Жылыту маусымы қарсаңында көмір қымбаттады

Жылыту маусымы қарсаңында көмір тағы 7 процентке қымбаттады. Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов осылай деді. Бағаның өсуіне не әсер етті? 

"Қазақстан темір жолы" желісі арқылы көмір экспорты 12%-ке өсті. Сөйтіп, 7 айда еліміз 20 млн тоннаға жуық қатты отынды шекара асырды. Оның дені Ресей, Орталық Азия және Еуропа елдеріне бағытталған. Көмірді ел ішінде тасымалдау 1,5 процентке артқан. Оның 37 млн тоннасы ЖЭО-на, 5 млн тоннадан астамы халыққа жөнелтілді. Бұл былтырғыдан 26 процентке көп. Жалпы алғанда ұлттық компания желілері арқылы 62 млн тонна көмір тасымалданған. Яғни өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6%-ке артық. Экономика үшін ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш, бірақ қарапайым халыққа көмір бағасы қолжетімді емес. Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовтің сөзінше, темір жолдар бойынша отынды жеткізу жыл басынан бері, орташа алғанда, 5%-ке қымбаттапты. Биыл елде көмір құны 30 процентке өскен. Тамыздың басында ғана баға 7%-ке көтерілді. Оның үстіне энергия өндіруші кәсіпорындардың кейбірі шекті тарифті тағы да өсіруді сұрауда. Бұл да бағаға ықпал етері хақ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әлеуметтік көмірді арттыру арқылы мәселені реттеуге уәде берді. Жалпы елде жылыту маусымына дайындық ерте басталды. Қоймаларға 7 процентке көп көмір жиналған. Өнімнің 10 проценті биржаға шығарылады. Келешекте оның үлесін 50 процентке жеткізу көзделеді. Бұл делдалдардың араласуын тежейтін бастама дейді мамандар. 

Тұрар Жолмағамбетов,  ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары: 

- Қазір біздің министрлік приказ жасап жатырмыз. Яғни автомобильдік транспортқа шектеу. Яғни әлеуметтік көмірдің басқа елге шықпас үшін. Біз алдын ала ұлттық кәсіпкерлік палатасымен келісіп жатырмыз. Яғни бұл бизнеске нұқсан келе ме, келмей ме жалпы? Яғни осы көмір шығаратын, таситын кәсіпорындарға кесірі тимеу керек. Атқарылып жатқан жұмыстар осы. Біз мүмкіндігінше бүгін ұсынысты көп жасап жатырмыз. Яғни сол уақытта көп көлемде, қоймаларда көмір болатын болса, оның бағасы өспейді дегенге келтіреді. 

Газ бағасы шарықтап барады

 Еуропада табиғи газ тағы текше метр 4000 долларға жетуі мүмкін. Ресейлік сарапшылар осылай болжайды. Қазір баға 6 процентке қымбаттап, 2450 долларға жетті. Оған осы Ресей экспортының 40 жылдағы ең төменгі деңгейге құлдырауы себеп дейді сарапшылар. Газды тасымалдау да қиынға соғуына байланысты үкіметтер көмір мен мазутқа көшуді көздеп отыр. Блумберг осылай мәлімдеді. Мамандардың есебінше, қатты отынға сұраныс әрі таяуда күшіне енген эмбарго әлемдік бағаның шарықтауына алып келеді. Қазірдің өзінде көмір құны үш есе қымбаттап, бір тоннасы 225 доллардан 680 долларға жеткен. Газ құнының тұрақталар түрі жоқ. Соның нәтижесінде биыл әлемдегі көмір тұтыну рекордтық деңгейге жетеді. Халықаралық энергетика агенттігі екінші жарты жылдықта Қытайдың экономикасы қалпына келетін болса, жаһанда 8 млрд тонна қатты отын пайдаланылатынын болжауда. Келесі жылы оның үлесі арта түседі.

Қытайда ипотекалық дағдарыс күшейді 

Қытай демекші, елде ипотекалық дағдарыс күшейіп барады. Мұндағы тұрғын үй құны арзандап жатқанына жылға жуықтады. Оған сұраныстың күрт азаюы алып келген. Ал құрылысшылар қарызға белшеден батты. Жыл басынан бері компаниялар 55 млрд доллардан айырылды. Нарықтағы баға 27 процентке төмендеген. Бұл 2012 жылғы ең сәтсіз көрсеткішке тең.  Бірақ жергілікті билік саланы құрдымға кетірмеудің амалын жасауға уәде берді. Жобаларды қолдауға 148 млрд доллар инвестиция тартпақ.