Еліміздің экспорт көлемі импорттан артты

Жылдың бірінші тоқсанында елдің төлем балансы профицитпен қорытындыланды. Яғни қазынаға қосымша 2,2 миллиард доллар түскен.

Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр бірінші тоқсанда керісінше 1,6 миллиард доллар кем болған еді. Осылайша республиканың төлем қабілеті 2020 жылдан бері алғаш рет профицитке шықты. Сондай-ақ биыл шетелден сатып алғанымыздан көрі сатқанымыз көбейді. Қаңтар мен наурыз аралығында біздің ел өзге мемлекетке 19 миллиард долларға тауар экспорттап, 9,1 миллиард долларға импорт жасады. Мұнда да айырмашылық 9,9 миллиард доллар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш еседей көп. Ұлттық банктің мәліметіне қарағанда төлем балансында табыстың артуына әлемде шикізаттың қымбаттауы әсер етті. Әсіресе Қазақстан негізгі экспорттық тауары мұнай бірінші тоқсанда 38 процентке қымбаттады. Осылайша кіріс көбейген. Ресейде де жағдай осыған ұқсас. Көрші елдің орталық банкінің болжамы бойынша мұнда профицит 145 миллиард долларға жетіп, рекорд жаңартуы ықтимал. Өйткені санкцияға байланысты Ресейге келетін импорт тауарлар күрт азайып кетті. Есесіне шикізат әлі экспортталып жатыр.

Шағын бизнеске несие беру көбейді

Елдегі екінші деңгейлі банктер шағын бизнеске несие беруді көбейтті. Ұлттық банктің мәліметіне қарағанда 1 сәуірге дейін қаржы ұйымдары шағын кәсіпкерлерге 4,53 триллион теңге қарыз берді. Ал ақпанның біріне дейін бұл көрсеткіш 3,58 триллион болған еді. Яғни ақпан мен сәуір аралығында несие көлемі 26,5 процентке өсті. Қаржының 3,74 триллион теңгесі заңды тұлғаларға, 785 миллиарды жеке тұлғаларға тіркелген. Өңірлер бойынша алсақ, кәсіпкерлерге қарыз беру бойынша Алматы қаласы көш басында тұр. Шаһарда шағын бизнес өкілдері 2,5 триллион несие рәсімдеген. Нұр-Сұлтанда 628 миллиард, Шымкентте 159 миллиард теңге берілді. Шағын кәсіпкерлері несені ең аз алған өңір Түркістан облысы. ЛС сайтының мәліметінше, несие алушылардың басым бөлігі саудамен және өндіріспен айналысатын компаниялар.

Демалыс орындарының ақысы қымбаттады

Елде жазғы демалыс орындарының ақысы қымбаттап барады. Мәселен, Алакөлде тынығу құны биыл 30 процентке өскен. Мамандардың айтуынша, оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, валюта бағамының құбылуы, инфляция және тауардың қымбаттауы. Десе де, жазғы демалыс қарсаңында Балқаш, Каспий, Бурабай, Алакөл бағыттарындағы тур пакеттерге сұраныс басталған.

Айта кету керек, өткен жылы ел ішін аралаған отандық туристер саны 7 миллионға жетіп, рекорд жаңартты. Алайда шет елден келетіндер екі еседей азайған. Қонақтардың 80 проценті жеке жұмыс мақсатымен келген. Сондықтан тең жартысы қонақүй емес, таныс-тамырлары, ағайын-туысының үйіне түскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда шетелдік қонақ орташа 5 күнге келеді. Әкелген қаржысының 10 проценті ғана қонақүй жатын орынға жұмсайды. Республика бойынша қонақүйлерде 4 мыңдай орын бар. Орташа құны 7 мың теңге шамасында.