Долларға қатысты болжам айтылды

Биыл базалық мөлшерлеме 16%, инфляция 20%-ке дейін, ал доллардың бағамы жыл соңына дейін 490 теңге деңгейін өсуі мүмкін. Нарық қатысушылары осындай пікір білдірген.

Мұны Centras Securities-ке сілтеме жасап, LS агенттігі  хабарлады. Мысалы, шикізат пен азық-түлік бағаларының жалпы әлемдік индексі бесінші ай қатарынан төмендеп барады. Бұдан басқа, көптеген мемлекет ақша-несие саясатын қатаңдатып жатыр. Бұл олардың экономикалық өсуін баяулатады. Осыған байланысты инфляциялық қысым Қазақстанды да айнылып өтпейді. Жыл соңына дейін теңгенің әлсіреуі әбден мүмкін. Себебі федералды резервтік жүйе проценттік мөлшерлемелерінің агрессивті өсуі доллар активтерінің тартымдылығын арттырады дейді сарапшылар. Қазіргі уақытта доллар индексі өзінің жиырма жылдағы ең жоғары деңгейіне жетті.  Бұл дамушы нарықтардан капиталдың кетуін ынталандырады, оған Қазақстан да жатады. «Бір жылдан кейін $1 бағамы 492 теңгені құрауы мүмкін, деп хабарлады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.

Қазақстандықтар ₸192 млрд доллар сатып алған

Доллар демекші, қазақстандықтар тамызда шетел валютасын сатып алуға 192 млрд теңгеден астам жұмсады. Ұлттық банктің мәліметінше, өткен айда айырбастау пункттері осындай көлемде шетел валютасын сатқан. Соның ішінде көбі доллар сатып алыпты. Америкалық валютаны алуға отандастарымыз 147 млрд теңге жұмсаған. Еуроға 40 млрд теңге, юаньға 12 млн теңгеден астам жұмсады. Сонымен қатар тамызда айырбастау пункттерінде 4,4 млрд теңгеге рубль сатып алыпты. Көрші елдің азаматтары Қазақстанға ағылғанын ескерсек, осы айдың қорытындысы қандай болатыны қызық әрине. Өңірлер бойынша өткен айда ең көп американдық валютаны Алматыда сатып алған. Онда айырбастау пункттері шамамен 62 млрд теңгеге долларды өткізді. Рубль де Алматыда көптеп сатылған. Шымкентте 28 млрд теңге, ал Маңғыстау облысында 8 млрд теңгеден астам сомаға доллар алыныпты.  Ал ШҚО мен Абай облысында долларға сұраныс аз екен. Ондағы азаматтар америкалық валюта алу үшін 1,3 млрд теңгеге жұмсапты.

Қазір пәтер жалдау қанша тұрады? 

Қазақстанда пәтер жалдау қанша тұрады деген сауал соңғы уақытта жиі қойлатын болып жүр.  Елде бір бөлмелі пәтерді айлық жалдау құны қазір 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жетеді.  krishа.kz жылжымайтын мүлік нарығындағы сұраныс пен ұсынысты саралап, бағаларды жазып шықты. Сонымен, елордада бір бөлмелі пәтерде бір ай тұру 180 мың, Қостанайда  200 мың теңге. Екі бөлмелі пәтерді жалдаудың орташа құны Ақтауда 140 мың теңгеден Алматыда 350 мың теңгеге дейін жетеді. Шымкентте екі бөлмелі пәтерді 150 мың теңгеге, Астанада 250 мың теңгеге жалға алуға болады. Үш бөлмелі пәтерлерді жалға алудың орташа құны Шымкентте 160 мың теңгеден басталса, Алматыда жарты миллион теңгеге дейін жетеді. Астанада мұндай пәтерлерді бір айға 400 мың теңгеге жалға алуға болады, Ақтөбеде 350 мың теңгеге, Қостанай, Павлодар мен Оралда – 300 мың теңгеге жалға беріледі.  

Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,1%-ке, ай басынан бері жарты процентке, жыл басынан 19,5%-ке өсті. Бірақ арасында арзандаған тауарлар да бар. Бұл енді маусымдық құбылыс болуы да мүмкін. Дегенмен, пияз 3,1%, сәбіз 2,1%, қант 1,8% арзандады. Ал жұмыртқа бағасы 2,2%-ке қымбаттады.

Өткен аптада арзандады:

Пияз – 3,1%

Сәбіз – 2,1%

Құмшекер – 1,8%

Өткен аптада қымбаттады:

Жұмыртқа, І категория – 2,2%