Елімізде экспортқа кететін астық бағасы төмендеді

Ресейдің Еуразиялық Экономикалық Одақ елдеріне бидай экспортын жандандыруы қазақстандық астықтың арзандауына әкелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біздің экспортқа кететін өнім бағасы төмендеді. Тақырыпты Іскер news айдарында Ғазиза Мұхамеджанова жалғастырады.

Қазір Өзбекстанға экспортталатын қазақстандық бидайдың тоннасы – 182 мың теңге. Бұл шамамен – $385 доллар. Бұған дейін баға $420-425 болған. Бұл нарықты ресейліқ астық жаулап алмау үшін бізге де бағаны түсіру керек,- дейді сарапшылар.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БИДАЙ $40-ҒА АРЗАНДАДЫ

Трейдерлердің  ресейлік бидай шекаралық темір жол станциясына дейін жеткізу шығынын қоса алғанда тоннасына 153 мың теңге деп бағалап отыр. Шетелдік валютаға аударғанда шамамен $320.  Бұл өнімнің қосымша құн салығын есептегенде шығатын таза бағасы.  eldala.kz порталының ақапаратына сай Қазақстан аумағы арқылы Ресей астығының бір тоннасын тасымалдауға $100-дан астам қаржы жұмасалады. Сонымен бірге Өзбекстанға жөнелту кезінде экспорттық баж салығын төлеу керек. Ол қазір бір тоннаға 4600 рубльді құрайды. Осы шығындар ресейлік трейдерлерге бидайды Орта Азия елдеріне тікелей сатуға тосқауыл болып отыр.  Өз кезегінде қазақстандық бидайды Өзбекстанға жеткізу әлдеқайда арзан. Оған «жасырын экспорттық баж» да қолданылады. Экспорттаушы шетелге жіберетін партияның 10%-ін азық-түлік корпорациясына төмендетілген бағамен сатуға міндеттеледі. Бұл тоннасы 116 мың теңге астық. Осылайша, мамандар ішкі нарықта қазақстандық бидай арзандайды деген болжам жасады. Әйтпесе, ол Өзбекстан нарығына өтпей қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда біздің экспортты ресейлік астық алмастырады.

БИЫЛ АСТЫҚ ТҮСІМІ ҚАЛАЙ БОЛАДЫ?

Ал диқандар биыл егіс алқаптарынан мол өнім күтеді. Күзде Қазақстанда 20 млн тоннадан астам астық жиналады деген болжам бар. Бұл былтырға қарағанда 1,5 есе көп. Оған көктемгі егіс жұмыстары мен өсім кезіндегі ауа райының қолайлы болуы себеп. Жаздың басы Қазақстанның барлық аумағындағы шаруалар үшін қолайлы болды. Маусымның соңында басталған жауын-шашын өсімдіктердің жақсы өсуіне қолайлы жағдай жасады. Ал шілденің бірінші онкүндігінде барлық астық егетін өңірлерде жаңбыр жауды.

БІР ЖЫЛДА БАСПАНА 26% ҚЫМБАТТАДЫ

Баспана тағы қымбаттады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жылда қолданыстағы пәтерлердің бағасы 26%-ке, жаңа үйлердікі 19,5%-ке өсті. Бірақ жалға берілетін үйлер бір айда 1,1%-ке арзандаған. Бұл – маусымдық құбылыс. Статистикаға сай, осы кезеңде жалдамалы пәтерлерге сұраныс төмендейді. Сондай-ақ мамырда баспананы алып-сату бойынша келісімшарттар 41-%-ке азайған. Сарапшылардың сөзінше, баспана бағасы жалпы инфляцияға қарай теңестірліеді.  Жаңа салынған пәтерлер елордада қатты қымбаттаған. Бір жылда өсім шамамен 28%. Қолданыстағы пәтерлердің сатылымы бойынша бағаның ең жоғары өсімі – Қызылорда қаласында – 46,7%. Ал жалдамалы тұрғын үйлер құны Алматы қаласында шарықтап тұр. Жылдық өсім – 48%.

СУЭЦ КАНАЛЫНЫҢ ТАБЫСЫ АРТТЫ

Әлем жаңалықтарына ойыссақ. Суэц каналының табысы рекордтық деңгейге жетті. Соңғы бір жылда каналдың қызметі 7 млрд доллар пайда әкелген. Алдыңғы жылмен салыстырғанда өсім 20%-ке жоғары, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан. Пайданың еселенуіне бірнеше себеп бар. Соның ішінде жүк тасымалының қымбаттауы. Мамырда мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдайтын танкерлерге  тариф үш есе өсті. Ал басқа кемелер үшін баға екі есе қымбаттады.  Суэц каналының әкімшілігі мұны әлемдік сауда көлемінің артуымен түсіндірді. Сондай-ақ су жолын кеңейту керектігін негізге алды.

Айта кетейік, Суэц каналын кеңейту жұмыстары 2023 жылы аяқталады деп жоспарланған. Былтыр Суэц каналынан 22 мың кеме 1 млрд тоннадан астам тауар тасымалдаған.