Ұлттық валютаның нығаюынан әлсіреуі тез – сарапшылар

Жыл басынан бері еліміздегі доллар бағамы 10 процентке нығайса, рубль 44 процентке өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – ТМД елдері ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Сарапшылар ұлттық валютаның нығаюынан әлсіреуі тез дейді. Бұған не себеп? Экономика жаңалықтарының шолушысы Мерей Мұратханқызынан білейік.

Жыл басынан бері еуро теңгеге шаққанда 5,2 процентке төмендеген. Есесіне, рубль мен доллар құны біршама шарықтап кетті. Қазақстандық басқару және инвестициялық консалтинг салаларындағы компанияның бас директоры Мұрат Қастаевтың айтуынша, сыртқы экономикалық факторлар елдегі шетелдік валюта бағамына көп әсер етеді.

Себебі біз мұнай мен тау-кен өнімдерін экспорттайтын мемлекетпіз. Импорттың да жағдайға ықпал етері сөзсіз. Сарапшы Капитал іскерлік ақпарат орталығына берген сұхбатында шетелге шығатын туристердің көбеюі де сыртқы валютаға сұранысты арттырғанын мәлімдеді. Мұрат Қастаевтың болжамынша, қысқа қарай бір доллар 460-490 теңге шамасында болады.

Мұрат Қастаев, Қазақстандық басқару және инвестициялық консалтингтік компанияның бас директоры:

- Жалпы валюта бағамына әсер ететін фактор көп. Қазір нақты болжам жасау қиын. Теңге үшін оң не теріс ықпал ететін жағдайларға байланысты бағам да құбыла береді. Сәйкесінше, болжам өзгеруі мүмкін.

ҰБ: ВАЛЮТАЛЫҚ ИНТЕРВЕНЦИЯ ЖҮРГІЗІЛМЕДІ

Қыркүйек айында 1 доллар – 476,53 теңгемен қорытындыланды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 98 млн АҚШ долларынан 91 млн долларға дейін төмендеген. Ал сауда-саттықтың жалпы көлемі 2 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық банк валюта нарығының сыртқы факторлардың қысымында қалғанын атап өтті. Күрделі жағдайға қарамастан, еліміздің бас банкі өткен айда валюталық интервенциялар жүргізбегенін мәлімдеді. Сондай-ақ қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болатынын жеткізген. Ал экономистер теңгені құлдыратпау үшін белгілі бір деңгейде интервенция жасалғанына сенімді.

Мақсат Халық, экономист:

- Көптеген сарапшылар айтады. ҰБ интервенция жасап жатыр деп. Бірақ ҰБ интервенцияны тікелей жасап жатқан жоқ. Бір нәрсені түсінуіміз керек. Ұлттық қордан аударымдар жасалып жатыр ма? Олар доллармен келіп, осы жерден теңге сатып алып жатыр ма? Ол да интервенция, бірақ ресми интервенция. ҰБ тікелей жасамаса да ҰҚ ақша аудару арқылы теңгемізге күш беріп тұрған жағдайы бар.

САУДА ЖЕЛІЛЕРІМЕН МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

Елде азық-түлік бағасын тұрақтандыру маңызды. Осы орайда облыстарда сауда үстемесін 10 процентке төмендету бойынша 40 меморандумға қол қойылды. Бұған дейін Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы мәселе көтеріп, жергілікті билік пен сауда желілері арасында келісім жасау қажеттігін алға тартқан. Министрліктегі сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаевтың айтуынша арнайы рейстрге 100-ден аса сауда желісі тіркелді. Олардың 1500-ге тарта филиалы бар. Әзірге тараптар 40 меморандумды бекітті. Осылайша, Шымкент, Алматы қалаларында, сондай-ақ Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Шығыс, Батыс Қазақстан және Абай облыстарындағы кәсіпкерлер тиісті құжаттарға қол қойды.

Еске салайын, қыркүйекте елдегі ең жоғары инфляция Астанада тіркелді, 2,8%. Бұл республикалық деңгейден 1%-ке жоғары. Ал тұтыну бағалары индексінің құрылымында азық-түлік тауарлары бір айда Маңғыстау облысында көбірек қымбаттаған.

ИНФЛЯЦИЯ ӘУРЕГЕ САЛДЫ

Түркиядағы жылдық инфляция 83,5%-ке жетті. Бұл – соңғы 24 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Елдің статистика институты, әсіресе, көлік саласының күрт қымбаттағанын хабарлады. Бір жылдағы өсім 112%-ке жеткен. Азық-түлік құны 93%-ке өсті.

Тұрғын үй де ай сайын 10%-ке қымбаттап жатыр. Жалпы алғанда жергілікті валюта долларға шаққанда 50%-ке құнсызданды. Қазір мемлекет әлемдегі ең теріс пайыздық мөлшерлемеге ие. Мұндағы инфляцияның өсуі былтырғы күзден бері тіркеліп жатыр.

Сондай-ақ...