Қазақстанда бензин қымбаттамайды

1 қазаннан бастап Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарына байланысты бір айға жұмысын тоқтатады.

Бұл жылына бір рет жүргізілетін жоспарлы жөндеу жұмыстары. Бұған дейін наурыз айында Шымкент мұнай өңдеу зауыты, маусым-шілде айларында Павлодар зауыты жөндеуден өткен еді. «Қазмұнайгаздың» ақпаратына сүйенсек, аталған іс-шаралар технологиялық қондырғылардың алдағы уақытта іркіліссіз қызмет етуін қамтамасыз етеді. 

ЦИТАТА

Жоспарлы алдын алу жұмыстары кезінде Атырау мұнай өңдеу зауытында технологиялық жабдықтар мен құбырлардың өнеркәсіптік қауіпсіздігін техникалық куәландыру, тексеру және сараптау жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ зауыт тоқтаған кезде реакторлық жабдықтың катализаторларын ауыстыру жоспарланған. Жоспарлы алдын алу жұмыстарына 2 мыңнан астам қызметкер, 70-ке жуық арнайы техника жұмылдырылады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметі

Елде бір айға жететін жанармай қоры бар 

Осы орайда елдегі сұраныс көлеміне келсек. 

Қазір АИ-92 маркалы бензинге жылдық сұраныс  4,5 млн тоннаға жуықтап отыр. АИ-95 бензинінен сұраныс – 1 млн тонна. Сонымен қатар ішкі нарыққа 5,6 млн тонна дизель отыны, 960 мың тонна авиаотын қажет.  

Ал елдегі үш зауыттың бірі жабылса, жанармай тапшылығы туындамай ма деген сұрақ туады. Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша елде мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті. Және Шымкент пен Павлодардағы зауыттар жұмысын штаттық режимде жалғастырып, өнім қорын толықтырып отырады. 

Сұлтанбек Сәдуақасов, ҚР Энергетика министрлігі басқармасының бас сарапшысы

- Еліміздегі мұнай өнімдеріні қорлары келесіні құрайды: ол 92-ші маркалы бензин бойынша 293 мың тонна қор бар. Яғни ол – 28 күндік қор. Және 95-ші маркалы бензин бойынша 61 мың тонна қорымыз бар. Ол 23 күнді құрайды. Және дизель отыны бойынша 480 мың тонна қорымыз бар. Ол 28 күнді құрайды. Және осылайша еліміздегі жанар-жағармай қоры жеткілікті және үздіксіз толықтырылуда. 

МҰНАЙ ӨНІМДЕРІНЕ СҰРАНЫС

АИ-92 – 4,44 млн тонна

АИ-95 – 1 млн тонна

Дизель отыны – 5,6 млн тонна

Авиаотын – 960 мың тонна

Бензин қымбаттамайды

Жыл басында мұнай өңдеу зауыттарына арнайы жоспар беріледі. Биылғы жоспар бойынша Атырау зауыты 5,5 млн тонна мұнай өңдеуге тиіс. Павлодардағы зауытта 5 млн 450 мың тонна мұнай өңдеуден өтеді. Шымкент зауыты 6 млн тоннаға жуық мұнайды кәдеге жарату міндеттеліп отыр.

Жауапты министрлікте Атырау мұнай өңдеу зауытының тоқтауы бағаға әсер етпейді деп хабарлады. Яғни бекітілген шекті бағаға сай АИ-92 бензинінің құны 205 теңгеден, дизель отынының бағасы 295 теңгеден аспайды.

Мұнай өңдеу жоспары

Атырау МӨЗ – 5,5 млн тонна

Шымкент МӨЗ – 5,8 млн тонна

Павлодар МӨЗ – 5,4 млн тонна

Сұйытылған мұнай газы тапшы

Дегенмен, елде сұйытылған мұнай газының тапшылығы бар. Мұны Энергетика министрінің орынбасары Әлібек Жамауов айтты.  

Әлібек Жамауов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

- Қазіргі таңда сұйытылған мұнай газының тапшы деңгейі шамамен 20 пайыз ішкі нарықта. Расын айтқанда, сұйытылған мұнайдың бағасы кезең-кезеңімен өседі. Биыл өсті 5-8 теңгеге. Келесі жылы да өседі. Шамамен сол 10 теңгенің жобасында өседі.   

Вице-министрдің айтуынша, 2030 жылға қарай тапшылық болмайды. Себебі қазір Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында ауқымды жобалар қолға алынып жатыр.