Еліміздегі инфляция қысымының себебі аталды

Қазақстан Ұлттық банкі 2021 жылғы қаржылық тұрақтылық туралы есебін жариялады. Есепке сәйкес, былтыр карантиндік шектеулердің бәсеңдеуі іскерлік белсенділікке оң әсер еткен. Сәйкесінше бұл экономикалық өсімге қолайлы болды.

Ұлттық банктің есебіне сенсек, тауар тасымалындағы қиыншылықтар мен қуат көздерінің қымбаттауы инфляциялық қысымға әкелді. Соның әсерінен экономикасы дамыған елдерде ақша-кредит саясатының күшейіп, мемлекеттік қарыз өсіп және бюджет тапшылығы байқалады. Жаһандық сын-қатерлер бізді де айналып өтпеді.

Банктер берген жаңа несиелер көбейген 

«Мемлекеттік қаржының дисбалансы фискалдық саясат үшін негізгі тәуекел. Бұл бюджет шығыстары мен мұнайдан тыс кірістер арасындағы тым үлкен алшақтықтан көрініп отыр. 2014 жылдың аяғында мұнайдың арзандауы осы саладан түсетін қосымша табыстың жинақталуына тұсау салды. Бұл Үкімет қолындағы таза активтердің төмендеуіне әкелді. 2021 жылдың соңына қарай таза активтер ЖІӨ-ге қатысты ең төменгі мәнге жетті», - делінген Ұлттық банк мәліметінде. Сондай-ақ онда жағдайды жақсарту үшін Бюджет кодексіне енгізілген фискалдық ережелерді сақтау маңызды екені айтылған. Олар Ұлттық қор активтерін сақтап, бюджет шығысының шамадан тыс өсуін тежейді. Сонымен бірге өткен жылы қаржы ұйымдарының несиелік қызметі қарқын алды. Банктердегі несие портфелі 27 пайызға ұлғайды. Ол  жеке тұлғалар мен шағын және орта бизнес субъектілеріне берілген жаңа несие есебінен өскен.   

Елде жылқы саны артты

Шаруаларда жылқы көбейді. Қамбар ата тұқымы 10%-ға артып, 4 мың басты құрады. Ірі қара мал саны да артып, 10 басқа таяп қалды. Түйе 270 мың бас; ал қой 23,7 млн басты құрады. Шілде айындағы сандар осындай болды. Бұл туралы ұлттық сатистика бюросы хабарлады. Өткен айдағы жағдай бойынша ірі қара малдың 52% халық шаруашылықтарында, 39,3% шаруа немесе фермер қожалықтарында және жеке кәсіпкерлерде, 8,7% ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында болған. Статистикаға сай елімізде ет өндірісі 3%-ға өсіп, 169 мың тоннаны құрады. Биыл алты айда 963 мың тоннадан астам мал мен құс етін союға тапсырылған. 

Франция құрғақшылықтан егіннің 19% жоғалтты

Франция тарихындағы ең қатал құрғақшылыққа тап болды. Жағдайды бақылау үшін ведомствоаралық комиссия құрылды. Оларға су пайдалануға шектеулер енгізу өкілеттігі берілген. Францияда көктем құрғақ болды, ал жазда жағдай ушығып кетті. Шілде айы соңғы он жылдағы ең құрғақ кезең ренітде есте қалды. Жаңбырдың болмауы жағдайды қиындатып жіберген. Нәтижесінде 100-ден астам қала ауыз сусыз қалды. Ылғалды үнемдеу үшін Үкімет 96 Департаменттің 93-інде сумен жабдықтауға шектеулер енгізді, оның ішінде ауылшаруашылық жерлерін суаруға тыйым салынды. Синоптиктердің болжамынша, құрғақшылық тағы екі аптаға созылуы мүмкін. Ал Францияның Ауыл шаруашылығы министрлігі жүгері дақылының 19% жоғалтқаны туралы хабарлады.