Екі банк жеңілдетілген автонесиеге ақша алды

Екі банк жеңілдетілген автонесиелеуге кезекті транш алды. Еуразиялық банк 10 млрд теңге және Халық банк 7,5 млрд теңге алды. Бағдарламаға қатысушы қалған банктер бөлінген ақшаны толық игерді. Осылайша бағдарламаға қатысатын қаржы ұйымдарына 90 млрд теңге берілді. Жаңа автонесиелер бастапқы қарыз алушылар қайтаратын төлемдер есебінен револьверлік несиелендіру арқылы жүзеге асырылады.

Әлихан Талғатбек, Қазақстанның астық өңдеушілер одағының президенті:

- Шілдеде біз ұнның бағасын тағы да өсіруге мәжбүрміз. Өйткені астықтың тоннасы 170 мың теңгеге дейін жетті. Сондықтан ұнның тоннасы 220 мыңнан 250 мың теңгеге дейін көтереміз. Баға шамамен 23%-ке өседі. Тізбектей келе бұл ұн өнімдерінің қымбаттауына әкеледі.  

Астық өңдеушілер салық енгізуді сұрайды  

Еліміздің ұн өндірушілері өз кәсіпорындарын арзан астық бар Ресейге ауыстыруы мүмкін екенін хабарлайды. Қазақстан нарығында астықты қайта өңдеумен айналысу тиімсіз. «Жағдайда тұтақтандыру үшін Қазақстан астық экспортына баж салығын енгізу керек» деп есептейді одақ өкілдері. Қазір нарық қоймадағы қорлармен реттеліп келеді. Бірақ алдағы уақытта бұл ұн тапшылығын тудыруы мүмкін. Еске салайық, одақ президентінің сөзінше, біздің нарықтың бір бөлігін ресейлік астық жауып тұрды. Ресей астық экспортын тоқтатқанда Қазақстан оны ұлғайтты. Еліміз ақпанда 600 мың тонна, наурызда 700 мың тонна астық экспорттады. Бұл дәстүрлі түрде сыртқа кететін астық көлемінен екі есе артық. Сол кезеңде елдегі астықтың тоннасы 170 мыңға дейін қымбаттады. Сәйкесінше ұнның өзіндік құны өсті.

Қантты бажсыз импорттау жалғасады 

Қазақстанға қантты баж салығынсыз импорттау 31 қазанға дейін ұзартылды. Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысында айтылған ұсыныс мақұлданды. Бұны сауда және интеграция министрлігі хабарлады. Биыл 31 қазанға дейін ақ қант пен шикі қантқа импорттына баж салынбайды. "Бұл шара ішкі нарыққа импортталатын қантты жеткізу құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Қазір біз бірқатар елмен қанттың импорт көлемін арттыруға келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ал қарашаға қарай қазақстандық зауыттардан да, ЕАЭО елдерінен де жаңа жиналған қант қызылшасын жеткізу басталады" деп атап өтті Сұлтанов. Бұдан басқа Қазақстан осы шара бағытта квотаны ұлғайту туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстанға ақ қант пен шикі құрақ қантына 350 мың тонна квота берілген.