20 жылда елдегі кедейлік көрсеткіші 9 есе төмендеген

20 жылда елдегі кедейлік көрсеткіші 9 есе төмендеген. Құзырлы министрліктің хабарлауынша, бұған арнайы әлеуметтік қолдаудың артуы ықпал етті.

Енді мамандар цифрлық теңгенің мүмкіндігін осы бағытта сынап көруді ұсынып отыр. 

2001 жылдан бері елде күнкөріс деңгейінен төмен жағдайда өмір сүріп жатқандардың үлесі 47%-тен 5,2%-ке түскен екен. "Әсіресе атаулы әлеуметтік көмектің бұған әсері мол болды", – дейді мамандар.

АӘК ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ТЕҢГЕ

Атаулы әлеуметтік көмекті цифрлық теңгемен көрсету ұсынылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бүгінде 700 мыңға жуық азаматқа осындай қолдау көрсетілді. Бұл жан басына шаққандағы айлық кірісі 70 пайыздан төмен тұрғындар. Десе де сарапшылар мемлекет шығынын азайтып, атаулы көмекті аса мұқтаж жандарға ұсыну қажеттігін алға тартты. Қаржыгерлер ұлттық банк сынап жатқан цифрлық теңгені осы бағытта қолдану оң нәтиже беретінін айтады. Мысалы мемлекет көмектің нақты адамға жеткенін қадағалап отырады. Бюджет шығындары айқын көрінеді. Бастысы көлеңкелі экономика ысырылып, салық айналымы ашық болады. Ал "цифрлық әлеуметтік әмиян" арқылы төлемдерді жедел жасауға мүмкіндік бар. Еске салайын, бүгінде әлемде 105 мемлекет сандық валютаны зерделеп жатыр. 10 елде ол дәстүрлі валютамен қатар қолданылады. Біздің цифрлық теңгенің тағдыры жыл соңына дейін белгілі болады.

ОРТАЛЫҚ БАНКТЕР АЛТЫН ҚОРЫН АРТТЫРЫП ЖАТЫР

55 жылда болмаған көрсеткіш. Алтынға әлемдік сұраныс рекордтық деңгейге жетті. Бүкіләлемдік алтын жөніндегі кеңестің кезекті қорытындысы осындай. Өткен тоқсанда жаһандағы орталық банктер 400 тонна алтын сатып алды. Жалпы қаңтардан бергі сауда-саттық нәтижесінде қор 670 тоннадан асқан. Ресей мен Қытай банкінің алтын қоры нақтыланбады. Олар сандармен бөлісуден бас тартыпты. Үшінші тоқсанда алтын сатып алған қаржылық ұйымдар көшін Түркия, Өзбекстан, Үндістан бастады.

ЖАПОНИЯҒА БИЫЛ 1,5 МЛН ТУРИСТ КЕЛДІ

Жапониядағы туризм жанданып келеді. Бірақ пандемияға дейінгі көрсеткішке жету әлі ерте. Мемлекет шекарасын биыл ғана ашты. Жыл басынан бері мұнда 1,5 млн-нан аса мейман келген. Ал 2019 жылдың қыркүйегінде елде 2,27 млн турист демалған еді. Биыл олардың саны алғаш рет 200 мыңнан сәл асты. Оның көбі Оңтүстік Корея, Вьетнам, АҚШ және Қытай тұрғындары. Жапония үкіметі карантиндік шектеуді әлсін-әлсін бәсеңдетіп жатыр. Жаздан бері гидтің көмегімен жүретін арнайы туристер ғана қабылданған. Қазір ондай шектеу де алынды. "Жапон валютасының құнсыздануы сыртқы туристердің көбеюіне әсер етуі мүмкін", – дейді жергілікті сарапшылар.

 

Сондай-ақ...