Салықтың көптігі салаға кедергі болып тұр – экономика

2023 жылы елде жаңа Салық кодексі әзірленеді. Оның басты мәні – фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту. Бұл туралы Мемлекет басшысының биылғы жолдауында айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал қоғамдық тамақтану қауымдастығы салаға үш пайыздық мөлшерде салық салу бастамасын көтеріп отыр. Шағын бизнестің бірнеше жеке кәсіпкерлікке бөлініп кетуіне бір ғана себеп бар. Қоғамдық тамақтану қауымдастығының төрағасы Гүлбану Майғаринаның айтуынша, қосымша құн салығының шекті мөлшері фискалды чектердің соғылмауына алып келеді. 2023-те ол 20 мың АЕК, яғни 61 млн теңгеге дейін төмендейді. Алым-салықтың көптігі салаға оңай соғып тұрған жоқ. Сондықтан мамандар Президент жолдауына үн қосып, бөлшек салықты шексіз мерзімге 3%-ке дейін төмендету бастамасын көтерді. Сонымен қатар еңбекақы салығын ең төменгі жалақыдан 20%-ке дейін төмендетуді сұрайды. Айналымнан бөлшек салық былтыр алына бастады. Ол бойынша шағын және орта бизнес ҚҚС-нан босатылуы тиіс. Бірақ қызмет түрі мен салықтық режим мерзімі шектеулі болғанына байланысты, оған қызығып отырған ешкім жоқ. Мамандар режим мерзімін шектемеуді сұрайды.

Гүлбану Майғарина, қоғамдық тамақтану қауымдастығының төрағасы:

– Саладағы жұмысшылардың 90 проценті аз қамтылған азаматтар. Олардың көбін біз ресми түрде тіркей алмаймыз. Егер еңбекақы салығын ең төменгі жалақыдан 20 процентке төмендетер болса, бізден салықтық түсімдер артар еді. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу көбейеді. Ал бизнес үшін бухгалтерлік есеп жеңілдер еді. Жалақыны «конвертпен» беру үрдісі тоқтайды. Салаға инвестиция тарту ісі де жолға қойылар еді. Біз мәселенің мемлекет басшысының назарына іліккеніне қуаныштымыз.

КӨМІР ӨНДІРІСІНДЕ ЖҰМЫСШЫ АЗ

Әлемдегі энергетика саласында 65 млн адам жұмыс істейді. Бұл пандемияға дейінгі кезеңнен 2 процентке көп. Көрсеткіштің көбеюіне жасыл энергиямен айналысатын кәсіпорындардың саны артуы себеп. Халықаралық энергетика агенттігінің дерегінше, саладағы жалдамалы жұмысшылардың тең жартысы осында. Кейбірі жаңартылатын энергия көздерін салуға ат салысып жатса, қалғаны отынды жеткізуге көмектеседі. Ал мұнай-газ саласында әзірге ілгерілеушілік байқалмайды. Өйткені 2020 жылы мұнда үлкен қысқарту жүрген. Әзірге сұйытылған табиғи газ өндірісіне жұмысшыларды тарту жолға қойылды. Ал көмір өндіруде, керісінше, азайып жатыр. Агенттік өкілдері энергетика саласында жұмыспен қамтылғандардың тең жартысы Азия-Тынық мұхиты аумағында шоғырланғанын айтады.

ТУРИЗМНІҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ

Еуропада туризм дамып жатыр. Әсіресе жазда батысты бетке алғандар көбейіпті. Мамандар мұндай ахуалдың күз бен қыста да сақталарына сенімді. Зерттеу жүргізген ұйым өкілдері шілде мен тамызда Түркия мен Грекияға барған шетелдік әуе жолаушыларының 9,2 процентке көбейгенін аңғарған. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен де жоғары. Қазірдің өзінде қос елге демалысты броньдау 20 процентке өсіпті. Ал Португалия, Исландия, Испанияға керісінше азайған. Жалпы зерттеуден Стамбул мен Афинаға рейстер саны күрт артқанын көруге болады. Бірақ, мамандар көктем мен жаз басында әуе компаниялары сұранысты дер кезінде өтей алса, көрсеткіш анағұрлым көп болар еді дейді.

Авторы: Мерей Мұратханқызы