Зейнет жасы қайта қаралуы мүмкін

БҰҰ дерегінше, 2050 жылы әрбір алтыншы адам 65 жастан асады. Демек, адамзат қартайып барады. Бірақ барлық мемлекетте қариялардың алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасала бермейді.

Мамырда қазақстандықтардың орташа зейнетақы мөлшері 105 мың теңгеден асты. Бір айдағы өсім 151 теңге. Бұл үшін республикалық бюджеттен 235 млрд теңге жұмсалған. Оның 71 млрд базалық зейнетақы. Қазір елімізде 2 млн аса адам зейнет жасында. Олардың саны анағұрлым көп болар ма еді? Бірақ 2017 жылы әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа дейін жеткізу шешімі қабылданды. Бірден емес, 2027 жылға дейін кезең-кезеңмен ұлғайтылады. Биыл 60-тан асқандардың кезегі келді. Бірақ қазақстандықтар елдегі зейнеткерлік жасын төмендетуді сұрап жүр. Жақында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бұл мәселенің жыл соңында қарастырылуы мүмкін екенін айтты. Алдымен әлеуметтік кодекс аясында талқыланады.

Ералы Тоғжанов, Премьер-министрдің орынбасары:

- Халықаралық тәжірибені де қараймыз. Адамды зейнетке жібермес бұрын әуелі оның зейнетақысының қандай деңгейде қалыптасатынын есептеу керек, елмен ақылдасамыз. Зейнетке ерте шыққан соң зейнетақы көлемі төмен болуы мүмкін. Сондықтан жылдың аяғына дейін осының бәрін ақылдасамыз.

Ал экономист Сапарбай Жобаев әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ұзарту себебін еске салды. Мәселе 2015 жылы талқылана бастаған. Ол тұста бұл шешімнің дұрыс екеніне айғақ көп-тін. Елде әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 67-77 жыл болса, еркектер 67-68 жыл жасайды. Ал 1998 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан азаматтар зейнетақы шотын өздері толтыруы тиіс. Есептей келе олардың көп қаржы жинай алмайтыны белгілі болды. Қорды толтыруға мүмкіндік ретінде зейнет жасын ұзарту қажет болған. Сапарбай Жобаев биылғы бюджет 18 трлн теңге дейді. Оның 4-5 трлн ұлттық қордың ақшасы. Міне осы қазынаның 2-3 трлн теңгесі зейнетақыға жұмсалады. Сарапшы зейнет жасын төмендету бюджетке салмақ салатынын айтады. Оның ойынша, көп балалы аналар, қорында жеткілікті ақшасы бар немесе зиянды жұмыс істейтін әйелдерге ғана сондай жағдай жасалу керек. Ол "әйелдердің зейнет жасын ұлғайтпаған кезде қазіргі шығын 4 трлн теңгеден асып кетер еді" дейді.

Сапарбай Жобаев, экономист:

- Жасты бұрынғыдай 58-ге қайтаратын болсақ, бүгінгі күнде Қазақстандағы ең кіші кепілдендірілген 19 мыңдық зейнетақы алып жатқан адамдар бар. Олардікін біз не 15 мыңға түсіруіміз керек пе? Олардікін еш болмаса минималды себетке, 36 мыңға көтеру мақсатын көтеріп жатырмыз. 36 мыңға көтеретін болсақ, ұлттық қордан бүгінгі күндегідей 4-5 трлн, 6-7 трлн алып, ұлттық қордағы ақшаны 5-6 жылда ада қылуымыз керек. Осыған шешім қабылдайсыздар ма? Осы мәселені өте үлкен, асықпастан шешуіміз керек.

Әлемдегі зейнетақы қалай есептеледі?

Ал әлемде зейнетақы азаматтардың еңбекке қабілеті бар кезінде алған орташа жалақысына сәйкестендіріледі. Осылайша ((графика)) Хорватия зейнеткерлеріне жалақының 129%-і, Түркияда 102, ал Нидерландта 101%-і есептеледі. Қытайда бұл мөлшерлеме 83 процентке тең. Жапония, Корея және өзге де Балтық маңы елдерінде көрсеткіш 40%-тен аспайды. Еуроодақта - 67% шамасында. ((видео)) Зерттеулерге сүйенсек, ең жетілген зейнетақы жүйесі Исландия, Финляндия және Данияда жүзеге асырылады. Оған зейнеткерлердің кірістілігі ғана емес, жүйенің тұрақтылығы, медициналық және әлеуметтік қолдаулардың қолжетімділігі, тіпті қарттарды жұмыспен қамту мүмкіндігі де назарға алынады. Бүкіләлемдік банк сарапшылары зейнетақы қорлары тығырыққа тірелетінін болжайды. Себебі жаһанда медициналық қызметтер жетілдіріліп, адамның өмір сүруі ұзарды. Сол себепті "зейнет жасын ұлғайту қажет" деген пікірде.