Еліміздегі құс өсірушілерге көмек керек

Жыл басынан бері құс өсірушілердің шығыны 7 млрд теңгеден асты. Өйткені жұмыртқаны өз бағасынан арзан сатуға мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саланы толғандырған түйткіл бұл ғана емес. Келтірілген кедергіге қарамастан, шаруалар ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға әрекет етіп жатыр. Құс өсірушілерге арзан жем алу үшін 200 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді. Жұмыртқа өндіруге де субсидия бөлінеді. Бірақ шаруалар шығыны әлі де шаш-етектен. Яғни қолдаудан қайыр болмай тұр. Өйткені астық қымбат, ал бөлінгені жетпейді. Мамандардың айтуынша, өнім құнының 70 процентін осы жем-шөп құрайды. Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов астықтан басқасының бәрі сырттан әкелінетінін мәлімдеді. Нарықтағы ахуал көпке аян. Валюта бағамы, логистика, қымбатшылық мәселесі бұл саланы да айналып өтпесі хақ. Ал жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының жетекшісі Максим Божко Қостанай мен Қарағанды облысындағы құс фабрикалары жыл басынан бері жарты млрд теңге жоғалтқанын айтады. Себебі сол өндіріске қажет дәрумендер, құс тұмауына қарсы вакцина бәрі қымбат әрі қарызға алынады. Сонда да шаруалар ішкі нарықты түгелдей отандық жұмыртқамен қамтыған. Алдағы 3 жылда қолданыстағы құс еті де тек Қазақстандыкі болмақ. 

ӘУЕ ОТЫНЫ ӨНДІРІСІ АРТТЫРЫЛАДЫ

Ал елдегі әуе компанияларын отандық отынмен қамту үшін өндірісті 1,5 есе арттыру қажет. Энергетика министрлігі осылайша ресейлік өнімге тәуелділікті азайтпақшы. Әйтпесе көршілер ұсынған отын тасымалы қалтаға салмақ салып тұр. Оның үстіне әлі де 300 мың тонна әуе отынына тапшылық байқалады. Ал ұшу көрсеткіші қалпына келтірілген сайын тұтыну үлесі де артып барады. Ай сайын әуе компаниялары 90 мың тонна отын жағады. Енді мамандар ішкі нарықтағы тапшылықты жою үшін жылдағы өндіріс көлемін 1 млн тоннаға арттыру қажет дейді. Бүгінде мемлекет авиа отын бағасын реттемейді. Бірақ құзырлы министр біздегі бағаның Еуропаға қарағанда арзан екенін атап өтті. Ал өндірілген өнімнің 10 проценті  тауарлық биржа арқылы сатылатын. Келешекте осы көрсеткіш екі есе ұлғаюы ықтимал.

ДИЗЕЛЬ ТАПШЫЛЫҒЫ

Жаһандық дизель нарығы да тығырыққа тірелді. АҚШ осындай отын қорын арттырған жоқ. Тіпті елде 32 жылдағы рекордтық төмендеу тіркелді. Қазір мұнда 109 млн баррель дизель отыны бар. Елде бір жылда өнім 70 процентке қымбаттаған. Ал Еуро Одақтағы жағдай тіпті мүшкіл. Компанияларға Ресей дизелін алуға тыйым салынбақ, бірақ балама көздері ұсынылмаған. Мемлекеттер газдан мұнай өнімдеріне көшуді жоспарлап отыр. Сол себепті кәсіпкерлер барынша қор жинауға тырысып бағуда. Бір жылда ресейлік дизель құны одақ үшін 22 процентке өсіп кеткен. Импорт та басқа мемлекеттерге қарағанда 200 мың баррельге артық жасалды.