Пәтер жалдау уақытша қымбатқа түседі

Тамызда елдегі жалға берілетін пәтер ақысы 10-15 процентке қымбаттауы мүмкін.

Әсіресе мегаполистердегі баға шарықтайды. Сұраныс азайғанда пысықайлар да сабасына түседі. Жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсірепов жыл соңына дейін бағаның қалпына келетінін болжайды.

Ұлттық статистика бюросы өткен айда пәтерді жалдап тұру құны 2018 жылдан бері алғаш рет 1 процентке арзандағанын айтады. Бас қаладағы баға шамамен 3,5%-ке түсіпті.

Мамандардың пайымынша, соңғы жылдары елде жалға берілетін пәтер іздеушілер көбейген. Өйткені тұрғын үйді сатып алуға көпшіліктің шамасы келмейді. Оған қоса мемлекеттің пәтер ақысын субсидиялауы көрсеткішті еселей түскен. Бұл үшін бюджеттен 40 млрд теңге бөлінді. Әсіресе кейін сатып алу құқығымен пәтер жалдап отырғандар қатары көбейіп жатыр. Олардың қатарында білім және денсаулық сақтау саласының мамандары бар. Ресейлік компаниялардың елімізге үдере көшуі мен туристердің көбеюі де сұраныстың артуына себеп болып тұр.

Еске сала кетсек, Қазақстан халықты баспанамен қамту бойынша 112 елдің ішінде 44 орында тұр.

Түркияда қазақстандықтардың үйі көбейді

Елде баспанасыз жүргендер көп дедік. Қызығы, шетелден пәтер іздейтіндер де аз емес екен. Жыл басынан бері отандастарымыз Түркиядан 80 процентке көп үй сатып алды. Осылайша биыл 1500-ге жуық баспана иесін тапқан. Оның 400-дейі маусымда сатылды. Бұл рекорд.

Мемлекеттің жер кадастры жөніндегі бас басқармасының мәліметінше, Қазақстан Ресей, Иран, Ирактан кейінгі сатып алушылар көшінде. Былтыр 6-орынға жайғасқан едік.