Әлемде экономикалық өсім баяулайды

Халықаралық валюта қоры таяудағы екі жылға арналған жаһандық экономиканың дамуы жөніндегі болжамды төмендетті. Оған инфляцияның өсуі және Орталық банктердің ақша-кредит саясатын күшейтуі себеп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл жаһандық экономиканың даму қарқыны 3,2%-ке дейін баяулайды. Халықаралық валюта қорының болжамында 2021 жылғы көрсеткіштер бұдан екі есе көп болған еді. «Әлемдік экономика пандемиядан және Ресейдің Украинаға шабуылынан әлі қалпына келген жоқ. Алда не күтіп тұрғаны белгісіз» делінген хабарламада. Қайта қаралған болжамда жаһандық өндіріске қатысты ақпарат та көңіл көншітпейді. «Өндірістің өсуі биыл 3,2%-ке дейін және келесі жылы 2,9%-ке дейін төмендеуі мүмкін. Экономикасы дамыған елдерде инфляция 6,6%-ке дейін жетеді дейді мамандар.  Ал дамушы елдерде  9,5%-ке дейін төмендейді. Әлемдегі ең ірі үш экономика – АҚШ, Қытай және Еуропа да біраз қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр», – деді Халықаралық валюта қорының бас экономисі Пьер-Оливье Гуринша. Жаңартылған болжамға сай 2023 жылы дезинфляциялық ақша-несие саясаты әлсіреп, әлемдік экономиканың өсуі 2,9% шамасында болады.

ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫНА ҚАТЫСТЫ БОЛЖАМ

Дегенмен Халықаралық валюта қоры Қазақстан үшін оң болжам жасады. Олардың мәліметтеріне сәйкес 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсімі 2,9%. Бұл сәуір айындағы болжаммен салыстырғанда 0,6 тармаққа көп.

БАНКТЕРГЕ ЕКІНШІ МАНДАТ КЕРЕК ПЕ?

Финляндия банкі ақша-несие саясаты бойынша қызықты зерттеу жариялады. Онда әлемнің 600 үздік экономисінен сұхбат алған. Соған сәйкес сұралғандардың көбі Орталық банктердің баға тұрақтылығын сақтаудан басқа, қосымша мақсаттары болғанын қалайды. Респонденттердің тек 14%-і орталық банк мандатының жалғыз мақсаты - баға тұрақтылығын сақтау болуы керек деп есептейді. Ал қосымша мақсаттар ретінде экономистер жұмыссыздық пен жұмыспен қамту деңгейін реттеуді атады. FINANCEkaz сарапшылары қазіргі жағдайда Қазақстандық Ұлттық банк үшін екінші мандат алса, бұл ақша-несие саясатын теңестіруге мүмкіндік беретінін еске салды.

МОБИЛЬДІ ТАРИФТЕР ҚЫМБАТТАЙДЫ

Ұялы байланыс қызметі қымбаттайды. Танымал байланыс операторлары тамыз айында кейбір тарифтердің бағасын көтереді. Kursiv.media ақпараттық порталының хабарлауынша, ұялы байланыс қызметтерін көрсету ережелеріне сәйкес оператор базалық тарифтік жоспарды жылына бір рет өзгерте алады. Қалған коммерциялық тарифтерді олар дербес қалыптастырады. Алайда тарифтердің құны мен көлемі өзгерген жағдайда, оператор абонентке 30 күн бұрын ескертуге міндетті. Мобильді байланыс пен интернет қызметтерін қоса алғанда енді кейбір тарифтер бірден 37%-ке қымбаттайды. Осылайша 1890 теңгенің  тарифі енді, бағасы 2590 теңгеге дейін көтерілді. Компания өкілдері мұны былай түсіндірді: «Қазір фото мен видеолардың сапасы артты. Нәтижесінде тұтынылатын интернет-трафик көбірек».  Операторлардың мәліметінше, трафикті тұтыну 26%-ке ұлғайды. Сондықтан тарифтердің құны да өседі. Сондай-ақ, қызмет көрсететін компаниялар қазақстандықтар Италия мен Бельгия тұрғындарына қарағанда мобильді трафикті көп тұтынатынын алға тартты.

БИЫЛ БАЙЛАНЫС ОПЕРАТОРЛАРЫ ₸ 253 МЛРД ТАПТЫ

Ұлттық статистика бюросы жариялаған ақпаратқа сәйкес өткен жылы Қазақстандағы байланыс қызметтері нарығының 40% интернеттің үлесінде болған. Төрттен бірі ұялы байланыс қызметтеріне тиесілі. Нарық ойыншылары кірістің 20%-тін басқа телекоммуникациялық қызметтерден алды. Бюроның мәліметінше, 2022 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандық байланыс операторлары 253 млрд теңге пайда тапқан.