ЕАЭО мемлекеттік қарызы 440 млрд долларға жуықтады

Дүниежүзілік банк жыл соңына қарай әлемдегі тыңайтқыш 70 процентке қымбаттайтынын болжаған еді. Бүгінде Еуропадағы алпауыт өндірушілер нарықтан кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

ЕАЭО-қа мүше елдердің мемлекеттік қарызы 440 млрд долларға жуықтады. Оның ішінде сыртқы берешек 85,3 млрд доллардан асқан. Деректі Еуразиялық экономикалық комиссия ұсынды. Жарты жылда ішкі және сыртқы қарыз үлесі 23 трлн теңгеге жуықтаған. Экономист Бауыржан Ысқақов біздегі қарыздың негізінен әлеуметтік шығындарды өтеуге жұмсалатынын айтады. Ол шетелден алған қаржыны экономикаға бағыттап, адами капиталды дамытуға арқау ету керек дейді. Қазір мұнайдың арқасында жыртығымызды жамап отырғанымыз рас. Сарапшы бұл сарқылар болса, мойындағы қарыздан құтылу мұң болатынын айтады. Өкінішке қарай, елдегі квазимемлекеттік сектор қажеттілігін халықаралық ірі қаржы ұйымдарының ақшасына өтеуді әдетке айналдырған. Экономист компания банкроттыққа ұшыраған күннің өзінде қарыздың мемлекетке аманатталатынын жеткізді.

Бауыржан Ысқақов, экономика ғылымдарының кандидаты:

Негізінен сырттан келетін инвестициялық толқындардың бәрі қазба байлықтарымызға қарай бағытталып кеткен. Осындай таусылатын көздерді инвестициялық қаражат объектісіне айналдыруды азайтуымыз керек. Сыртқы қарызды жөн-жосықсыз емес, экономикалық қайтарымы болатын салаларға бағыттау керек.

АСТЫҚ АРЗАНДАСА, АЗЫҚ ТА АРЗАНДАЙДЫ

Елде астық арзандауы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биыл 25 процентке көп өнім жиналатынын болжады. Яғни қамбаға 13,5 млн тонна дәнді-дақыл түсу керек. Оның 300 мыңы бидай. Жалпы елде қазір 2,2 млн тонна астық бар. Оған қоса, Ресей Солтүстік өңірлерге 1,2 млн тоннасын экспорттауға дайын отыр. Бұл бағаны төмендетуге мүмкіндік берді дейді министр. Жаңалық, әсіресе, құс өсірушілердің үмітін жақты. Ресейден келетін импорттың шектелуі салдарынан жаз бойы бидай тоннасы 175-180 мың теңгеге сатылған еді. Бұл жұмыртқа мен құс еті өндірісіне салмақ салды. Себебі дайын өнім құнының 70 процентін бидай бағасы құрайды. Ал өндіріске қажет жабдықтар, вакцина, дәрумен түгелдей шетелден алынады. Тек астық қана өз елімізден. Оның өзі шаруаларға қолжетімсіз болып қалған. Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов соның салдарынан 10 фабриканың жұмысын кідірткенін мәлімдеді. Астық арзандаса, өндіріс те қалпына келуі мүмкін дейді сарапшы.

Еліміз 11 азық-түлік түрімен толық қамтылған. Оның ішінде құс еті мен жұмыртқа бар. Құс өсірушілер алдағы уақытта ет өндірісін ұлғайтуды көздеп отыр. Біз бүгін өңірлердегі тауық сүбесінің құнына шолу жасадық.

Ақтауда тауықтың сүбе еті 1590 теңге. Алматыдағы баға 1650 теңгеден басталады. Петропавлда 50 теңгеге қымбат. Бас қалада тауық сүбесі 1775 теңгеден сатылады. Қостанайда 2000 теңге.

ТЫҢАЙТҚЫШ ӨНДІРУШІЛЕР НАРЫҚТАН КЕТПЕК

Ал Еуропалық тыңайтқыш өндірушілердің 10 проценті нарықтан кетпек. Газ бағасының шарықтауы батыстағы өндірісті тоқтатуы мүмкін. Ал аммиак бағасының 80-90 процентін дәл осы отын құны құрайды. Тамызда газ тағы 30%-ке қымбаттады. Сол себепті Норвегия, Германия, Польша, Литва, Франция, Ұлыбритания және Венгриядағы кәсіпорындар істі дөңгелетуге қауқарсыз екенін жеткізген. Жаһандағы аммиак өндірісінің басым бөлігі осы мемлекеттерге тиесілі еді. Демек, онсызда қымбат тыңайтқыш құны тағы аспандауы ықтимал. Ал сарапшылар газ бағасы алдағы 1-2 жылда арзандай қоймайтынын болжайды. Жалпы әлемде бір жылда 140 млн тонна тыңайтқыш қолданылады. Еуропалық өндірушілер нарықтан кетсе, оның 15 млн тоннасына тапшылық туындауы мүмкін.