Табиғи өнімдер экспорты | Іскер News | 17.11.22.

Кейінгі 20 жылда әлемде табиғи өнімдер өндірісі 7 есе өскен. Әсіресе Батыс Еуропада сұраныс жоғары. Мұндағы халық денсаулығын нығайтуға үлкен көңіл бөледі. Жаһандық нарықтағы Қазақстанның үлесі қандай?

Қазақстан - Еуроодаққа табиғи өнім тасымалдап отырған 123 мемлекеттің алғашқы ондығына кіреді. Еліміз бір жылда экпортты арттырып, 36 млн доллар пайда көрді. Сауда саясатын дамыту орталығының хабарлауынша, сұраныс былтыр көбейген. Әсіресе бидай импорттаушылар белсенді. Олар өнімге 13,2 млн доллар жұмсады. Елдегі 40-қа жуық шаруашылық экспортқа бағытталған өнімдер өндіреді. Дәнді, майлы дақылдар, жем және бал сияқты 26 түрлі тағам бар. Дәрілік шөптерді қайта өңдейтін 19 кәсіпорын жұмыс істейді. Жалпы ауыл шаруашылығы жерлерінің жартысына жуығы және жайылымдардың 70% осы бағытта игерілген. Халықаралық сарапшылардың есебінше, бұл 2 млрд доллардың өнімі. Ал жаһанда органикалық бағыттағы 47 млрд гектар аумақ бар. Бұған дейін оның нарықтағы үлесі 120 млрд еуро болды. Болжам бойынша, алдағы 10 жылда органикалық тауарға сұраныс жыл сайын 8% көбейіп отырады.

Ал еліміз 2025 жылға дейін өңделген тауар экспортын 41 млрд доллардан асырмақ. Межеге жету үшін ауыл  шаруашылығын қаржыландыру жүйесі реформаланады. Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин ең алдымен статистиканы реттеу маңызды деді. Елде сүт тапшы. Енді оның нақты көлемін анықтап, кепілдендірілген тұрақты субсидия бөлуді қарастыру керек. «Тауарлы мал шаруашылығын дамытуға арзан ақша бөлеміз. Ол мал басын арттырып, пайдалы өнім өндіруге жұмсалады», –  деді министр. Мемлекеттік қаржыландыру нақты нәтижені талап етеді. Мәжбүрлі реформа импортты азайтып, ішкі өндірісті жетілдіруге бағытталады. Әрі субсидия қиын кезден қысылмай шыққанша, яғни уақытша берілетін көмек болмақ. Логистикалық кедергілер ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға соққы болып тұр. Әсіресе астық нарығы күрделі бәсекелестікпен күресуге мәжбүр. Министр мұны салалық бағдарламалар арқылы емес,  өңірлердің нақты жоспары арқылы шешу керек деді. Бұл атқарылған жұмыс пен кемшіліктерді бақылап отыруға және жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Елде жұмыртқа өндірісі 4,7% өсті. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 10 айда 4,2 млрд дана өнім өндірілген. Көш басында Ақмола, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Қазір мемлекет бір жұмыртқа үшін 3 теңге төлейді. Бұл көмек өнімнің өзіндік құнының 7% тең. Ал келесі жылы субсидиялау көлемі 12 млрд теңгеге жеткізіледі. Дүкендерде өнімнің 10 данасы шамамен 660 теңге. Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Максим Божконың айтуынша, мұндағы 380 теңге өнімнің өзіндік құны. Фабрикалар оны 460 теңгеден шығарады. Оған 50 теңге қаптама ақысы қосылады. Жеткізу үшін 15% үстеме бар, сатушылар да 15% қосып, пайда көреді. Ал жұмыртқа бағасының 70% жем ақысы кіреді. Оған  3-4% коммуналдық шығындарды қосамыз, шаруалардың несиелік міндеттемелері мен жұмысшыларға төленетін жалақы да өнім бағасына әсер етеді. Қазір ішкі нарық отандық өніммен толық қамтылған. Артылғаны Қытай, Ресей, Тәжікстан, Ауғанстанға экспортталады.

Максим Божко, Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті:

- Еліміздің шығысы мен батысына аздаған жұмыртқа Ресейден келеді. Ол жақта логистика арзан. Біз жеткізе алмайтын өнім шекаралас аймақтардан алынады. Өзіміздің өндірушілердің дені Солтүстік Қазақстан, Алматы және Орталық Қазақстан облыстарында шоғырланған. Шығыс Қазақстандағы фабрика тек ет бағытында жұмыс істейді. Батыстағы нысан жұмысын тоқтатты.