Елде бидай арзандауы мүмкін

Әлемнің кейбір елдері астық қымбаттап, аштық жайлап барады деп дабыл қақса, Қазақстанның бидай өсірушілері биыл өнім мол, баға төмендеп кетпесе болғаны деп алаңдап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ бір жылдық немесе уақытша арзаншылық алдағы жылдарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені биыл табыстан қағылған дихандар келер жылғы науқанға дайындала алмайды. Тіпті дән себуге мүлде жағдайы жетпей қалуы мүмкін. Осылайша келер жылы өнім азайып, баға шарықтап кетуі ғажап емес. Биыл қазақстандық дихандар 16 миллион тонна бидай жинаймыз деп жоспарлап отыр. Оның 5,1 миллион тоннасы ішкі нарықтың сұранысын қамтуға жетеді. 9 миллион тоннаны экспорттауға мүмкіндік бар. Алайда сыртқы нарықта бәсекелестік жоғары. Өйткені Ресейлік дихандар биыл 90 миллион тонна астық аламыз деп отыр. Оны жылдағыдай кез келген елге сата алмайды. Әсіресе батысқа қарай жол жабық. Сондықтан Қазақстан бидайын алатын Орталық Азия мемлекеттері, Қытай, Иран, тіпті біздің елге де экспорттайды. Олардың ұсынатын бағасы төмен. Бұл біздің елде бағаның шектен тыс төмендеуіне ықпал етіп, дихандарды шығынға батырып кетуі мүмкін.

Нұрлан Оспанов, Қазақстан астық одағының төрағасы:

– Ресей саудагерлері бізден бидай алып отырған елдермен келіссөз жүргізе бастағанын байқап отырмыз. Тұтынушыларымыздан айырылып қалмау үшін былтырғы қателікті қайталамауымыз қажет. Мәселен өткен жылы Бидай экспортына БАЖ салығын енгізу туралы бастама көтеріліп, шешім қабылданғанына үш ай өтті. Саудагерлер не істерін білмей біздің нарыққа күдікпен қарайтын болды. Сондықтан биыл бидай экспортын, бағасын реттеуге үкімет араласпауы керек. Сонда ғана дихандар жиған тергенін нақты ақшаға сатып, келер жылғы егінге дайындалады.

Н.ОСПАНОВ: БИДАЙ 120-125 ТЕҢГЕДЕН ТӨМЕН БОЛМАУЫ КЕРЕК

Елде бидайдың өзіндік құны орташа 100 теңге шамасында. Яғни жерді жырту, дән себу, дәрілеу, күтіп баптау және жинап, қамбаға түскендегі осынша шығын кетеді. Енді әр шаруашылықтың ішкі шығындары, несиелік қарызы және алуы керек пайдасын қосқанда кемі 120-125 теңгеден сатылуы тиіс. Сол үшін үшінші сұрыптағы бидайдың бағасы 125, 4-сұрып, 120 теңгеден кем болмауы керек. Яғни бидай бағасына ең төменгі шекті баға енгізілуі тиіс. Астық қауымдастығы осындай бастама көтеріп отыр. Олардың айтуынша, қазір елдегі бидайдың 60 процентін ірі шаруашылықтар, 40 проценті шағын фермерлер өсіреді. Өнімнің арзандауы шағын фермерлерді қиын жағдайда қалдырады.

Нұрлан Оспанов, Қазақстан астық одағының төрағасы:

– Олар келер жылы қарызды аз алады, айналымы кемиді, егіс алқабы кішірейеді. Бұл келер жылы өнімнің аз болуына әкеледі. Бидай арзандаса, бірінші кезекте оны өсіруші зардап шегеді. Ал оның табысы, өнімінің азаюы өзге салаларға тікелей әсер етеді. Сондықтан биыл астық үкімет отандық астық өсірушілерді қолдауы керек.

РЕСЕЙДЕН КӨЛІКПЕН БИДАЙ ӘКЕЛУГЕ ТЫЙЫМ САЛУ КЕРЕК

1 қыркүйектен бастап Ресейден көлікпен заңсыз әкелінетін бидайға тыйым салу керек. Елде бағаның негізсіз төмендеуіне себептің бірі осы болып отыр. Мәселен, былтыр Қазақстанға көрші елден 3 миллион тоннадай астық импортталды. Соның тең жартысы заңсыз тасымалданды. Биыл да бұл тыйылмаса, елде бидайды еккеннен көрі заңсыз әкеп сату тиімдірек болып қалады. Оның үстіне мемлекет бюджет те салықтан қағылады. Егер астықты заңды түрде  импорттаса 12 процент қосымша құн салығы 20 процент табыс салығы төленеді. Сондай-ақ үшінші елге экспортталса теміржолда транзиттік тарифі алынар еді. Осы төлемдер алынбаған соң Ресей бидайы нарққа арзан бағада келіп, жергілікті дихандарды ығыстырып жатыр. Бұлай жалғаса берсе дихандардың дән себуге қызығушылығы төмендеп, алдағы жылдары өнім азаяды. Осыған жол бермеу керек дейді мамандар.