Тамаққа қосатын май өндірушілер көмек сұрайды

Е-қонақ ақпараттық жүйесінің келтірген дерегі бойынша елімізге жыл басынан бері 200 мыңнан аса турист келген.

Олардың көбі Алматы, Астана және Қызылорданы таңдапты. Мамандар іскерлік туризмді де дамытуға мүдделі. Ол үшін қандай шара қолға алынып жатыр? 

Іскерлік туризм елшілері

Елімізде "Іскерлік туризм елшілері" тағайындалды. Бағдарлама былтыр қолға алынған. Оның нәтижесінде ел аумағында ұйымдастырылатын халықаралық іс-шаралар көбейді. Мысалы, келесі жылы  Қарағанды қаласында 200 шетелдік делегаттың қатысуымен Изо-Преноидтар жөніндегі 25-нші конференция өтеді. Екі жылдан кейін Астанада 400-ге жуық делагат қатысатын Халықаралық талдау қоғамының дүниежүзілік конгресі, 2026 жылы 1000 адамның қатысуымен геосинтетика бойынша халықаралық конференция өткізілмек. Мамандар елде осындай ауқымдағы шара өткізу абырой екенін айтады. Алайда, сенімді ақтамас бұрын, сол сенімге ие болу  жауапты әрі қиын міндет. "Қазақ туризм" ұлттық компаниясы MICE туризм елшілерінің бағдарламасын осы мақсатта дайындады. Шетелдік іскер меймандарды тарту арқылы күн сайын, кем дегенде, 8 жаңа жұмыс орнын құруға болады. Әрі бұл елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады дейді мамандар. MICE туризм елшілігіне бизнес, мәдениет, спорт және өзге де қоғамдық сала өкілдері тағайындалады. Ал туризм жөніндегі сарапшы Еркін Тикенов цифрлық номадтардың қызметіне жүгінуге кеңес береді.

Еркін Тикенов, туризм докторанты:

Цифрлық номадтар деген жаңа тренд шықты. Түрлі саладағы мамандар қай жерде жүрсе де, іскерлік туризмді дамытуға көмектесе алады. Тек оларға жағдай жасау керек. Олар ірі қалаларда ғана емес, барлық аймақта жұмыс істейді. Жібек жолы бойында тұрған мемлекет үшін сауда байланысын дамыту маңызды. Бұл ретте жергілікті билік цифрлық номадтармен байланыс орнатуы қажет.

Сыртқы туризм

Жаңа жылды отандастарымыз Мысыр, Таиланд, БАӘ мен Мальдив аралдарында қарсы алмақ. Сарапшылар 2022 жылды халықаралық туризмдегі ренессансқа балап отыр. Себебі елде әрбір үшінші турист шекара асқан. Олар негізінен Түркия, Мысыр, БАӘ-іне барыпты. Алғаш рет Алматы-Милан тікелей рейсі ашылғалы Италияға барушылар да көбейген.

Май өндірушілерге көмек керек

Елде рафинадталған май рафинадталмаған өнімнен 4 есе аз өндіріледі. Олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекеттік субсидия қажет. Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер қауымдастығы осындай мәселе көтерді. Қолдау болса, май өнімдерінің экспортын арттыру көзделеді. Бір жылда күнбағыс дәндері экспортынан елге 75,7 млн доллар кіріс түсті. Майдың өзін сатудан келген пайда 104,5 млн доллар. Демек, шикізат түсімінен 38% көп. Қауымдастық жетекшісі Ядыкар Ибрагимов 2026 жылға қарай тазартылған майды өндіру қуатын тағы 30-35% арттыру жоспары барын айтты. Бұл экспорттық кірістілікті арттырып қоймай, ішкі нарықтағы бағаның тұрақты болуын қамтамасыз етеді.

Инфляция бәсеңдейді

Баға демекші, алдағы бірнеше айда әлемдегі инфляция бәсеңдейді. Қазір ол шарықтау шегіне жеткен. Мамандар логистика мәселесі де шешілетініне сенімді. Бұл орталық банктердің саясатын қайта қарауға мүмкіндік береді. Мудис аналитикс сарапшылары жаһандық инфляция қазанда рекордтық деңгейге жеткенін айтады. Жаһандық нарық бойынша экономистер тауарлық шикізатқа сұраныс азаюына орай, баға да төмендейтінін айтады.

Криптонарық

Бір жылда миллионер криптоәмияндардың саны 80%-ке қысқарды. Онда құны 1 млн доллар болатын биткоиндар сақталады. Міне сандық валюта бағамы құлдырағалы олардың үлесі 90 мыңға дейін азайған. Соңғы есепке сүйнесек, қазір 23 мың миллионер әмиян бар. Былтыр осы уақытта көрсеткіш 113 мыңға жуықтаған. Ішінде жоқ дегенде бір биткоины бар әмияндар саны рекордтық деңгейге, яғни 952 мыңға жеткен. Бос әмияндар да сиреп жатыр. Соңғы рет мұндай тенденция былтырғы көктемде тіркелген еді. Қазір биткоин бағамы әлі де төмендеп жатыр. 376 күнде сандық валюта 78%-ке құлдыраған.