Елде мал бордақылау алаңдары жоқ – шаруалар

2050 жылға қарай жаһандағы ет тұтыну көрсеткіші 76 процентке артады. БҰҰ сарапшыларының болжамы осындай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Қазақстанның экспорттық әлеуеті жоғары. Биылғы 7 айда шамамен 58 млн доллардың өнімі шет ел асты. Бұл рекордтық көрсеткіш. Жарты жылда еліміз 4 мың тоннаға жуық қой етін экспорттаған. Шаруалар мүмкіндігіміз одан да зор деп отыр. Тек қолдау қажет. Елде 20 млн ұсақ мал бар. Алайда оны бордақылау алаңдары жоқтың қасы. Шаруалар көтергенімен, мәселенің шешілер түрі жоқ. Ал тірі мал экспортына тыйым салынуы керек. «Шопан ата» ұлттық агро қозғалысының төрағасы Алмасбек Садырбаев шикізатты өңдеп, дайын өнім күйінде сатқан тиімді екенін айтады. Трейдерлер де шет мемлекеттермен байланыс орнатуға дайын. Алмасбек Садырбаев жылына 2 млрд долларға қой етін экспорттауға мүмкіндік барын айтады. Қазір отандық өнімді БАӘ мен Қатар халқы тұтынады. Негізгі тұтынушылардың бірі – Өзбекстан да қой еті импортын 10 есе арттырған. Оларға 3000 тоннадан аса өнім жөнелтілді. Бұл нарық ұсақ малдың өзін де алуға ниетті. Еске салайын, жыл басында Қазақстанда тірі мал экспортына тыйым салынды. Кейін ведомствоаралық комиссия шешімін қайта қарап, тыйымның орнына квота енгізуді қолға алған. Оған сай жалпы қой басының 10 процентін ғана экспорттауға рұқсат. Ал былтыр 280 мыңға жуық ірі және ұсақ мал сыртқа сатылды. Оның 90 процентін өзбектер алды.

Алмасбек Садырбаев, «Шопан ата» ұлттық агро қозғалысының төрағасы:

Тірідей малды экспорттауға болмайды. Өйткені біз өнімді шикізат ретінде жібереміз. Ол дұрыс емес. Өңдеу арқылы жіберу керек. Бірақ біз бүгінгі күнде үкіметке позициямен шығып жатырмыз. Жарайды, уақытша 1-2 ай тірі малды жіберейік. Өйткені ішкі нарықта малдың басы көбейіп кетті. Оны азайту керек. Шаруалар өсірген малына қаражатын алу керек. Сонымен қысқы жем-шөбін, басқасын дайындау керек. Айлығын төлеу керек.

ЕТТІҢ ҚЫЗЫҒЫН ДЕЛДАЛ КӨРІП ОТЫР

Қой шаруашылығы ішкі нарықты 102 процентке қамтып отыр. Ет экспорты жолға қойылғанымен, импортқа тәуелділік жоқ. Иә, қой еті өзгесіне қарағанда қымбатырақ. Тоңазытқышты сапалы әрі пайдалы өнімге толтыру әркімге мүмкін бола бермейді. Шаруалар мәселенің Үкіметті толғандырмағанына қапалы.

Алмасбек Садырбаев, «Шопан ата» ұлттық агро қозғалысының төрағасы:

Шамаменен қойдың еті 1600-1800 теңге. Шаруалар өткізеді ет комбинаттарына. Базардағы бағасы 2500-3000 тг төңірегінде. Ортадағы делдалдар көп. Бір жағы осындайда айтып өту керек. Президенттің ұсынысы өте керемет болған. Біз үміттендік. «Даладан сөреге» дейін деген. Бүгінгі күнде ол жұмыс жасап жатқан жоқ. Оны жұмыс жасатайын деген Үкіметтің ұстанымы да жоқ, қауқары да жоқ.

КӨЛІК ҚУАТТАУ ЖОБАСЫ

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елде тоқпен жүретін 665 техника тіркелген. Оның 518-і жеңіл көлік. Әсіресе соңғы 2 жылда темір тұлпардың бұл түріне қызығушылық артқан. Биыл 275-і жеткізілді. Құзырлы министрлік негізгі тасымалдаушылардың АҚШ, Германия, Қытай, Корея, Ресей екенін мәлімдеді. Отандық құрастырушылар да электромобиль шығаруға ден қойып жатыр. Қазақстанда электрлі көліктерді қуаттауға арналған 107 станса бар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, олар әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Ақтау қалаларында орнатылған. Тағы біреуін Нұр-Сұлтан-Щучинск бағытынан кездестіруге болады. Елде 5 жылдан бері электромобиль өндірісін дамыту және қажетті инфрақұрылымды құру бойынша пилоттық жоба жүзеге асуда. Арнайы жол картасы да бар. Стансалар желісі Қытай тәжірибесіне негізделген. Олар 1-3 сағат аралығында 22 кВт қуатта ток өндіруі керек. Әрі бір сәтте 4 көлікті қуаттандырады.

ШЕТЕЛДЕ ДЕМАЛУШЫЛАР КӨБЕЙДІ

Қазақстан мен Қатар арасындағы әуе байланысы нығайып келеді. Қазір Доха-Алматы бағытында аптасына 4 рейс жасалса, алдағы көктем-жаз мезгілінде Нұр-Сұлтан-Доха бағыты ашылмақ. Қос тарап сондай-ақ авиация мамандарының біліктілігін арттырып, елімізге инвестиция тартуға уағдаласты. Жалпы қазақстандықтар шет елде демалуды жиілеткен. Жарты жылда 3000-ға жуық отандасымыз өзге мемлекеттерге сапар шекті. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 110 процентке көп. Десе де, пандемияға дейін, яғни 2019 жылдың 6 айында саяхатшылар саны 5 млн-ға жуықтаған. Биыл елге келген туристер саны 132%-ке артыпты.

Авторы: Мерей Мұратханқызы