Кредиті бар кейбір азаматтардың қарызы кешірілуі мүмкін

Елде несиесін бір жыл бойы төлемегендердің қарызы жойылады.

Бұл жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң жобасында көрсетілген мүмкіндік. Құжат жақында депутаттар талқысына ұсынылады. Демек, борышкерлер түгелдей міндетінен құтыла ма? Оларға қандай талап қойылады? Экономика жаңалықтарының шолушысы Мерей Мұратханқызынан білейік.

Кейбір борышкерлердің қарызы кешірілуі мүмкін

Проблемалық қарызы бар қазақстандықтардың 96 пайызы кепілсіз несие алғандар. Демек, олардың дені банкроттық туралы заңның игілігін көре алады. Қарыз жойылуы үшін өтелмеген сома 5 млн теңгеге дейін болуы керек. Сондай-ақ, соттан тыс банкроттық рәсімін табысы күнкөріс деңгейіне жетпейтін азаматтар пайдалана алады. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов борышкердің мүлкі болмауы керектігін ескертті. Кіріс пен мүліктің бар-жоқтығы электронды үкімет порталы арқылы айқындалады. Демек, мүліктің есебін жүргізетін барлық уәкілетті мемлекеттік орган деректер базасын біріктіреді. Осыдан кейін банктер есеп айырысу шоттары бойынша ақша қозғалысын жүзеге асырады. Соттан тыс банкроттыққа банк, микро қаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін. Өтініш бойынша шешімді жарты жыл күтуге тура келеді. 

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Мысалы, ендігі жылы заңнама жұмыс істесе, 2023 жылы ол банкрот болып табылатын болса, келесі процедураға ол 7 жылдан өткеннен кейін жүгінуге мүмкіншілігі бар. Банкроттықтан кейін үш жыл ішінде қаржылық жағдайы мониторинг жүргізеді. Мұндай тәжірибе басқа Еуропа елдерінде де жүргізіліп отырады. Себебі әдейілеп жасалған банкроттық процедурасын тексеру үшін сондай тәсіл қолданылады.

Жылдық инфляция 20% жуықтады

Өкініштісі, елде азық-түлікті несиеге алатындар көбейді. Жылдық инфляция 19,6% құрады. Осы уақыт аралығында азық-түлік тауарларының 24%-ке, азық-түлікке жатпайтыны 18,6%-ке, ақылы қызметтер 14%-ке өскен. Жыл басынан бері тұтыну бағаларының индексіне шаққанда азық–түлік тауарларының үлесі 40,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 30,2%, ақылы қызметтер 29,1% болды. Қараша айында қияр мен қызанақ, жұмыртқа, пияз, күріш, жаңа піскен жеміс, сүт және кондитер өнімдері қымбаттады. Тек сәбіз бен қант шамамен 2 пайызға арзандаған.

Жүк тасымалдаушылар айыппұлдан босатылады 

«Қазақстан темір жолы» компаниясы жыл соңына дейін жүк тасымалдаушыларға салынатын айыппұлды алып тастамақ. Бұл қараша-желтоқсан айларында астық пен ұнды ел ішінде және экспорттық бағытта тасымалдау өтінімдерін орындамағандарға қатысты. Бұған вагондар паркінің артуы мен иесіз қалған поездардың көбеюі әсер еткен. Егін ору науқаны басталғалы трейдерлер мен ұн өндірушілер вагондардың жетіспеушілігіне шағымданып келеді. Мәселе қазанның ортасына қарай шешілуі тиіс еді, қыс түсті сең қозғалған жоқ дейді олар.