Елімізде 2030 жылға қарай газдандыру деңгейі 65%-ке жеткізіледі

Ал тауарлық газ өндірісі 43 процентке өседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл меже саланы дамытудың кешенді жоспарында көрсетілген. Оны орындау қиынға соқпай ма? Мамандар мақсатқа дайын жобаларды іске қосу және газды өңдеу көлемін ұлғайту арқылы қол жеткізуге болады дейді.

Соңғы 10 жылда ішкі нарықтағы газ тұтыну көрсеткіші 2 есе, яғни 9 млрд-тан 19 млрд текше метрге өскен. Бірақ келесі жылы өнім тапшылығын сезінуіміз мүмкін. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы мәлімдеген еді. «ҚазақГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешов алдағы 10 жылда электр қуатының 25-30% көгілдір отыннан алынатынын айтады. Ол газдың жаңа жаһандық трендке айналарына сенімді. Жасыл экономикаға апаратын даңғыл жол да осы. Алайда оның айтуынша, мақсатқа инвесторлардың қолдауынсыз жету қиын болады. Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары қауымдастығының басшысы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, ол инвесторды қызықтыру үшін жаңа кен орындарын ашу керек. Геологиялық барлау жұмыстары реттелмейінше, мәселе шешілмейді.

Рашид Жақсылықов, Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары қауымдастығының басшысы:

– Ең үлкен соғыс негізінде инвесторларға болып жатыр. Мемлекет қандай да бір ірі жобаларды инвестордың қаражаты арқылы істейді. Инвестор тек қаражат иесі емес қой. Инвестор жоғары кәсіби мамандардың иесі, инвестор жорғары технологияны дамытып отырған заматтар, ғылыми азаматтар. Сол инвесторлар төңірегінде қаншама отандық компаниялар нәпақасын тауып жейді.

КӨМІР ЭКСПОРТЫ 2 ЕСЕ АРТТЫ))

Еліміз 2060 жылға дейін көміртек бейтараптылығына қол жеткізбек. Қазір көмір генерациясының үлесі 70 процентке жуықтап тұр. Алдағы 40 жылда оны нөлге түсіру міндеті қойылған. Мамандар қатты отынды қайта өңдеуге мән беру керек дейді. Әзірге ел экономикасына көмірден келіп жатқан пайда орасан. Жыл басынан бері экспорт 2 есе артты. Ал түсім 344 млн доллардан асты. Жалпы көлемі 14 млн тонна көмір шет мемлекеттерге жіберілді. Өнімнің дені Ресейге, Швейцария мен Еуроодаққа тасымалданып жатыр. Экспорттың 15 проценті көршілерімізге тиесілі. Ал Беларусь пен Украинаға сатылым үлесі азайып кеткен. Салада тасымал мәселесі шешілмей тұр. Мысалы, Еуропаға көмірді Ақтау мен Құрық порттары арқылы жеткізу ыңғайлы. Алайда оның қуаты әлсіз. Латвия мен Балтық порттарында да осындай кедергі бар. Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец жыл қорытындысы бойынша экспортты 1,5 есе ұлғайту көзделетінін айтты. Ол үшін жаңа бағыттарды қарастыру маңызды.

Николай Радостовец, тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры:

Біз бір жылда 111 млн тонна көмір өндіреміз. Оның 70 млн тоннасы ішкі нарыққа жұмсалады. Қалғанын экспорттау қажет. Бұған кедергі көп. Мысалы, елде жекеменшік жүк тасымалы нарығын жетілдіру керек. Бәсеке жоқ болғасын, сапа да бұзылып жатыр. Вагондар жетіспейді. Біз оларды арзан бағаға жалдай алмаймыз. Салдарынан жылыту маусымы басталғанда, ел ішінде көмір жеткізу қиындап кетеді.