Тұрақтандыру қорында 67 мың тонна қант бар – АШМ

Үкіметте қант бар, бірақ халықта қат. Бірқатар өңірде тәтті өнім үшін талас та болғанын білеміз. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі қорда 67 мың тоннаға жуық шекер барын айтып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маусымда елдегі тұрақтандыру қорларына 45 мың тоннаға жуық қант жеткізіледі. Мамырда бұл көрсеткіш 30 мың тонна болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік маңызы бар бұл тауарға тапшылық жоқ дейді. Тұрақтандыру қоры мен сауда алаңдарындағы шекер мөлшері 31 мың тоннадан асады. Зауыттарда тағы 36 мың қант құрағы өңделіп жатыр. Ол аз болса, шетелден келе жатқан 16 мың тонна шикізат мәселенің оң шешілуіне ықпал етпек. Құзырлы ведомство бұған сенімді. Бірақ халықтың сұранысы қанағаттанбай жатыр. Атырау, Орал және Қостанайдағы дүкен сөрелерінде келілеп алатын өнім жоқтың қасы. Мамандар мұны қолдан жасалған әбігер дейді. Қазір министрлік кедергісіз тасымал қамын реттеп жатыр. Бұл үшін темір жол бағыты пайдаланылмақ. Еске салайын, нарықтағы отандық өнім үлесі 40 проценттен сәл асады. Қалғанын Бразилия мен Ресейден алатынбыз. Үкімет күзге дейін 350 мың тонна қант пен қант құрағын баж салығынсыз импорттамақ. Ал өндірісті арттыру үшін қант алқаптарын кеңейтіп, саланы жаңғырту қажет.

ӘЛЕМДЕ ҚАНТ ҚЫМБАТТАЙДЫ

Әлемде қант қымбаттауы мүмкін. Бұған Үндістанның экспортты шектеуі себеп. Ал үнді Үкіметі ішкі нарықтағы қымбатшылықтың алдын алу үшін осындай қадамға барған. Жаһандағы ең ірі экспорттаушылардың бірі 6 жылдан бері алғаш рет сыртқы сатылымды кідіртіп отыр. Яғни қыркүйекке дейін мемлекет бар-жоғы 8 млн тоннасын сатуы тиіс еді. Алайда жасалған келісімдер қазірдің өзінде 7 млн-нан асқан. Демек алдағы үш айда экспорт тоқтайды. Бұған дейін де әлемдегі қант құны соңғы 5 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жеткенін айттық. Ол кезде Бразилияның өндірісті азайтуы әсер еткені белгілі. 23 мамырдан бастап, Қазақстан аумағынан да 6 ай мерзімге қант пен шикі қантты алып шығуға тыйым салынды. Ал ауыл  шаруашылығы министрлігі қант импортын 32 процентке төмендететінін мәлімдеді.

АУҒАНСТАН КӨМІР ЭКСПОРТЫН АРТТЫРАДЫ

Ауғанстан халықаралық көмір нарығына оралмақ. Қазір қатты отын құны аспандап барады. Осы орайда ауған халқы Пәкістанға көмір экспортын арттыруға талпынып жатыр. Айына жарты млн тоннасы сатылуы мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Ал өнімнің қымбаттауына себеп көп. Ең алдымен Индонезияның экспортты шектеуі, Украинадағы геосаяси жағдай және әлемдегі энергетикалық дағдарыс. Азия-Тынық мұхиты аумағында Қытай, Үндістан және Пәкістан көмірді ең көп пайдалатын мемлекеттер. Қазір бірі өндірісті арттырса, енді бірі импортты көбейтіп, энергия тапшылығының алдын алуға кірісіп жатыр. Ал Ауғанстан үкіметі көмір экспортынан 34 млн доллар пайда көрмек.