Еліміз жасыл экономика дәуіріне әзір ме?

Жаһан көміртегінен арылуға ден қойып, атмосферадағы көмірқышқыл газын азайтуға аяқ басқанда, Қазақстан шет қала ма? Ел экономикасының дамуы пайдалы қазба байлықтарына тікелей байланысты. Ал көміртек шығарындыларының 80 пайызы осы секторға тиесілі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміз көміртектік бейтараптыққа 2060 жылы қолжеткізеді. Бүкіләлемдік банк кезекті баяндамасында бұл үрдісті жеделдетуге үндеді. Бүкіләлемдік банктің Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша вице-президенті Анна Бьерде Қазақстанмен серіктестікке иек артып отырғанын жеткізді. Ал алдыңғы қатарлы мемлекеттер көшіне ілесу үшін еліміз пайдалы қазбалардан бас тартып, экономиканың жаңа секторын көбірек инвестициялау қажет. Көмірден кезең-кезеңмен бас тарту үшін халықты басқа салаларға бағыттау да маңызды. Тіпті ауыл шаруашылығын климаттық өзгерістерге бейімдеу керек. Қазір Қазақстан көміртек шығарындылары жөнінен 20-орында тұр. Ал бейтараптыққа алдағы 40 жылда қол жеткізу көзделген. Бүкіләлемдік банк есебінше, жасыл экономикаға түбегейлі көшкен жағдайда елімізде жыл сайынғы экспорт шығыны 250 млн доллардан асады. Мұнай тасымалынан қол үзу арқылы 1,5 трлн доллар жоғалтуымыз мүмкін. Банк өкілдері елге баламалы энергия көздері мен әлемдегі минералды шикізат сұранысын өтеу айтулы нәтиже беретінін атап өтті.

Татьяна Проскурякова, бүкіләлемдік банктің Орталық Азия бойынша аймақтық директоры:

– Қазақстан климаттық өзгерістерге байланысты ұтымды шешімдер дайындап отыр. Бірақ мемлекет үшін экономикалық тиімді міндеттерді алға қою керек. Ауыл шаруашылығы және су салаларында, сондай-ақ энергетика секторында декарбонизациялау бағытындағы нақты бағдарламалар Қазақстан халқының дамуы жолында экономиканы кеңейтудің негізі болуы мүмкін.

ЖАСЫЛ СУТЕГІ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ

Қазақстан мен Еуроодақ Маңғыстауда жаңартылатын энергия көздері мен жасыл сутегін өндіретін орталық құрады. Оның жылдық қуаты 2 млн тонна болмақ. Иә, жоспар ауқымды. Бірақ бұл уақыт еншісіндегі бастама. Әзірге Қазақстан үшін Еуроодақпен өзге салалар бойынша тауар айналымын еселеу маңызды. Әсіресе қазіргі геосаяси жағдай осыны міндеттеп отыр. Экономика ғылымдарының кандидаты Талғат Демесінов елімізге оңтүстік шығыс Азия мен Еуропалық одақты байланыстыратын көпір болуға мүмкіндік мол дейді.

Талғат Демесінов, экономика ғылымдарының кандидаты:

– Экономикамыздың әзірше локомативі болғандықтан, біз мұнай-газ тасымалының альтернативті жолдарын іздеуіміз керек. Бір жолы Қытайға шығатын, екінші жолы Каспий мұнай құбыры болуы керек. Тек мұнай-газ емес, басқа салалардан Еуроодақтың озық технологияларын алуға үлкен мүмкіндіктер туып тұр. 

Оңтүстік шығыс Азия мен Еуроодақты байланыстыратын көпір ретінде өзінің транзиттік потенциалын пайдалану керек.

БАНКАРАЛЫҚ КОМИССИЯ АЗАЯДЫ

Ұлттық банк пен Visa, Mastercard және Union-Pay жүйелері елде банкаралық ішкі ұлттық комиссияны төмендету бойынша келісімге келді. Бірлескен шаралар 2 кезеңде жүзеге асады. Алғашқысы 2024 жылдың қаңтарында, екінші кезеңді 2025 жылдың бірінші қаңтарында іске асыру көзделіп отыр. Оған сай елдегі төлем карталарының халықаралық жүйелері интер-чейндж мөлшерлемелерін бірден 2 есе төмендетуге міндеттеледі. Бұл төлем индустриясының одан әрі дамуына оң ықпал етеді және бизнес субъектілерінің шығындарын қысқартады дейді банк өкілдері.