Бүгінгі астық нарығындағы экспорт тоқтап тұр

Үкімет 30 қыркүйекке дейін шектеу енгізген. Тек қана квота алған кәсіпорындар ғана бидайды шетелге шығарып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы орайда сарапшылар квотаның кемшін тұстарын атады. «Егін көлемі биыл былтырғыға қарағанда көп мөлшерде болады. Егін орағы да ерте басталды. Сондықтан қазір Қазақстанның экспорттық әлеуеті өте жоғары», – дейді мамандар. Бірақ квотаның кесірінен экспортқа шектеу тұр. Елміздің астық экспорттаушылары мен шаруа қожалықтары бұл шектеуді алуды сұрап Үкіметке хат та жолдапты. Енді сала қызметкерлері жақында ғана тағайындалған сауда минситрінен үміт күтеді. Ал астық экспортын шектеуге қатысты шешімді ведомствоаралық комиссия шығарады.

Әлібек Атай, «Kazgrain» ұлттық экспорттаушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары:

– Биыл бидай бітік шыққаннан кейін оны қайда сақтаймыз. Ол енді қырманға толып. Қырмандар орысша айтқанда «затоваривание» болып қалады. Бидайдың құны және сапасы төмендеп қалады бір ай жатқанда. Далада жатса, сондықтан оны қырманға, элеваторға әкеліп экспорттау керек. Біз сауда министрін күткенбіз, кеше ғана тағайындау болды. Біздің пайымдауымыз бойынша тамыздың аяғына дейін шешім болады деген үміттеміз.

Комиссияның шешімі жақын арада шығады-ау. Ендігі мәселе бағаға келіп тіреледі. Россельхознадзордың мәліметінше ЕАЭО елдеріне жылына 1,5 млн тоннаға дейін ресейлік астықтық заңсыз тасымалданады. Бұл Қазақстанға да қатысты статистика. Көлеңкеде қалған көрші елдің өнімі шекарадан бері қарай өткенде біздің бидайдың бағасына кері әсер етеді дейді сарапшылар. Елдала.кз басылымының хабарлауынша, заңсыз астық айналымынан қазақстандық кәсіпкерлерге жылына 400 млн доллар шығын келеді. Ал бюджет біршама салықтық түсімнен қағылады. Котрабандистер ҚҚС төлемей шекадаран өткізген астықты Қазақстанда тіркеп, әрі қарай Өзбекстанға экспорттайтын көрінеді. Бұл қаншалықты рас?

Әлібек Атай, «Kazgrain» ұлттық экспорттаушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары:

– Негізі рас, иә. Сөздің шыны керек, ондай мәселе бар бүгінгі күнде. Бірақ негізі экспорттаушылардың көбісі түзу. Өйткені Ресейден бидайды мына жаққа шығару енді шекара үлкен болғанымен, бірақ ол оңай нәрсе емес. Бірақ мысалы, қараңыз. Жүк көлігіне 25 тоннадай рұқсат етілген. Бірақ біздің кейбір кәсіпкерлер оның үстіне қосып тіркейді де. Мысалы, 10 тонна 15 тонна артық тіркейді. Сол 10 тоннаны контрабанда болып есептеледі. Түпкі проблемасы біздің жергілікті акиматтардағы «приписка» дейміз ғой, өтірік жазылған объемдар. Соны жабу үшін біздің жергілік әкімдіктерге мына контрабанда деген тиімді болып тұр да. Контрабанда емес, ол қатты айтылған сөз негізі.

Бидай бағасына не әсер етеді?

Биыл Ресей мол өнім күтіп отыр. Онда бидай бағасы тоннасына 10 мың рубльге дейін төмендеді. Біздің ақшаға аударғанда 76 мың теңге.

Айта кетейік, Қазақстанда 3-сұрыпты бидайдың бағасы бұдан екі есе жоғары, тоннасына 130 мың теңге. Себебі ресейлік астыққа экспорт кезінде тоннасына 38 мың теңге мөлшерінде баж салынады. Бұл олардың ішкі нарығын қорғайды. Ал қазақстандық бидай экспортқа баж салығынсыз кетеді. Алайда экспорттаушы кәсіпорын азық-түлік корпорациясына шетелге жөнелтілетін астықтың 10% - ін 116 мың теңгеден сатуы тиіс.

Ал дайын өнімге келсек, бір жылда ұн шамамен 37%-ке қымбаттады деп хабарлайды Energyprom.kz . Бірінші сұрыптағы ұнның келісі қазір 225 теңге. Жоғары сорттыкі 343 теңге. Биыл елде 1,6 миллион тонна ұн өндірілді. Өндірістің басым бөлігі Қостанай облысының еншісінде. Үштікке Солтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент кірді.

Қазақстанның ұны негізінен ТМД елдеріне экспортталады. Биылғы бес айда экспортталған өнімнен 86 процентке көп пайда түскен. Қаңтар-мамыр аралығында ұн экспорты 300 миллион долларға жуық ақша әкелді. Қазақстандық ұнды негізінен Өзбекстан, Түркменстан және Тәжікстан сатып алады. ТМД-ға кірмейтін елдерде келсек, отандық өнім негізінен Ауғанстанға экспортталды.