Ұлытау облысында 3800-ден астам адам жұмыспен қамтылды

Биыл Ұлытау облысында жұмыссыз жүрген 6 мыңға жуық тұрғынның жартысынан астамы екі қолға бір күрек тапты.

Бұл өңірдегі мансап орталықтарының жүйелі жұмысының нәтижесі. Орталық жұмыссыздарға кәсіптік бағдар беріп, оқытумен айналысады.

Ұлытау облысында мұғалімдер мен дәрігерлер жетіспейді. "Еңбек.kz" порталында 500-ден астам бос жұмыс орны бар. Бірақ жұмыссыз ретінде тіркелген 2 мың адамның оған мамандығы сәйкес келмейді. Сондықтан олар қайта оқудан өтіп жатыр. Облыстық еңбек мобильдігі орталығының директоры Айдар Қойшыбаевтың айтуынша биыл 90-ға жуық тұрғын осы мүмкіндікті пайдаланып тұрақты жұмыс тапқан. 

Айдар Қойшыбаев, облыстық еңбек мобильдігі орталығының директоры:

- Мұнай мамандықтары бойынша жұмыс жоқ. Геологтарға жұмыс тауып беру қиындау. Себебі облысымызда ол мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары жоқ. Переподготовка оқытып, басқа жұмыс орындарына жіберіп жатырмыз. Және де Skills Enbek порталында 200-ге жуық мамандық бойынша тегін онлайн 14 күн көлемінде оқу оқып, сертификат алып. Сол сертификатпен жұмысқа өтінім беріп, тұрақты жұмыспен қамтылса да болады.

Мансап орталықтарына жүгінгендерге субсидияланған жұмыс орындары да ұсынылады. Мұнда «Жастар тәжірибесі», «Әлеуметтік жұмыс орыны», «Қоғамдық жұмыстар» және 50-ден асқандар үшін "Күміс жас" секілді бірнеше бағыт бар. Биыл 2700-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Оған республика қазынасынан 800 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыс уақытша болса да, кейін тұрақты орналасып қалуға мүмкіндік бар.  Солардың бірі - жезқазғандық Ақжүніс Тағыбергенова. Жас маман мектепке дейінгі  білім беру орталығына жолдама алды. 

Ақжүніс Тағыбергенова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Жолдама арқылы 2023 жылы тамыз айында жұмысқа орналастым. Қазір дамыту орталығында тұрақты түрде жұмыс жасаймын. Әрі қарай да мен өз мамандығымды одан сайын жалғастырам деп ойлаймын.

Ақжүністің әріптесі Айбибі де осында мансап орталығы арқылы орналасқан. «Жастар тәжірибесі» жобасын аяқтап, болашақта тұрақты жұмыс істеуді жоспарлайды. 

«Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» де аймақтағы еңбек нарығын реттеуге септігін тигізіп келеді. Биыл бұл шара 30 рет өткізілді. 140-тан астам облыс тұрғыны өзіне қолайлы жұмыс тапты.

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов