476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Әлемде көмірге сұраныс артып жатыр

  • 496
  • UPD: 10:14, 29.07.2022

10 жылдық рекорд деңгейіне жетуі мүмкін. Халықаралық энергетика агенттігі осылай болжайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған Қытай экономикасының қалпына келуі әсер етеді. Осы ретте біздің нарықтың үлесі қандай болмақ? Экономика жаңалықтарының шолушысы Мерей Мұратханқызы айтып береді?

Биыл көмірге деген сұраныс 8 млрд тоннадан асады. Қытай ғана емес, Еуропа, Америка, тіпті Африканың кей мемлекеттері отынның осы түрін алуға асық. Бізде жыл соңына дейін көмір экспорты 1,5 есе артуы мүмкін дейді мамандар.

Мұнай мен газдың қымбаттауы көмірге деген сұранысты арттырып жатыр. Халықаралық энергетика агенттігі Үндістан мен Еуроодақ та көмірді 7 процентке көп импорттайтынын болжайды. Ресейге жарияланған эмбарго тамызда күшіне енеді. Яғни Еуропа энергетикалық дағдарыстың алдын алуға тырысып жатыр. Жыл басынан бері мұнда 3,6 млн тонна көмір экспорттадық. Жыл соңына дейін тасымал ұлғая түспек. Жалпы биыл Қазақстан 14 млн тонна көмір экспорттап үлгерді. Оның 9,1 млн тоннасы ТМД аумағына аттанған. Сондай-ақ, Швейцария сұранысты былтырғыдан 75 процентке арттырды. Әзірге Беларусь пен Украинаға сатылым аз.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ҚАРЫЗЫ ӨСТІ

Қазақстандықтар микро қаржылық ұйымдарға 1 трлн теңге қарыз. Борышкерлердің біразы берешегін өтеуге асықпайды. Немесе қалтасы көтермейді. Соңғы бес жылда осындай ұйымдардың несие портфелі 47,4 процентке өскен. Биыл рекорд орнады. Алғашқы тоқсанда-ақ былтырғы сәйкес кезеңнен 62 процентке көп шағын несие берілген. Қарыз үлесі 756 млрд теңгеден асты. Оның дені онлайн рәсімделген. Ал оңай ақша опық жегізбей ме? Экономист Мақсат Халық азаматтардың лицензиясы жоқ, алаяқ компанияларға ұрынып қалуы жиілегенін айтады. Иә, мораторий алынбайынша, оларды тексеру де мүмкін емес. Сондықтан, ұлттық банктің мемлекеттік реестріне тіркелген ұйымдарға ғана жүгіну қажет. Сарапшы қарыз алмас бұрын ұйымның лицензиясы бар-жоғын біліп алу керек дейді. Кейін мекенжайы мен басшысы жайлы мәлімет сұрау артық болмайды. Өйткені микроқаржылық ұйымдардың көбі шетелге тиесілі болып жатады. 

АЗАМАТТАР БАНКТЕРГЕ 20 ТРЛН ТЕҢГЕ ҚАРЫЗ

Ұлттық банк таратқан мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері елдегі несиелеу 8,5 процентке артты. Қазір қарыздың жалпы үлесі 20 трлн теңгеден асады. Оның 12 трлн-ы жеке тұлғаларға берілген. Екінші деңгейлі банктер де қарапайым азаматтардың сенімді серігіне айналғандай. Бірақ шағын несие беретін ұйымдарға жүгінетіндер де аз емес. Берешегін уақытында өтей алмайтындар көп. Халықтың қамын ойлағаны болар, қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігі пайыздық мөлшерлемені азайту жобасын әзірледі. Ұсыныс 10 тамызға дейін талқыланады. Алғашында сыйақы мөлшерлемесін 20-25 проценттен 5 процентке дейін төмендету көзделген. Кейін 20 процентке жеткізу шешілді. Бір ескерерлігі, талқылау нәтижесі оң болса, 2023 жылдан бастап, 45 күнге дейінгі 50 АЕК-тен аспайтын кепілсіз несиелердің пайызы төмендетіледі. Экономист Мақсат Халық микро қаржылық несиелердің салмағы бірер жылда біршама жеңілдегенін атап өтті. Ал қалтаңыздың қағылып жатқанын сезсеңіз, қаржылық қадағалаушыларға жүгіну қажет.

Мақсат Халық, экономист:

- Олардың пайыздары әжептәуір қысқарды. Бірақ заңсыз жұмыс істеп жатқандар бар. 100 мың теңге беріп, 500 мың теңге төле деп жүргендер. Үстінен 300-200 пайыз қосып алып жатқандар бар. бірақ оны халық білмей отыр. Егер оны халық білетін болса, мен алдым төлеуім керек деп жүргендер бар. Олардың өзін сотқа беріп, артық төлеген қаражатты қайтарып алуға болады.

МҚҰ ӘЛЕУЕТІН ПАЙДАЛАНУ КЕРЕК

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында микро қаржылық ұйымдардың әлеуетін пайдалану керек деді.  Экономист Мақсат Халық та бұл пікірмен әбден келіседі. Банкке қарағанда, шағын ұйымдарға жер-жерде бөлімшесін ашып, жұмыс істеуге мүмкіндік мол. Сондықтан, оны бизнес, ауыл шаруашылығы сынды салаларды қаржыландыру құралы ретінде пайдалану қажет. Экономист елде ондай тәжірибе барын, тіпті, кепілді өзі ұсынып отырған ұйымдардың да жеткілікті екенін алға тартты. Алайда, шағын несие берушілердің экономиканы қолдауға ынталы емес. Олар әзірге тұтынушылық қарыз үлесін арттыруға мәжбүр. Мақсат Халықтың айтуынша, азаматтардың жағдайын реттеу үшін «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды» бекіту маңызды.

Мақсат Халық, экономист:

- Екінші деңгейлі банктер ол жерде таза пайда тауып отыр. Екі ортада отырып ап бас қатырмайды. 6 пайызбен кәсіпкерлерге несие береді. Бірақ, оның үстіндегі бүкіл шығындарын мемлекет өтеп береді. Субсидиялап, осындай процестерде отыр. Ал МҚҰ оған ат салысып жатқан жоқ. Егер ат салысатын болса, онда өңірге, аймаққа, шаруаларға қаражат жеткізудің бір тиімді жолы болатын еді. Ауылдағы шаруа несие алайын деп қала аралап жүру керек пе, жоқ әлде ауылдағы шаруашылықпен айналысу керек пе? Мінеки, осындай бір қиын жағдайлар бар. Ал МҚҰ сол жаққа дейін барып жұмыс жасайтын болса, онда оның пайдалы тұстары бар.

Хабар 24 телеарнасы