Елде көлеңкелі экономиканың үлесі төмендеп келеді

2025 жылға қарай көлеңкелі экономиканың үлесін 15 пайызға дейін төмендету керек.

Бұл Президент жүктеген міндеттің бірі. Елде соңғы 4 жылда тиісті көрсеткіш 29-дан 19 жарым пайызға дейін кеміді. Нәтижесінде бюджетке 2 трлн теңге  көлемінде қосымша табыс түсті. Бұл көп кәсіпкердің көлеңкеден шығып, төбе көрсетіп жатқанын аңғартса керек.

Елдің экономикалық қауіпсіздігін сақтау үшін бірінші кезекте көлеңкелі кәсіпкерлікті тыю керек дейді сарапшылар. Кәсібін жасырын дөңгелетіп жүрген заң бұзушылар әдетте салық төлеуден жалтарады. Салдарынан мемлекет негізгі табысынан айырылып отыр. Алаяқтықтың бұл түрі көбіне жылжымайтын мүлік, қызмет көрсету, тұрмыстық техника мен көлік жөндеу және ауыл шаруашылығы салаларында жиі кездеседі. Әсіресе, базарларға контрабандалық жолмен жеткізілетін тауар көп. Әккілерді әшкерелеу үшін Қаржы министрлігі Ұлттық бақылау жүйесін пайдаланады. Бұл тетік импорттаушыдан бастап тұтынушы қолына түсетін өнімдерді анықтайды. 

Ержан Мұстафин, ҚР Қаржы министрлігінің цифрландыру департаменті басқармасының басшысы:

- "Астана 1" кедендік әкімшілендіру жүйесін енгізгелі бері 1 минут ішінде декларациялардың 80 пайызы автоматты түрде шығарылады. Бұл арқылы мамандар бақылауды қажет ететін орындарды тез анықтайды. Мәселен, тауарлардың өзіндік құнына қосылатын салық көлемі 1,5 есе өсті.

2017 жылы ел қазынасына 533 млрд теңге табыс түссе, 2019 жылы бұл көрсеткіш екі жарым есе өсіп 1 трлн 200 млрд теңгеге жетті. Кедендік бақылаудың сапалы болғаны жақсы, бірақ кәсіпкерлерге де қолайлы жағдай жасау керек. Салық тәртібі мен несие ұсыну саясатын жеңілдету қажет, дейді қаржы талдаушысы Ерлан Бейсенбаев.

Ерлан Бейсенбаев, қаржы талдаушысы:

- Бейресми жұмысбастылықты назардан тыс қалдыруға болмайды. Базарларды бақылауды күшейту керек. Саудагерлерді салық төлеуге міндеттеу қажет. Алматыдағы «Алтын орда» базарын мысалға алсақ жетіп жатыр. Естуім бойынша ел қазынасы жоғарыда аталған сауда орындары бойынша шамамен 1 трлн тг көлеміндегі салық түсімінен қағылып отыр.

Қылмыс әлемін де қаперге алу керек. Атап айтсақ, есірткі тасымалы, жезөкшелік, браконьерлік, контрафактілі өнім өндіру, сыбайлас жемқорлық және заңсыз жолмен тапқан ақшаны сыртқа шығару. Түрлі құйтырқы әрекеттерді пайдаланып, байығандар енді заңсыз жолмен қол жеткізгенін елге қайтарып жатыр. 

Биыл 12 шілдеде Президент қол қойған "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару" құжаты осыған жол ашты.

Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Осы жұмыстың арқасында 587 млрд тг қайтарылды. Мұның артында қомақты жұмыс болғанын айтуымыз керек. Себебі басқа шет мемлекеттерде орналасқан дүние-мүлікті қайтару халықаралық заң аясында келтірілді. Енді мұның бәрі халық игілігіне пайда болатынына сенімдімін.

Активтер Лихтенштейн, Гонконг, Австрия және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдерден қайтарып алынды және бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Серік Қоңырбаев