Оңтүстік өңірлер онлайн саудада озық
Елде онлайн сауданың көрігі қызып тұр. Әсіресе дайын асқа тапсырысты жиі береді екен.
Былтырдың өзінде бұл сектордағы сауда айналымы 66 млн долларды құраған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 26 пайызға артты. Data insight Қазақстандағы онлайн сауда нарығын зерттеп, осындай қорытындыға келіпті.
Елдегі онлайн сауданың көшін күнгейдегі халық бастап тұр. Интернет нарықтың 47 пайызы Алматы, Шымкент шаһарлары мен Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарының үлесінде. Онлайн сауданың 30 пайызын Батыс пен теріскейдегі тұрғындар еншілесе, орталық пен шығыс қазақстандықтар мұндай сатып-алуға енжарлық танытады. Мұны мына картадан байқауға болады.
Data insight жүргізген зерттеуге сүйенсек, интернеттегі белсенді халықтың 23 пайызы соңғы бір жылда орта есеппен 30 рет сауда жасаған. Бұл ретте ас-суға тапсырыс беру, азық-түлік, кино мен концерт билеттері, автобус-такси қызметі есепке алынбағанын айта кеткен жөн.
Жалпы, отандық онлайн сауда логистикасының нарығы 135 млрд АҚШ долларына жуықтайды. Елдегі онлайн сатып алушылардың саны 5 млн-ға таяған. Бұған логистикалық процестің дамуы мен жеткізу қызметінің жақсаруы себеп. Осы себептен қазақстандықтар интернет арқылы сауда жасауға қорықпайды. Дегенмен, сарапшы пікірінше салада мәселе жоқ емес.
Цитата: Сергей Семко, Data Insight сарапшысы:
- Қазақстандағы инфрақұрылым мәселесінде біраз қиындық барын аңғарамыз. Елдегі магистральдер жақсы дамыған. Тауарды қабылдап, табыстайтын бекет саны артып, курьер тасымалы реттелгенімен, қойма тапшы. Нарық өсуге дайын-ақ. Бірақ логистикадағы кемшіліктер мен инвестицияның жетіспеуі тұсау боп тұр. Бұрынғы даму қарқынын қалпына келтіру үшін бірқатар шешім қабылдаған жөн. Атап айтқанда, стратегия әзірлеп, оны орындауға қажет ресурспен қамтамасыз еткен абзал.
Онлайн саудадан бас тарту себептері
Дегенмен, елдің бәрі бірдей онлайн саудаға құмартпайды. Интернет арқылы сауда жасаудан бас тартқан халықтың 44 пайызы тауарды көзбен көріп, қолмен ұстап білуге тырысады. Кейбірі дүкеннен алу тез әрі ыңғайлы деп санаса, өзгелері алаяқтарға ұрынып қалудан сақтанады. Енді бірі дүкен аралағанды көбірек ұнатады.
Үш мегаполис халқының несиесі көп
Онлайн саудамен қатар, онлайн несие алу жолдары жеңілдеген. Ұлттық банктің мәліметінше, 2023 жылдың басында жеке тұлғаларға 14 трлн теңгеден астам қарыз берілді. Ал депозитке ақша салғандардың қоры 13 трлн 300 млрд теңгеге жуық. Демек, банктегі салымнан гөрі, халықтың берешегі артып тұр. Экономика зерттеу институты жүргізген талдау бойынша, несие алушылардың көбі Астана, Шымкент қаласында шоғырланғаны анықталды. Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Алматы және Жетісу облыстарының халқы депозитке ақша салғаннан гөрі, несие алуға бейім. БҚО, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында несие мен депозиттің үлесі тең.
Азамат Сәменов, аймақтық зерттеу орталығы директорының орынбасары:
- Мысалы, Түркістан облысында депозиттегі 1 теңгеге несиенің 4 теңгесі келеді. Яғни, мұндағы арақатынас екі де бір. Демек, депозитке ақша салғаннан гөрі, несиені көбірек алады. Ал Солтүстік және Орталық өңірлерде арақатынас бір де бір. Себебін сараптай келе, мынадай тұжырымға келдік: бұл халықтың жас ерекшелігіне байланысты болуы мүмкін. Солтүстік өңірлерде 63 жастан асқандар көп. Яғни, зейнеткерлер ақшаларын банк пен депозитте сақтайды.
Несиенің қамытын кигендердің қаржылай қиналатыны рас. Халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін осы бір несиеден құтылу үшін қайтпек керек? Банк ісі жөніндегі сарапшы Нұржан Бияқаевтың жауабы мынадай.
Нұржан Бияқаев, банк ісі жөніндегі тәуелсіз сарапшы:
- Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі барлық банк пен микроқаржы ұйымдарының берешек жүктемесін жаппай тексергені дұрыс. Заң бұзу деректерін анықтаған соң, тиісті жауапкершілікке тарту қажет. Сонда ғана мұндай заң бұзушылыққа тоқтау салынады. Негізі осы күнге дейін бірталай шаруа атқарылды. Ұлттық банктің қаулысы бар, банктер мен микроқаржы ұйымдарына қатысты заңға біршама өзгерту енгізілген. Енді осы заңдағы 10-12 норманы қатаң ұстануымыз қажет. Сондай-ақ, банктер мен микроқаржы ұйымдары несие алу жасын 21-ден - 63 жасқа дейін белгілеу керек деп есептеймін.
Банк секторы тұрақты дамиды
Дегенмен, алдағы уақытта бөлшек несиенің үлесі азаяды. Қазақстандық қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары осындай болжам жасап отыр. Себебі келер жылы банк пен микроқаржы ұйымдарының қызметі қатаң қадағаланады. Өйткені, несие алғандардың саны көп. Корпоративті несиелеуге тоқталар болсақ, бұл жерде қарыз беру ұлғайғанын, елдегі макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалады. Сондықтан, сарапшылар банк секторының тұрақты дамуы жалғасатынын айтады.
Жыл аяғына дейін төл валютамыз тұрақты болмақ. Жаңылмасам, қаңтардың басында бір доллардың құны 468 теңге шамасында. Дегенмен, жаңа жылда теңге біраз қысымға ұшырауы мүмкін деген де болжам бар. Әліптің артын бағайық. Бұл -нарық!