Отбасы банк үкіметтен кредит алады

Отбасы банк мемлекеттен 5,1 млрд теңге несие алмақ.

Республикалық бюджет қаржысы 564 пәтерді ипотекаға беруге жұмсалады. Қаулы жобасымен көпшілікке ашық үкімет порталында танысуға болады. Онда бюджеттік кредиттің баспана кезегінде тұрған азаматтарға жылдық 5 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен тұрғын үйді, оның ішінде пилоттық жобалар шеңберінде сатып алуы үшін алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшін жұмсалатыны айтылған. Банктің өзі несиені 20 жыл мерзімге жылдық 0,15% сыйақы мөлшерлемесімен алады. Қарыз теңгемен беріледі. Үкімет қаржылық ұйымға 80 ай жеңілдік мерзімін ұсынды. Демек, Отбасы банкі қарызын 2029 жылдан бастап жылына млн теңге төлеп өтейді. Несиелеу жұмыстарын қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері жауапты болып бекітілген.

Елде жеңілдетілген автонесие беру жалғасады

Бұл жолы өтініштер тек онлайн режимде қабылданады. Арнайы портал сынақтан өтті. Өндірісті дамыту қоры төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаров жаңашылдық жүздеген азаматтың жеңіл несиемен қамтылуына мүмкіндік беретінін айтады. Бағдарлама негізінде қарыз бұған дейінгі қарыздың қайтарылуы есебінен беріледі.  Түскен ақша игерілгеннен кейін несиелеу қайтадан кідіреді. 2047 жылға дейін револьверлік қаражат көлемі 14,3 млрд теңгеден асады. Міне құзырлы министрлік 20 қарашадан кейін кезекті несиелеу басталатынын хабарлады. Осылайша, 30 жыл ішінде халыққа 4 пайыздық мөлшерлемемен 60 мың жаңа көлік алуға мүмкіндік туады. Бағдарлама бойынша қазақстандықтар отандық темір тұлпарды сатып алуға құқылы. Қазақстан автобизнес қауымдастығының дерегінше, жыл басынан бері елде 98 мыңға жуық жаңа жеңіл көлік сатылған. Былтырғыдан сәл-ақ артық.

Баспананы жалға беру тиімді ме?

Бес жылда елдегі тұрғын үй қоры 13 пайызға өскен. Сатып алынған пәтердің көбі жалға беріледі. Тек оның 60-70 пайызы көлеңкелі нарықта. Тараптардың құжат жүзінде келісімге келуі сирек құбылыс. Мамандар мәселені шешуге болады дейді. Ол үшін жеке және заңды тұлғаларға арналған салық мөлшерін теңестіру керек. Қазір жеке тұлғаларға 0,1-0,5 пайыз, заңды тұлғаға 1,5% бекітілген. Осы ретте Krisha.kz сарапшылары еліміздің қай өңірінде пәтерді жалға беру тиімді екенін зерделеп көрді. 12 қалада зерттеу жүргізген олар 10 жылда баспана ақысын ақтап алу мүмкін екеніне көз жеткізді. Олар есепке қараша айындағы жалға беру ақысы мен екінші нарықтағы баспана бағасын алған. Нәтижесінде Орал, Алматы, Ақтөбеде пәтерді жалға беру кәсібі тиімді екені анықталды. Тек Шымкенттегі көрсеткіш көңіл көншітпейді. Мұндағы бағаға шаққанда пәтер құнын өтеуге 15 жыл кетеді екен. Мамандар баспананы жалға беру үшін сатып алмас бұрын жылдық кірістілікті және нарықтағы үй бағасын ескеру керек дейді.

130 меморандум бекітілді

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын нарықтық бағадан 10 процентке арзан алуға болады. Бұл үшін жергілікті атқарушы органдар мен ірі сауда желілері 130 меморандумға қол қойды. Заңнамада белгіленген 15% мөлшеріндегі сауда үстемесі меморандум шеңберінде 10%-ға дейін төмендейді. Бұл тұрғындарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін қолжетімді етеді дейді Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері. Ал бағаның қымбаттағанын байқасаңыз, министрліктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына хабарлау керек.