Елімізде энергия тапшылығы сезіледі

Елімізде бірер жылда энергия тапшылығы күрделене түседі.

Құзырлы министрліктің есебінше, биыл сағатына 4,6 млрд кВт-қа жуық қуат жетіспеуі мүмкін. Оған ең алдымен жергілікті энергия көздерінде апаттың жиілеуі себеп. Әрине мамандар қол қусырып отырмайды. Ескі нысандарды жаңғырту арқылы 2026 жылға дейін қуаты 1,5 ГВт болатын жобаларды жүзеге асырмақ. Таяуда маневрлі электр станцияларын салуға аукциондық сауда механизмі іске қосылды. Екі аукцион нәтижесінде Қызылорда және Түркістан облыстарында жалпы қуаты 1,2 ГВт бу-газ қондырғыларын салатын мердігерлер анықталды. Халықтың қалтасына салмақ салса да Қазақстанның бірыңғай энергия жүйесінде тапшылық сезілетін болса, Ресейге сұрау салуға тура келеді. Көрші елдегі тариф бізден әлдеқайда жоғары.

Әлемде 38,5 млн автокөлік сатылды

Алғашқы жарты жылдықта әлемде 38,5 млн автокөлік сатылды. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 8,5 процентке көп. Әсіресе маусым әлемдік авто нарық үшін олжалы ай болды. Қытайдағы көрсеткіш айтарлықтай. Мұнда бір айда 2,5 млн жуық көлік сатылды. Бұл былтырғы кезеңнен 29 процентке көп. Тізімді АҚШ пен Батыс Еуропа жалғайды. Қос мемлекетте, қоса алғанда, 2,2 млн көлік сатылған. Жалпы, әлемде алдыңғы айда 7,1 млн темір тұлпар өз иесін тапты. Алайда жаһандық сарапшылар қуануға әлі ерте дейді. Себебі бұған дейінгі болжамды ұмытпау қажет. Оған сай, биыл және келесі жылы жағдайдың құбылуына қарай, нарыққа 2,5 не 4 млн автокөлік шығарылмай қалуы мүмкін. Бұған геосаяси ахуал мен қажет жабдықтардың әлі де жетіспеуі себеп. Жағдай рерттелсе, биыл әлемдік авто өндірісте 82 млн, келесі жылы 88 млн көлік шығарылады. Пессимистік болжам орындалса, 2030 жылға дейін оның саны 25 млн сәл асады.

Көлік өндірісі жолға қойылды

Елімізде жыл басынан бері жаңа көліктер сатылымы 7 процентке төмендеген. Оған жартылай өткізгіштердің тапшылығы, логистика мәселесі, Шығыс Еуропадағы геосаяси ахуал және валютаның құбылуы әсер еткен. Ресейден көлік тасымалының азаюы да мәселені өзекті етті. Автонарықты сараптау және мониторинг жүргізу орталығының атқарушы директоры Алмас Дүйсенбай осынау кедергілерге қарамастан, көрсеткіштің жаман емес екенін айтады. Жеңілдетілген авто несиелеу жүйесінің іске қосылуы бұл үрдісті жеделдетті. Осы мақсатқа мемлекет 100 млрд теңге бөлген. Десе де, азаматтар қытайлық көліктерге көңіл бөледі екен. 6 айда сатылған 52 000 көліктің 3 мыңы осындай өнім. Ал екінші жарты жылдықтағы сатылым кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруы мен валюта бағамына әрі логистикалық кедергілердің еңсерілуіне тікелей байланысты. Мамандар мәселе шешілсе, жылды абыроймен аяқтауға әзір.

Алмас Дүйсенбай, автонарықты сараптау және мониторинг жүргізу орталығының атқарушы директоры: 

- Алғашқы жарты жылда жергілікті зауыттар өндірісті 30% процентке арттырды. Басым күшті жеңіл көлікке салдық. Сөйтіп, 47 мың данасын шығардық. Былтыр 34,5 мыңы өндірілді. Жеңілдетілген несиелеу бағдарламасының іске қосылуы сұранысты еселеп жіберді. Біз ол бойынша 10 мыңдай көлік саттық.

Қытай Данияны басып озбақ

Ал Қытай жаңартылатын энергия көздері технологияларын экспорттау арқылы 100 млрд доллар таппақшы. Осылайша салада көші ілгері тұрған Данияны басып озбақ. Аспанасты елі әлемдік нарықта озық инновациялық тәсілдерді меңгеріп алған. WoodMack сарапшылары мемлекеттің мамандарды, оларға қажет өндірістік парктерді, тіпті кедергісіз тасымал жолдарын пысықтап қойғанын айтады. Қазір жаһандағы жел турбиналарының тең жартысы, күн модульдерінің 66 проценті, қуаттағыштардың 90 процентке жуығы қытайлық өнім. Ішкі нарықта да сұраныс көп.