Елде қант қызылшасын өсірушілерге субсидия беріледі

2023 жылы қайта өңдеуге тапсырылған қант қызылшасын субсидиялау көлемі ұлғайтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл үшін 11 млрд теңгеден аса қаражат бөлу жоспарланған. Тұқым, тыңайтқыштар мен техника құнының біраз шығыны да мемлекет есебінен өтелуі мүмкін. Көмек ақы қалай есептеледі? 2023 жылдан бастап қайта өңдеуге тапсырылған қант қызылшасын субсидиялау бір тоннасы үшін 40 млрд теңгеден асады. Яғни норма қазіргі тағы 25 мың теңгеге ұлғайтылады. Бұл мақсатқа бюджеттен қосымша 11 жарым млрд теңге бөлінбек. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабектің айтуынша, тұқым, гербицидтер, тыңайтқыштар құнының 50%, сондай-ақ техника бағасының 25%-не субсидия беріледі. Қазір техниканың рұқсат етілген ең жоғары құнының лимиті белгіленуде. Жеңілдетілген дизель отыны да қарастырылған. Мұның бәрі негізсіз емес дейді мамандар. Биыл ғана шаруашылықтардың 1 гектарға жұмсаған шығыны 900 мыңнан 1 млн теңгеге жеткен. Шикізатты қабылдау құны 40 мың теңге болды. Осылайша қант қызылшасының өнімділігі жүгері, рапс, соя сынды дақылдардың деңгейіне теңестірген. Десе де құзырлы министрлік салаға қолдау көрсете бермек. Бұл үшін арнайы кешенді жоспар әзірленді.

Әбілқайыр Тамабек, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– Мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру аясында қызылша жинайтын комбайндарды сатып алуға өтеу нормативін 50% дейін ұлғайтуды пысықтап жатырмыз. Мемлекеттік қолдаудың жаңа ережелері 2023 жылдан бастап күшіне енеді.

ӨҢДЕЛГЕН ТАУАРЛАР ЭКСПОРТЫНА ҚОЛДАУ

Алдағы 3 жылда елде экспорт үлесі 41 млрд долларға артады. Оның 30 млрд-ы өңделген тауар, қалғаны қызмет түрінде ұсынылады. Сауда және интеграция министрлігінің болжамы осындай. Алайда кәсіпкерлер бұған күмәнмен қарайды. Себебі шикізаттық емес өнімдерді сатуда тәуекел көп. Ең алдымен банктер ауыл шаруашылығын қаржыландыруға құлықсыз. Оған логистика жайын қосыңыз. Әкімшілік кедергілер тағы бар. KazakhExport компаниясының басқарма төрағасы Аслан Қалиғазинның айтуынша, байырғы импорттаушы Өзбекстан қазақстандық ұнға алым-салықты көтеріп жіберген. Есесіне мемлекеттік дотация арқасында біздің бидайды кедергісіз алып отыр. Бұл отандық трейдерлер үшін тиімсіз. Аслан Қалиғазин төлем жасалмаған жағдайда кәсіпорын шығындарын өтеуге болатынын айтады. Айналым капиталын екінші деңгейлі банктерден несие арқылы тартуға болады. Ал компания кредиттік тәуекелді өз мойнына алады. Сақтандыру шығындары тауар бағасына қосылуы мүмкін. Жалпы KazakhExport компаниясы өңделген тауар экспортын қолдауға дайын дейді сарапшы.

АВТОКӨЛІК НАРЫҒЫ

Биыл елдегі тұтынушылық импорт 8,6%-ке өсуі мүмкін. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов қысқа мерзімге арналған болжам аясында осылай деді. Қазақстандық өндірістің болмауы салдарынан ішкі қажеттіліктер жылдан-жылға артып жатыр. Ресми автокөлік импорты 2016 жылғы 417 млн доллардан былтырғы 1,3 млрд долларға, яғни үш есе өсті. Банк өкілі автокөлік нарығының кеңеюіне ЕАЭО елдерінен және жеке тұлғалардың темір тұлпарды Ресейден бейресми түрде әкелуі әсер еткенін айтады. Ұлттық Банк осындай көлеңкелі импортқа баға берген. Оның нәтижесі қазан айында жарияланады.

ЦИФРЛЫҚ ЕУРО

Еуропаның орталық банкі цифрлық еуроны сынап көрмек. Ал қолданушылар интерфейсін жасауға Амазон, Еуропалық төлем бастамасы, Испания, Франция және Италия банктері көмектеседі. Дегенмен, Еуропаның орталық қаржы ұйымы цифрлық валютаны баламалы төлем құралы ретінде пайдалану бойынша бір шешімге келмеген. Оны келесі күзде ғана біле аламыз. Әзірге цифрлық валютаның қолдану аясы мен дизайны пысықталады. Сынақ нәтижесін 2023 жылдың алғашқы тоқсанында белгілі болады. Банк жоспарына сүйенсек, Amazon цифрлық еуроның электронды саудадағы қызметін айқындайды. Испания банкі мобильді қосымша әзірлейді.

Авторы: Мерей Мұратханқызы