Қазақстанда пәтер жалдау бағасы 50%-ке өскен

Ірі қалаларда жалдамалы пәтерге  сұраныс төмендеді дейді сарапшылар. Бұл бағаға қалай әсер етуде? 

Соңғы уақытта қолма-қол ақшаға деген сұраныс 9 есе өсті, бұл банктердің өтімділігіне қысым көрсетеді.

Жылжымайтын мүлік нарығы

Қазақстанда бір жылда пәтер жалдау құны шамамен 50%-ке өсті.  Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, соңғы екі айдағы өсім 30%. Қыркүйекте тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалдау 4 600 теңгеден асты, тамыз айында 4 029 теңге. Республикалық деңгейден баға тек Алматы қаласында жоғары. Ондағы бір шаршы үшін 5 611 теңге төлеу керек. Ең арзаны Қызылордада -бір шаршы үшін 1 797 теңге, Таразда бір шаршы үшін 1 809 теңге және Жезқазғанда бір шаршы үшін 1 845 теңге төлейсіз. Жылжымайтын мүлік нарығында өткен айда баға қатты құбылды. Бірақ кей өңірлерде пәтер жалдау бағасы шарықтап кеткені байқалады. Мысалы, Қыркүйек айында бағалар Қостанайда бірден 42,6%, Петропавлда 27%-ке және Қарағандыда 21%-ке өсті. Елдің оңтүстігінде қатты өзгермеген. Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында жылдық инфляция 17,7%-ті құрады.

Несие шарттары тексеріледі 

1,5 млн қазақстандық несиелерін төлей алмай жүр. Бұл туралы мәжілісмен Юрий Ли айтты. «ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметіне қарағанда, биыл жеті айда екінші деңгейлі банктерге, микроқаржы ұйымдарына және коллектор агенттіктерге қатысты қарызды төлемеу мерзімі 90 күннен асып кеткен борышкерлердің саны 1 520 000 адам болды», - деді Юрий Ли өзінің депутаттық сауалында.  Оның айтуынша, микроқаржы ұйымдарынан қарыз алғандардың саны жарты миллионнан асады. «Атап айтқанда, қарыз алған 10 адамның төртеуі несиесін өтей алмай отыр. Микроқаржы ұйымдарында кредитін төлей алмай жүргендердің үлесі жалпы қарыздың 37% құрады», - деді депутат. Осы орайда Юрий Ли борышкерлерге қатысты барлық құжаттарды тексеріп, микрокредитті рәсімдеу кезінде кеткен қателіктерді анықтауды сұрады. Сондай-ақ, депутат микроқаржылық ұйымдарды проблемалы борышкерлермен ашық әрі тиімді, делдалсыз жұмыс істеуге міндеттеуге шақырды.

Мұнайдан түскен табыс  

Банктер несие алашағын ала алмай жүргенде, ел қазынасы да арзандап жатқан қара алтын салдарынан біраз ақшадан қағылуы мүмкін. Ұлттық экномика министрлігі Brent  маркалы мұнай арзандаса  не болатынын айтты. Ведомствоның мәліметінше, 2022 жылдың бюджеті барреліне 90 доллар бағасымен есептелген. Бұл ретте мұнайдан келетін кіріс 5,7 трлн теңгені құрайды. Баррелдің бағасы 10 долларға өзгерген жағдайда мұнайдан болатын түсім шамамен 600 млрд теңгеге төмендейді. Егер Brent барреліне 50 долларға дейін арзандаса, мұнай түсімдері 3,2 трлн теңгеге дейін төмендейді. Алайда биыл сегіз айда мұнайдың орташа әлемдік бағасы барреліне 105 долларды құрады. Сондықтан бұл көрсеткіш екі есе арзандаса жыл соңына дейін түсім 5,5 трлн теңгені құрайды делінген хабарламада. Айта кетейік, Мұнай секторынан түсетін табыс Ұлттық қорға түседі. Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж салығы Республикалық бюджетке кетеді.

Бюджетке салықтан ₸ 8 трлн түсті  

Бюджет демекші, мемлекеттік бюджеттің кірісі бір жылда 35% -ке өсті. Табыстың 71%-ті салықтан түскен. «Биылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша еліміздің мемлекеттік бюджетіне 11,4 трлн теңге түсті. Табыстың көп бөлігі әдеттегідей салық түсімдерінен алынды. Яғни, жеті айда салықтардан 8 трлн теңге алынған. Оның ішінде табыс салығынан 3 трлн теңге, тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің ішкі салықтары 2,9 трлн теңге,  әлеуметтік салық 567 млрд теңге, меншік салығы 254 млрд теңге болды» деп жазады Finprom.kz.