476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстандықтар алтын құймаларын сатып алуды азайтып жатыр

  • 618
  • UPD: 11:50, 27.05.2022

Сәуірде 61 келісі ғана саудаланды. Бір айдағы көрсеткіш осындай. Негізінен құймалардың көбі Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында сатылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сәуір айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 61,3 кг алтын құймасы сатылды. Бұл наурыздағы көрсеткішпен салыстырғанда 55,3% аз, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық банкке сілтеме жасап. «Наурызда сатылымның ұлғаюына қаржы нарығындағы белгісіздік пен құбылмалылық себеп болды. Халық қолдағы жинағын сақтап қалу үшін баламалы құрал ретінде алтынға инвестициялауға мүдделі болды. Сәуірде валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтануына байланысты құйма сатылымының төмендегені байқалды. Дегенмен өлшемді құймаларды сату көлемі 2021 жылғы орташа айлық сату көлемінен 37,3%-ға жоғары (2 694 дана) болды. Ұлттық банк 2017 жылы халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3,1 тоннаға жуық 91 229 алтын құйма сатылды», – делінген хабарламада. Айта кетсек, алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі – 26%, яғни, 23 799 дана. Одан кейін 20 грамдық құйма сұранысқа ие, 19 376 дана (21%), 5 грамдық құймадан 18 599 дана (21%), 100 грамдық құймадан 18 197 дана (20%), 50 грамдық құймадан 11 258 дана (12%) сатылды. Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау тұрғындары алтын құймаларын көп сатыа алатыны белгілі болды. Өйткені ол сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.

КӨЛІК САТЫЛЫМЫ ҚАЛПЫНА КЕЛДІ

Отандық көліктерге ресейліктер көз сала бастады. Әсіресе рубльдің қазіргі бағамы бұл үрдісті жетелдетуі мүмкін. Сарапшы Артур Мискорян осылай дейді. Жалпы бір жылда елдегі көлік сатылымы 8 процентке түсті. Қаңтардан бері қазақстандықтар 31 мыңнан аса көлікті тізгіндеген. Былтырғы сәйкес кезеңде бұл көрсеткіш 34 мыңнан асқан еді. Көлік сүйер қауымның таңдауы Hyundai автокөлігіне түскен. Тізімде  Kia,Toyota, Chevrolet маркалары бар. Ал сәуірде Chevrolet көлігі ең көп сатылған. Nissan көлігіне сұраныс 81 процентке түсіп кетті. Артур Мискорянның айтуынша, қазақстандықтар елде құрастырылған көлікке көңіл бөле бастаған. Себебі баға импорттық өнімге қарағанда баяу көтеріледі. Оған қоса, темір тұлпарды жеңілдетілген несиемен алуға болады.

Қайрат Еламанов, Қазақстан бизнес қауымдастығының өкілі:

– Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша бір жылда көліктің 15 проценті ғана сатылады. Бұл бағаға қатты әсер етпеуі тиіс. Жалпы тиімді несиеден бөлек бағаға әсер етуі мүмкін фактор өте көп. Ол валюта бағамы, көлік құрастыру жабдықтарының қымбаттауы, т.б. Бірақ баға реттеледі.

ИМПОРТТЫҚ КӨМІРГЕ СҰРАНЫС АЗАЙМАЙДЫ

Көмір сатып алмаған компанияға айыппұл салынады. Үндістан үкіметі қатты отын импортына қолдау көрсетпеген электр стансаларын осылай жазаламақ. Бірақ мұндай бастама Нью-Делидің бұрынғы ұстанымына қайшы. Мемлекет декарбонизациялау үшін 2023-2024 жылдары көп көлемдегі көмір импортын шектеуді көздеп келген. Өткен айдың соңында электр стансалары сырттан келген көмірдің 10 процентін ғана қолдануға міндеттелді. 15 маусымға дейін бұл талапты орындамаған кәсіпорындар саны қысқарады.  Көмірді басқа жерден алатындар қазанның соңына дейін тұтынатын отынның 15 процентін импорттауы тиіс. Әйтпесе, субсидиядан қағылады. Былтырғы сыннан сабақ алған Үндістан көмір қорын қазірден толтыруға бекінген. Қазір олар энергиялық қауіпсіздікті алға қойып отыр.

Хабар 24 телеарнасы