы тиіс еді, 2023 жылы 17,7 млн шаршы метрі бой көтеруі керек-тін. Алайда бұл сан едәуір қысқарған. Индустрия және инновациялық даму министрлігі 2025 жылға дейін елде 11 трлн теңгеге баспана салынатын айтты. 866 мың шаршы метрдің 6 проценті – әлеуметтік тұрғын үй. Оған 675 млрд теңге қарастырылған. Бұл «Қуатты өңірлер» ұлттық жобасы аясындағы жоспар.

Талғат Ерғалиев, ҚР құрылысшылар одағының төрағасы:

- Бір ай бұрын жаңа бағдарлама қабылданды, 4 жылда 62 мың шаршы метр салуға тиістіміз. 4 жылға бөлгенде 15-ақ млн шаршы метр шығады. Біз 16-17 млннан қайта кері көрсеткіштерімізді де төмендетіп жатырмыз. Ол дұрыс емес. Әрине, ол экономикаға әсер береді. Былтыр ЖІӨ көрсеткіші 3,8 болып еді, қазір 2,21. Ол ендігі жылы тағы да түсе береді, егер қазір қаражатты экономикаға салмасақ.

ИГЕРІЛМЕГЕН ДЕПОЗИТ ЖИНАҚТАРЫ БЖЗҚ АУДАРЫЛАДЫ

Мамырдың соңына дейін елде таратылған 8 банктің депозиттері бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2,3 млрд теңге іздеусіз қалғанын хабарлады. Оны бірінші мамырға дейін онлайн түрде не банктерге барып, алу қажет.

Тек басқаларынан сәл кейінірек тараған Capital Bank Kazakhstan-ның салымшылары жинағын 3 шілдеге дейін шешуге құқылы. Қор төрағасы Әділ Өтембаевтың айтуынша, тараған банктерден 113,1 млрд теңге көлеміндегі жинақ шешілген.  Көрсетілген мерзім ішінде өтініш бермеген азаматтың ақшасы жеке зейнетақы шотына аударылады. Толық ақпаратты 1460 нөмірінен біле аласыздар.

ӘЛЕМДЕ ЭНЕРГИЯ РЕСУРСТАРЫ 50% ҚЫМБАТТАЙДЫ

Жаһандағы баға 2023-2024 жылдары ғана төмендейді. Оған дейін азық-түлік 23 процентке, ал энергия ресурстары тағы 50 процентке қымбаттайды. Бүкіләлемдік банк болжамы осыған саяды. Оған пандемия және Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыс салдары себеп. Бүгінде жаһандық инфляция 40 жылдағы ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Биыл ауыл шаруашылығы өнімдері мен металл 20% дейін өседі. Баға келесі жылы сәл төмендейді, бірақ негізгі салмақ азаймайды. Банктің вице-президенті Индермит Гиллдің сөзінше, Ресей мен Украина арасындағы соғыс инфляцияны ұзартып, экономиканың таза энергияға көшуін біршама кешіктіруі ықтимал.

Осы Ресей аумағында қызметін тоқтатқан Visa компаниясы 60 млн доллар шығынға батты. Жалпы жыл жаман басталған жоқ. Алғашқы үш айда кіріс 7,2 млрд долларды құраған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 25 процентке көп. Ал таза табыс 3,6 млрд долларға теңесті. Бұл да өткен жылға шаққанда 21% жоғары. Бірақ компания соңғы үш-алты айлық кезеңде Ресейдегі еншілес ұйымды декон-солидациялау нәтижесінде 35 млн доллардай әкімшілік шығын көрді. Сондай-ақ Ресей мен Украинадағы қызметкерлерін қолдау үшін 25 млн доллар жұмсаған. Жарты жылда Visa компаниясы Ресейдегі операциялар нәтижесінде кірісінің тек 4 процентін ғана алған көрінеді.