Елде күнбағыс дәнінің импорты да, экспорты да артты

Наурыздан бері әлемдік өнім құны 60 процентке дейін өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өнімді қайта өңдеуге мүмкіндігіміз бар. Бірақ шикізат қоры көп емес. Жетпегенін қайдан аламыз? Тасымалға кедергі жоқ па?

Отандық  күнбағыс майын негізінен Орта Азия елдері, Қытай және Ауғанстан импорттайды. Ұлттық май дақылдарын қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимов жаһандық бағаның шарықтауы оларға қолайсыздық туғызғанын айтады.

Себебі басты тасымалдаушы саналған Украинада соғыс жүріп жатыр. Дегенмен, қазіргі баға 34 процентке төмендеп, тұрақталып келеді. Май экспортын еселеуге болады. Жыл басынан бері 92 мың тоннасы шетел асты. Биыл күн райы қолайлы болса, шаруалар 1,1 млн тонна күнбағыс дәнін ормақшы. Ал отандық кәсіпорындардың әлеуеті көбірек, 3 млн тоннасын қайта өңдеуге қауқарлы. Демек жетпеген шикізатты Ресей сияқты мемлекеттерден алуға тура келеді. Қазтрейд сарапшыларының есебінше, жыл басынан бері импорт 16 есе өсіп, 139 мың тоннадан асты. Тағы 115 мың тонна күнбағыс дәнін сыртқа шығардық. Май дақылдарын қайта өңдеушілер экспортты шектеуді сұрайды. Өйткені жаңа маусымда шикізат тапшылығына тап болуымыз әбден мүмкін.

Еске салайын, елде шілдеден қыркүйекке дейін күнбағыс дәні экспортына шектеу қойылған. Оған сай әрбір өтініш беруші 500 тоннасын ғана сыртқа шығаруға құқылы.

Ядыкар Ибрагимов, Ұлттық май дақылдарын қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы:

- 2022-2023 жылғы маусымда кәсіпорындарымызға шикізат жетпей қалуы мүмкін. Өйткені сұраныс ұсыныстан үш есе көп. Әрине, Ресейден келетін шикізат бар. Бірақ құзырлы министрлік әлемдік нарықты қаперден шығармауы тиіс. Мысалы, күнбағыс дәнін шығаруда көш басында тұрған Украинада қажетті жиын-терім орындалмай қалуы мүмкін. Оған Еуропадағы қуаңшылықты қосыңыз. Біз Үкіметке қазірден тәуекелдерді ескеріп, шикізатты өзімізде қалдыруға жағдай жасауды сұраймыз.

ЕЛДЕ КҮНБАҒЫС МАЙЫ ҚЫМБАТТАДЫ

Иә, жергілікті кәсіпорындар негізгі қуатының жартысын да орындай алмай отыр. Бірақ өндіріс тоқтап қалған жоқ. Энерджипром сарапшыларының есебінше, жыл басынан бері 235 мың тонна күнбағыс майы нарыққа шығарылды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 38 процентке көп. Әсіресе, рафинадталмаған май өндірісі қарқынды. Өсім 70 проценттен асады. Таза майдың үлесі 2,5 процентке артық. Өнімнің көп бөлігі Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай облыстарында өндірілген. Жыл басынан бері ішкі сұраныстың 84 проценті отандық өніммен қамтылды. Қалғаны импорт, әрине. Бұдан бөлек, дайын өнім әдеттегідей қымбаттап жатыр. Бір жылда күнбағыс майының құны тағы 12 процентке өскен. 

ҚАЗАҚСТАН БИДАЙ ЭКСПОРТЫН АРТТЫРДЫ

Қазақстан Италия, Әзербайжан, Түркия елдеріне бидай экспортын бірнеше есе арттырды. Бұл туралы АҚШ-тың сыртқы ауылшаруашылығы қызметі хабарлады. Дерекке сүйенсек, Иран мен Түрікменстан да импортты еселеген. Осылайша Орталық Азияға азайып қалған экспорт салдары ретке келтірілді. Былтырғы қыркүйектен бері еліміз 6,5 млн тоннаға жуық бидай мен ұн тасымалдапты. Бұл 7 процентке көп. Ал Қытай Қазақстан астығын  91 процентке аз алған. Оған пандемия әсер етті.

ЕАДБ ҚАЗАҚСТАН БАСҚАРУЫ МҮМКІН БЕ?

Ресей мен Беларусь Еуразиялық даму банкіндегі акциялар пакетінен бас тартуы мүмкін. Бұған халықаралық қаржы ұйымының санкцияларға ұшырау тәуекелі ықпал еткен. Блумберг сарапшылары таратқан дерекке сүйенсек, банк акцияларының 66 процентке жуығы Ресейге тиесілі. Ал акциялардың 33 проценті Қазақстандыкі. Демек, бақылау пакеті бізге өтуі мүмкін. Алайда ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Банк тарапы да, құзырлы министрліктер де әзірге бұл деректі растамады. 2006 жылы құрылған қаржы ұйымының жарғылық капиталы 1,5 млрд долларға тең. Банк қатысушы мемлекеттердің экономикасына 12 трлн доллар инвестиция құйған.