Тұрғын үй бағдарламасын тоқтату керек – Сарапшы

Орталық банктердің базалық мөлшерлемені арттыруы жаһандағы баспана құнын төмендетіп жатыр. Блумберг сарапшылары экономикасы тұрақсыз мемлекеттерде баға екі есе төмендеуі мүмкін дейді. Ал біздегі ахуал қандай?

"7-20-25" бағдарламасы аяқталған соң елде жаңа үйлерге сұраныс күрт төмендеуі мүмкін. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы осылай болжайды. Зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат етілгелі баспана құны шарықтап шыға келгені рас. Ал биыл шекті мөлшер көбейтілгеннен кейін ай сайынғы келісімдер саны азайып кеткен. Қауымдастық өкілдері баспана бағасы мен халықтың табысы мүлде қабыспай қалғанын айтады. Жалпы жыл басынан бері елде 900 млрд теңге көлемінде ипотекалық несие берілген. Бұл былтырғы кезеңнен 20 процентке көбірек. Осылайша сарапшылар нарықтың мемлекеттік қаржыландыруға тәуелді екенін байқаған. Себебі ипотеканың 90 проценті мемлекеттік бағдарлама аясында рәсімделіпті. Қауымдастық жаңа тұрғын үй бағдарламалары ашылған күннің өзінде аз қамтылған және табысы төмен азаматтарға арналуы керек десе, қаржыгер Нұрғали Нұрмахамбетов әзірге бағдарлама құруға асықпау керек деген пікірде. Оның болжауынша, сұраныстың азаюы елдегі баспана құнын 30 процентке дейін түсіруі мүмкін. ++ЦИТАТА

Нургали Нурмахамбетов, қаржыгер:

Қазақстанның азаматы ретінде мен мұндай бағдарламаны қолдаймын әрине. Бірақ қаржыгер ретінде келісе алмаймын. Бұл инфляциядан айыға алмай отырған экономикаға қыруар ақша құю деген сөз. Жүйеде ақша көп болған сайын, тауарлар қымбаттай береді. Бұл инфляцияны үдетумен тең. Қазақстандықтар онсыз да қиналып қалды. Тым болмаса бір жыл жеңілдетілген бағдарламасыз өмір сүріп көру керек)) 

Бір жылда елдегі баспана құны 26 процентке өскен. Ал жаңа пәтерлер 18 процентке қымбаттады. Жыл басынан бері тұрғын үйді сату-сатып алу келісімдері аз жасалғанымен, тамызда көрсеткіш оңала бастаған. Елде 35 мыңнан аса үйде қоныс тойы тойланған. Бұл алдыңғы айдан 17 процентке көп. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, әсіресе Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы көрсеткіш айтарлықтай. Келісімнің 12 мыңы осы қалаларда рәсімделген. 12 өңірде белсенділік байқалады. Ал Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарындағы көрсеткіш шамамен 30 процентке төмендеген.  Мамандар екі бөлмелі пәтерге сұраныс артқанын айтады. Үш бөлмелі және 6 бөлмеден көп пәтерлер де жаңа иесін тауыпты.

ТАМЫЗДА 35 686 БАСПАНА САТЫЛДЫ

Бір бөлмелі пәтер - 9 822

Екі бөлмелі пәтер - 9 879

Үш бөлмелі пәтер -  5 529

Алты бөлмеден көп пәтерлер – 28

Көп пәтерлі үйлер - 74,3% (26 508 келісім)

Жер үй - 25,7% (9 178 келісім) 

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында тексерушілердің көптігі кеденге теріс әсер етіп жатқанын сынға алды. Тіпті шекараға интеграцияланған кедендік бақылау тәсілін енгізу қажеттігі сөз болды. Ол жыл басында да қазақ-қытай шекарасындағы кедендік есеп берудегі айырмашылық жер мен көктей екенін алға тартқан еді. Міне мемлекеттік кірістер комитеті 7 айда қос елдің тауар айналымы 13 жарым млрд доллардан асқанын мәлім етті. Бұл рекордтық көрсеткіш. Әсіресе біздің өнімге сұраныс артқан екен.  Былтырғы жарты жылдықпен салыстырғанда экспорт 52 процентке өсіпті. Оған мұнай тасымалының екі есе артуы себеп. Ал шілдеде Қытай тарапы экспорт үлесін 1,7 млрд доллар деп көрсетсе, Қазақстандағы импорт 865 млн доллар делінген. Айырмашылықты өзіңіз бағамдаңыз. Теңгеномика сарапшылары әсіресе киім-кешек, аяқ киім, ойыншықтар бойынша көрсеткіштер қабыспайтынын атап өтті. Ал қаңтар-шілде көрсеткіші бойынша сандардың сәйкеспеуі 32 процент деңгейінде. Мемлекет басшысы түйткілді шешу үшін "Кедендік рәсімдеу орталықтары "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істеуі тиіс" деді. Айтпақшы, осы 7 айда еліміздің үшінші мемлекеттермен сыртқы сауда айналымы 60 млрд долларға жуықтаған.

Қытай демекші, жыл басынан бері юань 9,7 процентке құлдырап кеткен. Бұл 2 жылғы рекордтық көрсеткіш. Елдің сауда профициті былтыр 79 млрд доллардан 59 млрд, яғни үш айлық минимумға дейін төмендеген еді. Бұған пандемия мен қуаңшылық әсер етті. Бірақ мұндағы экономика АҚШ сияқты сауда балансы тапшылығына тәуелді емес. Мемлекет импортқа қарағанда, экспортқа көбірек көңіл бөледі. Бұл ретте валютаның құнсыздануы қиын жағдай емес. Бірақ жаһандық валюта резервіне үміткер ел үшін "болжамды" ақша-кредит саясатын жүргізу талап етіледі.