Елімізде юаньмен операция жүргізетін банк іске қосылды

Ел аумағында юаньмен операция жүргізу бойынша клирингтік банк анықталды. Шешімді ұлттық банк жариялады. Мұндай бастаманың қытай – қазақ байланысына әсері қандай? Шешімге сай клирингтік банк міндетін Алматыдағы «Қытайдың сауда-өнеркәсіп Банкі» атқарады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қытайдың орталық банкі екі клирингтік қаржы ұйымын анықтады. Оның бірі – Қазақстанда, екіншісі – Лаоста орналасқан. Өткен айда қазақ пен қытайдың бас банктері юань бойынша клиринг механизмін түзуге бағытталған меморандумға қол қойды. Оның негізінде бірқатар міндеттеме жатыр. Жалпы мамандар клирингтік юань операциялары бойынша инфрақұрылымды дамыту тараптар арасындағы байланысты нығайтуға жол ашатынын айтады. Клирингтік банктің қызметі ұлттық валютадағы есеп айырысуларға жаңа серпін береді. Тіпті өзара сауда және инвестициялық қызметтің дамуына ықпал етеді дейді Ұлттық банк өкілдері.

Аида Кұлболатова, ҚР ҰБ халықаралық байланыс департаменті директорының орынбасары:

– Бұл шешім, әсіресе, клирингтік банктің Қытай қаржы нарығына тікелей кіруінің арқасында ұлттық валютадағы трансшекаралық төлемдердің тиімділігін арттырады деп күтеміз. Бұл ретте, ICBC-тің клирингтік банк ретінде тағайындалуы басқа банктердің қытай юаніндегі операциялар бойынша қызметін, оның ішінде қазақстандық банктердің корреспонденттік шоттар ашуын және клиенттерге қызмет көрсетуін шектемейтінін атап өткен жөн.

ҚЫТАЙ-ҚАЗАҚ АРАСЫН ТЕМІРЖОЛ БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ

«Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Қытайға Бақты арқылы теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Біз бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек». Мемлекет басшысы Абай облысына жасаған сапарында осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде «құрғақ порт» пен «логистикалық парк» құрып, көлік дәліздерін дамыту қажеттігін алға тартты. Үкімет те мәселені қарастырып жатыр екен. Тараптар шекарадағы үшінші өткізу бекетін ашу бойынша келіссөздер жүргізіп, түйісетін аумақты белгілеп алған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, жоба 2024-2025 жылдары жүзеге асады. Теміржол аумағы Аягөзден Бақтыға дейін 270 шақырым, ар жағында Қытайдағы Шәуешекпен жалғасып кете береді. Қазақстан теміржолы инвестицияны «Шип о пэй» принципі бойынша тартады. Жобаны іске асыру арқылы тауар тасымалын 20 млн тоннаға дейін арттыруға болады дейді мамандар.

ҚАЗАҚ-ҚЫТАЙ САУДА БАЙЛАНЫСЫ НЫҒАЙДЫ

Биыл екі ел арасындағы тауар айналымы 40 процентке өсті. Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанның сыртқы саудасында Қытайдың үлесі 23 процент болғанын айтады. 7 айда тараптар бір-біріне 13,5 млрд доллардың өнімін сатқан. Еліміз экспортты 52%-ке арттырды.

Атап айтқанда, былтыр 5,3 млрд доллардың тауарын сыртқа жөнелтсек, биылғы үлесі 8 млрд долларға жеткен. Оның ішінде минералды өнімдер сатылымы 85 процентке өсті. Отын-энергетика тауарлары да 2 есе көп сатылған. Ал импорт 5,5 млрд долларға теңесті. Әсіресе, көлік және жабдықтарын 20 процентке артық алдық. Химия және металл өнімдері импорты да еселеп артып жатыр.