Мұнай тасымалында кедергі көп

Еліміз шикі мұнайдан гөрі өңделген өнімді экспорттауға көңіл бөлмек. Бұл тез арада қол жеткізетін жұмыс емес. Бірақ көмектесуге дайын инвесторлар бар екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір өндірілетін мұнайдың 80 процентін сыртқа сатып отырмыз. Алайда оны тасымалдау күннен-күнге қиындап барады. Сарапшылар мәселені шешудің жолдарын көрсетті. Экспорттағы мұнайдың 98 проценті Ресей арқылы өтеді. Әзірге ең тиімдісі Каспий құбыр желісі консорциумы екен. Бір тонна қара алтынды тасымалдау үшін мұнда 38,5 доллар алынады. Бұл туралы мұнай сервистік компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов мәлімдеді. Сарапшы Ресейге салынған энергетикалық эмбаргоның салқынын сезінбеу үшін бізге дипломатияны күшейту керек дейді. Себебі Ақтау порты арқылы тасымалды толық орындау мүмкін емес. Онда әрі кетсе, 8 млн тонналық танкерді пайдалануға болады. Бірақ қазір бар-жоғы 2 млн тоннасы өткізіліп жатыр.

Бұған дейін сала министрі дәл осы ресейлік құбыр арқылы биыл 55 млн тонна мұнай экспортталатынын мәлімдеген еді. Оның дені Қытай мен Еуропаға жөнелтіледі. Аспан асты елі 1 млн тонна мұнайды импорттамақ. Көршілерге одан артығы қажет емес, өздері де өндіріп отыр ғой. Демек бізге тиімді бағыттарды іздеу керек. Сарапшы Иранмен жасалған келісімнің оң нәтиже береріне сенімді. Бұл тарап 5 млн тонна қара алтынды сатып алмақшы.

Нұрлан Жұмағұлов, мұнайсервистік компаниялары одағының бас директоры:

– Біздің экспорттың 98 проценті Ресей арқылы кетіп жатыр. Оны ауыстыруға бүгінгі таңда біріншіден, қаражат жоқ. Екіншіден, ондай-мұнайды тасымалдайтын құбыр жоқ. Оны салу үшін үлкен қаражат керек. Мысалы, тек қана Әзербайжан, Иран арқылы тасуға болады. Бірақ Каспийден құбыр сала алмайсыз. Өйткені Каспий жабық су қойнауы болып есептеледі.

МҰНАЙ-ГАЗ ХИМИЯСЫ - ЭКОНОМИКА ДРАЙВЕРІ

Қазақстанға жеке мұнай брендін әйгілейтін кез келді. Еуропалық импорттаушыларға да осы керек. Бұған дейін Атырау – Самара бағыты арқылы орыс мұнайымен араласқан өнімді сататын едік. Енді тұтынушылар таза отандық мұнайға көз салып отыр. Әрине шикі өнімді сата беруден қайыр аз. Сарапшылардың айтуынша, мұнай-газ химиясына көңіл бөлу керек. Ауқымды жоспар да бар. Сәтін салса, жылына 500 мың тонна полипропилен мен 1,2 млн тонна полиэтилен шығаратын қос зауыт салынады. Соңғысының қуаты Түрікменстан, Әзербайжан, Өзбекстандағы кәсіпорындарды екі орайтын көрінеді. Бұған ресейлік инвесторлар 7,5 млрд доллар құюға дайын отыр.

Нұрлан Жұмағұлов, мұнайсервистік компаниялары одағының бас директоры:

– 15 жыл болды айтып келе жатырмыз, мұнай-газ химиясын дамыту керек деген. Атырауда арнайы экономикалық зона құрылған болатын. Шілденің соңында Кипиай деген зауыт іске қосылу керек. Ол жылына 500 мың тонна полипропилен шығаратын болады. 500 мың тонна дегеніміз өте үлкен көлем. Қазіргі таңда Қазақстан тек қана 70-80 мың тонна полипропиленді  қолданады. Қалғаны бәрі экспортқа кетеді.

КӨГІЛДІР ОТЫН ҚЫМБАТТАМАЙДЫ

Айтпақшы, 2023 жылдың басына дейін елдегі сұйытылған газ құны өзгермейді. Яғни өнімнің бір литрі 50-75 теңге аралығында сатыла бермек. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі осындай шешім қабылдаған. Мұнай сервистік компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұловтан осы жайлы пікір білдіруді сұрадық. Ол бағаның өсуі абзал болатынын айтады. Елде газ өндіретін кәсіпорындар тым аз. 2030 жылға қарай Қашағанда үш зауыт салынуы мүмкін. Олар бір млрд, екі және 6 млрд текше метр отынды өндіруі тиіс. Еліміз бірнеше жылдан бері газ экспортын азайтқан, қазір тіпті тоқтатты. Өйткені өндірілетін 28 млрд текше метр табиғи газдың 20 млрд-ы түгел ішкі нарыққа жұмсалады.

Нұрлан Жұмағұлов, мұнайсервистік компаниялары одағының бас директоры:

– Жыл сайын сол сұйық газға көшетін автомобильдер саны артып отыр. Енді болашақта сұйытылған газ өте аз болады. Мұнай газ химия зауыттары іске қосылады. Сол жобаларға кететін болады. Сонда сұрақ, қайдан аламыз сұйытылған газды? Өте күрделі зат. Мемлекет қолға алу керек. Бағаны өсіру керек. Өйткені инвесторлардың стимулы жоқ сол зауытты салуға. Өте төмен бағамен ешқандай инвестор салғысы келмейді зауытты.