Қытай Ресей мұнайын импорттауды арттырды

Қытай Шығыс Сібір-Тынық мұхиты құбыры арқылы жеткізілетін ресейлік мұнай импортын арттыруда.

Бірақ ковидтің қайта өршуіне байланысты елдегі энергия ресурстарына сұраныс төмендеп барады. Сондықтан кейбір сатып алынған баррельдер жерүсті қоймаларына түсуі мүмкін деп хабарлайды profinance сайты. Vortex кеме қатынасы компаниясының мәліметінше, осы айда Козьмино портына жүктелген 21 мұнай танкерінің 20-сы Қытайға жүзіп барады. Қытай басқа сатып алушылардың көпшілігі бас тартқан Ресей мұнайын көптеп сатып алып жатыр. Шығыс Сібір-Тынық мұхиты құбыры арқылы өтетін мұнай қытайлықтар үшін ең тартымды өнім. Өйткені оны алыстан әкелудің қажеті жоқ. Коронавирустың жаңа толқынына байланысты қара алтынға сұраныс қалай болатыны белгісіз. Бірақ Пекин Мәскеумен арзан ресейлік мұнайды алып, стратегиялық қорларын толықтыруға ниет білдіріп, осы бағытта келіссөздер жүргізіп жатқаны жазылған.

Теңгенің долларға шаққанда бағамы нығайды. Егер рубль қымбаттай берсе, төл ақшамыз одан сайын нығайып, бір доллар үшін 400 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Ерлан Бияқаев осылай дейді. Бірақ нарықтағы жағдай күнде құбылады. Сондықтан сарапшының пікірінше, теңгелік депозиттер бүгінгі таңда жинақты сақтаудың ең сенімді құралы. Әрине олардың кірісі аз. Бірақ салымдар Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен қорғалған.

Нұржан Бияқаев, банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы:

- Теңгенің нығаюы бір жағынан жақсы. Ұлттық валютамыздың әлемнің негізгі валютасына шаққанда нығайғаны қуантады әрине. Бірақ екінші жағынан, біз Ресей рубліне қатысты позициямызды жоғалтып жатырмыз. Бұл Ресеймен сауда қатынасына теріс әсер етуі мүмкін. Бұның қанша уақытқа созылатынын айту қиын. Ол импорттық тәуелділікке және жалпы қос елдің сауда қатынасына және жалпы Еуразиялық экономикалық одаққа байланысты.  Мүмкін болашақта Қазақстанға одақтан шығу керек болар.   

Жалпы қазір теңгенің тұрақталуы ұзаққа бара ма? Оны дөп басып айту қиын. Өйткені қазір әлемдік нарық пен валюта бағамдарына сыртқы геосаси жағдай әсер етеді. Екі апта бұрын теңге доллар жұбында төл ақшамыз құнсызданған. Ал кеше отандық қор биржасындағы сауда-саттық нәтижесінде бір доллар 416 теңге болып тіркелді.