Газ бағасы екі есеге қымбаттауы мүмкін

Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22-орында тұр. Десе де, 2025 жылға қарай елде газ тапшы болуы мүмкін. Себебі көгілдір отынды тұтыну көлемі күн санап артып келеді. Мәселен, 2017 жылдан бері 4,8 миллиард текше метрден 18,6 миллиард текше метрге көбейді. Оның үстіне өндіріс саласы да жаңғыртуды қажет етеді. Баға мәселесі тағы бар. Осы баға өсімін тежеу үшін мемлекет қандай қадам жасамақ.

2025 жылы елде газ екі есе қымбаттауы мүмкін. Себебі сол жылы Еуразиялық экономикалық одақ аймағында ортақ жанармай нарығы қалыптасуы тиіс. Яғни Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения және Қазақстанда сұйық отын еркін тасымалданады. Ал қазір бізде көгілдір отын одақтас елдермен салыстырғанда анағұрлым арзан.

QazaqGaz компаниясының басшысы Санжар Жаркешовтың айтуынша, егер бағаны біртіндеп көтермесе, үш жылдан кейін жанармай нарығы күрт қымбатшылыққа тап болуы мүмкін. Ал егер арзан бағаны ұстап тұратын болса Қазақстан газы ішкі нарықтан көрі көршілес елдерге көптеп тасымалданып кету қаупі туады. Айта кету керек, қаңтар оқиғасынан кейін елде газ бағасын көтеруге 180 күнге мораторий жарияланған еді. Таяуда шектеу мерзімі аяқталады. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, мораторий біткеннен кейін елде көгілдір отынның көтерме бағасы 20 процентке дейін қымбаттауы мүмкін. Қазірдің өзінде газды ішкі нарыққа сату өндірушілер үшін тиімсіз болып отыр. Осының салдарынан ұлттық оператор 2015-2021 жылдар аралығында 587 миллиард теңге қаржын субсидия ретінде жұмсауға мәжбүр болды.  

Базалық мөлшерлеме өзгеріссіз қалды  

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14 процент деңгейінде яғни өзгеріссіз қалдырды. Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет мұндай шешімді қысқа және ұзақ мерзімде инфляция тәуекелдерін ескере отырып қабылдаған. Қаржы ұйымының мәліметіне қарағанда мамырда жылдық инфляция 14 пайыз болды. Яғни қымбатшылық әлі де қысып тұр.

Әсіресе азық-түлік тауарлары мен тасымал құны айтарлықтай өскен. Десе де, экономикалық өсім қарқыны жаман емес. Қаңтар мен сәуірдің қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 4,4 процентке өсті. Тұтынушылық сұраныс та артып келеді. Сарапшылардың пайымынша, егер осы қалыпта өсім қарқынын сақтап, базалық мөлшерлеме осы күйде тұрса 2023 жылы инфляция өсімі баяулап, 2024 жылы төмендеуі мүмкін.

Сондай-ақ...