Орталық Азия экономикасында оң динамика бар
Орталық Азия елдерінің экономикалық дамуында оң динамика байқалады.
Бұл туралы Еуропа қайта құру және даму банкінің соңғы баяндамасында жазылған. Биыл өңірде экономикалық өсім 5,4 пайызға дейін баяулағанымен, келер жылы 5,9 процентке дейін өсуі тиіс.
Баяндамаға сәйкес, кейінгі екі жылда Орталық Азияда көлік пен логистикаға, сондай-ақ экспортқа бағытталған өндіріске құйылатын жеке және мемлекеттік инвестиция көлемі артқан. Жалақының өсуі мен туристердің көбеюі нәтижесінде тұтынушылық сұраныс та ұлғайған. Өңірдегі барлық елде инфляция бір таңбалы санға дейін төмендеп, орталық банктер қаржы-несие саясатын өзгерте бастады. Сонымен қатар, су мен электр энергиясы тапшылығын шешу, көлік-логистика және шекараны бақылаудағы ынтымақтастықты нығайту арқылы аймақта сауда-саттық көлемі де еселенді.
ЖІӨ көрсеткіші 6% өсті
Өзбекстан
Көрші Өзбекстанда былтыр жалпы ішкі өнім 6 пайызға өскен. Оған банктік несиеге қатысты операциялардың көбейіп, шетелдік туристердің артуы ықпал еткен. Бұл туралы Халықаралы валюта қор сарапшылары мәлімдеді. Жергілікті халықтың жағдайы жақсаруы нәтижесінде 2021-жылдан бері кедейлік 17 пайыздан 11 процентке дейін азайған. Мамандар энергетика мен мемлекеттік кәсіпорындар саласындағы реформалардың арқасында Өзбекстанның экономикалық дамуына қатысты оң болжамдар жасап отыр. Бірақ электр энергиясы мен газ бағасының өсуінен жыл соңына таман инфляция деңгейі көтерілуі мүмкін екенін ескертеді. Оның алдын алу үшін қатаң макроэкономикалық саясат пен құрылымдық реформаларды жағастыруға кеңес береді.
Орталық Азия - инвестиция үшін тартымды аймақ
Жалпы сарапшылар Орталық Азия елдеріндегі экономикалық даму қарқыны күшейе түсе деп пайымдайды. Қазір өңір жаңа стратегиялық маңызды аймаққа айналып келе жатыр. Өйткені мұнда маргенец, хром, қорғасын секілді маңызды материалдардың ірі қоры орналасқан. Әсіресе Қазақстанның сирек кездесетін металдар нарығындағы рөлі арта түсті. Бұл технологиялық және өнеркәсіптік нарық үшін аса маңызды. АҚШ пен Еуроодақ елдері аймақтың тау-кен жобаларына инвестиция құюға ниет танытып отыр. Сондықтан мамандар Орталық Азия елдеріне табиғи ресурстарды басқарудағы іс-әрекеттерін үйлестіріп, инфрақұрылымын жақсартуға кеңес береді. Сонда аймақтың әлемдік аренадағы беделі одан да арта түсетінін айтады.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева